Саясат

Біздің Үкімет Алдаркөсені шаң қаптыратын түрі бар

Digital Almaty форумында қисынға келмейтін әңгіме айтылды. Үкімет басшысының айтуынша, қазақстандықтардың 90 пайызы интернетпен қамтылған көрінеді-мыс.

Jasalash.kz

Тіпті осындай  көрсеткіштің  арқасында  алдағы уақытта 5G желісіне  қосылу   қиындық  туғызбайтын  көрінеді. Маминнің аузына – май, астына – тай. Үкіметбасының  айтқанына  қарасақ,   интернет  желісі  саласы  бойынша әлемдегі  жүздеген  елдің  алдына  түсіп,  дара  шауып  бара  жатқан  секілдіміз.  Алайда үкіметбасының  айтқандары   шынайы  өмірмен   сәйкес  келіп  тұр  ма?  Мәселе  осында.

       Ақиқатында, Қазақстандағы ең басты проблемалардың бірі интернет желісі екені пандемия өршіп тұрғанда анық білінген еді. Шалғай ауылдағы оқушылар мен ұстаздар интернет желісінің нашарлығынан қауіпті кезеңде мектепке баруға мәжбүр болды. Ал кейбір елді мекеннің тұрғындары байланысқа шығу үшін үйдің төбесіне болмаса белгілі бір төбешіктерге шығып, әуреленіп жүргендері әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын. Бұл жағдай әлі де бар. Өзгеріп кеткені  шамалы. Соның салдарынан ауыл халқы интернеттің жоқтығынан, байланыстың нашарлығынан «Электронды үкімет», денсаулық саласына қатысты Damumed, білім саласына қатысты да қажеттіліктерге қол жеткізе алмай келеді. Үкімет басшысы болса кешегі форумда бұл жайында шімірікпестен «Пандемия Қазақстанның экономикасы тұрақты екенін көрсетті. 2020 жылы Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша 29-орынға тұрақтады» дейді. Осы пікірі арқылы халықты ақымақ етіп көрсеткісі келді ме, әлде өзінің өтірік жобасын тықпалаған түрі ме?

Осы мәселеге қатысты саясаткер, журналист Ермұрат Бапи елімізде интернет түгіл, ауылдық жердегі көптеген елді мекендерде ауызсудың жоқ екенін айтады. «Интернет мәселесіне келетін болсақ, ауылдық жерде әрі Қазақстанның басқа аймақтарында интернет түгіл, ауызсу жоқ. Интернет туралы айтпай-ақ қояйық, тіпті радио торабы мен телефон стансасы жоқ. Ол құрыған. Сондықтан 90 пайыз интернетпен қамтамасыз ету деген бос әңгіме», – дейді.

  Саясаткердің сөзіне сай, елімізде шалғай ауылдар түгіл, қаланың шет аумақтарында интернет желісінің нашар екені бәрімізге аян. Тек интернет желісі ғана емес,  сандық IP-телефониясы да дұрыс жете қоймаған. Сол себепті ескі кабельді, аналогты телефондарға жоғары жылдамдықтағы интернет-провайдерлер жарамайды. Сондай-ақ әлі күнге дейін 4G, 3G желілері үлкен қалалар мен кейбір аудан орталықтарында ғана дамыған. Ауыл тұрмақ, қала сыртына шыққанның өзінде, интернет нашарлап, 4G, 3G желілері 2G, EDGE-ға дейін төмендеп кетеді. Бұл шеткі ауылдарға қойылатын антенналар мен локаторлардың сапасы нашар әрі сын көтермейтінін білдіреді. Ал алыс елді мекендерде кейбірі демей-ақ қояйық, көбісінде EDGE, GSM интернет желілері ғана ұстайтыны белгілі.

   Асқар Маминнің дәйектемесіне қайта оралсақ, оның интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету және 5G енгізуге қатысты жылда беретін мәлімдемелері бір-біріне мүлде сәйкес келмейді. Мәселен,  2019 жылы интернет желісін пайдалану ауылдық жерлер бойынша 97 пайыз десе, 2020 жылғы сөзінде бұл көрсеткіштің 96 пайыз екенін айтқан. Сонда интернет желісіне қатысты көрсеткіш жылда дамудың орнына нашарлай бастағаны ма дерсіз. Осыдан-ақ  үкімет басшысының нақты деректермен сөйлейтінін аңғаруға болады. Демек,  мен  не  деймін,  домбырам не  дейдінің кері келіп  тұр десек,  артық  айтпағанымыз.

Бифат Елтаева
Тегтер: Без Тега