Саясат

Бітпейтін кеңес, таусылмайтын реформа

Бізде не көп, кеңесетін орган көп. Сондай үлкен жиынның бірі осыдан екі күн бұрын елордада болып өтті.

Jasalash.kz

Бірақ Күлтөбенің басында күнде болатын, қарапайым халыққа пайдасы жоқ жиынға жиыла бергеннен не ұтамыз?

      Біздің айтып отырғанымыз, елордада өткен Реформалар жөніндегі Жоғары Кеңестің үшінші отырысы. Жиында Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын әзірлеу, мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі, мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, 2021-25 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары, сондай-ақ жедел реформалар пакеті қарастырылды. Кеңесте өткен жиын баспасөз бетінде ресми түрде ғана баяндалды. Анық-қанығы ашық айтылған жоқ. Ал кеңесте билік қабылдаған ұлттық даму жоспарында не бар? Мұндағы жедел реформалар пакеті дегеніміз не? Оның аясына не кіреді? Мұның бәрі халыққа түсініксіз күйде қалды.

       Енді әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің қатарына кіру мақсатында елімізді одан әрі дамыту үшін алдағы бес жылда, негізінен, үш бағытта дамиды екенбіз. Атап айтқанда,  институттардың сапасын жетілдіру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, мықты экономика құру. Дұрыс, түсінікті делік, бірақ билік өзі жиі айтып жүрген саяси реформалар бағыты қайда қалды, сонда?! Бір нәрсе түсінікті болды, ескі жүйеден қалған жаттанды, «алдымен – экономика, сосын – саясат» атты таптаурын болған ұранды дамыту одан ары жалғаса береді. Демек, билік қоғамның саясилануын қаламайды. Қоғам, сана саясиланса, халықтың биліктен талап ету процесі күшейеді. Сондықтан да Реформалар жөніндегі Жоғары Кеңестің үшінші отырысында саяси мәселелер тағы да қалыс қалды деуге болады. Өйткені кеңесте отырғандар – тек қана биліктің өз өкілдері. Нақты айтсақ, премьер-министр Асқар Мамин, президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғановалар. Кеңеске қоғамдық сарапшылар, ұлттық экономиканың бүге-шігесін жақсы білетін, айтары бар, аузы дуалы азаматтар қатыстырылған жоқ. Биліктің атқамінерлерімен өткен кеңес «халықтық арман-ой, мақсатына лайықталған» деп толыққанды пайым жасау қиын.

        Осындайда еске түседі, осыдан он шақты жыл бұрын Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов Қазақстанға келген сапарында өз елінде шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызға жеткенін мақтана мәлімдеген. Ал бізде ше? 29 қаңтар күні өткен Реформалар жөніндегі Жоғары Кеңестің үшінші отырысында 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 35 пайызға дейін жеткізу ұсынылды. Барымыз осы. Отыз жылда елдегі шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 30 пайызға да жетпеген. Кейбір дамыған еуропалық елдерде шағын және орта бизнес 50-70 пайыз шамасында. Ақиқаты, жеке бизнесі бар азаматтар үкіметке алақан жаймайды. Өз күнін өзі көреді. Тәуелсіздік алған 30 жылда халықтың жеке бизнесін дамытуға мүмкіндік бере алмаған мемлекет алдағы бес жылда, 2025 жылға дейін не істей алады?!

       Кеңесте қазақстандық азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұлғайту ұсынылды. Ақиқаты, билік атап көрсеткен 75 жасқа жету үшін, біріншіден, халықтың әл-ауқаты артуы тиіс. Екіншіден, экономика  қарқынды дамуы тиіс және оның даму деңгейі алдағы бес жылда төмендемеуі тиіс. Үшіншіден, медицинадағы сапалы қызмет жоғары болып, халық салауатты өмір салтын қалыптастыруы тиіс. Індеттен іргесін аулақ сала алмай отырған Қазақстан мұны жүзеге асыра ала ма? 

       Кеңесте алдағы бес жылда тағы жекешелендіру процесі жүретіні айтылды. Кеңесте толықтай немесе жартылай жеке бәсекелестік секторға өтетін ұйымдардың саны 176-дан 736-ға дейін ұлғаятыны атап көрсетілді. Сонда Қазақстанда сатылмаған, жекешелендірілмеген не қалды? Ең қиыны, халықты алаңдататыны да мына нәрсе: жекешелендірудің соңы жеке монополиялардың пайда болуына әкеп соғуы әбден мүмкін. Жекешелендіру кезінде ашықтық пен әділдік болмаса, мұндай жағдай, әрине, қоғамның наразылығын тудырады. Билік мұны ескеріп отыр ма?

       Реформалар жөніндегі кеңесте президент «Халықтық IPO» бағдарламасын қайта жаңғыртып, акцияларды ең алдымен жеке тұлғаларға, яғни Қазақстан азаматтарына сату керегін айтты. «Еліміздің әрбір азаматында ұлттық байлықтың бір бөлігін иелену мүмкіндігі болуы қажет»  деп атап көрсетті. Бір нәрсе айқын: жекешелендіру процесіне қарапайым халық қатыса алмайды. Өйткені халық жалақысымен ғана күн көріп отыр. Мемлекеттік мекеменің активтерін сатып алуға олардың қаржысы жоқ. Құнды қағаздар туралы ойлау олар үшін арман күйінде қала бермек. Бір ғана мысал, осыдан сегіз жыл бұрынғы дерекке назар аударар болсақ, «ҚазТрансОйл» АҚ-ның бір қарапайым акциясының құны 725 теңге болды. Оған 10 мыңнан аса адам қатысты. Ал енді таразылап көрелік, 2012 жылғы жасалған «Халықтық IPO» бағдарламасы арқылы байып, шекем шылқып отыр» деген бір адам бар ма, қазір?! Құнсыз акция құрдымға кетті. Байыған бірі де жоқ. Бұл бағдарлама халықтың қолындағы артық ақшасын жинап алу үшін ғана жасалды. Қазынаға салық түсімі азайып отырған шақта бүгінгі билік бұл бағдарламаны роуд-шоу ретінде  тағы да жүзеге асырмақ.

       Анығын айтқанда, Реформалар жөніндегі Жоғары Кеңестің жоспары ашық түрде бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілген жоқ. Халықпен бірге талқыланбаған, азаматтық қоғам мен оппозициялық саяси ұйымдардың пікірі ескерілмеген бұл жоспар әл-ауқатымызды арттырып, экономикамызды өрге сүйрей ала ма? Көкейде қалған күмән көп.

Батыр Жасұлан
Тегтер: Без Тега