Сараптама

Бізге өте абай болу керек!

Соңғы кезде фейсбук беттерінде күйреп бара жатқан Ресей экономикасына қатысты кейбір мамандардың көптеген пікірлері шығып жатыр.

Jasalash.kz

Соның бірегейі мынадай екен;

«Қазақстанға экономикалық шектеулер қойылмады, бізде Батыс тарапынан санкция жоқ, біз осыны Ресейге қарата жақсы пайдалануымыз керек». «Қазақстан Ресей нарығынан кеткен әлемдік алпауыттарды өзіне тартуы керек».

Достар, меніңше бұл таяз адамдардың әңгімесі. Ресейдің өз ішінде 145 миллион тұтынушы бар және Ресейдің маңындағы елдеріне тауар тарататын мүмкіндігі болды. Соның бәрін есептегенде, Ресей дегеніміз кем дегенде, 200 миллион нарық еді. Әлемдік бизнес алпауыттар сол нарыққа қызығып келді. Ал қазір Ресейге қатысты дүниенің бәрі удай болып тұрғанда, олардың өзі 20 миллиондық, өзі Ресей экономикасымен тамырлас Қазақстанға қызыға қоюы екіталай.

Бұл жерде оларға бізден гөрі 35 миллиондық нарығы бар Өзбекстан әлдеқайда сүйкімді көрінеді. Орталық Азияны игеремін, деген шетелдіктер соны айналып шықпай жүр.

Ал «Қазақстан Ресей үшін күллі әлемге ашылатын саңылау болады», деген сөзден тек қана қатер көргендей боламын.

Баяғыда, Салтыков Щедрин «мен жүз жылдан соң, оянған сәтте, менен Ресейде не боп жатыр деп сұрасаңыз, мен салған бетте, «Ресейде әлі ұрлап жатыр», деп ойланбастан, жауап берер едім», деген екен.

Сол айтқандай, соңғы жылдары Ресейде ұрлап-жырлап байып алған, қазір Батыстың санкциясына ілігіп жатқан, басын арашалап құтылып та жатқан бай-шонжар алпауыттар өте көп.

Егер олар Қазақстанның Ресей үшін экономикалық саңылау рөлін атқара алатынын сезсе, мында алып-ұшып алдымен, өздері жетеді.

Одан соң, олар біздегі қылт еткен дүниенің бәрін тайлы-тұяғымен, тегене-терісімен бірге сатып алып, өз кәсіпорындарын құрып, өнімдерін сыртқа да, өз нарығына да шығара береді. Олар үшін Ресей нарығы өзінікі, ол жақта жол табу оңай.

Сыртқа да біз арқылы жол табады. Санкциядан қашып тонын өзгертіп, аты қазақстандық, заты орыстікі болып қызмет ете береді.

Олар өздерімен бірге сүйреп, маман-қызметкерлерін де әкеледі.

Сол кезде бізде қазір «Ресейдегі жағдайды оңтайлы пайдаланайық», деп сүйінші сұрап жүрген біздің экономистер оларға тек дворник, водитель, охрана боп қызмет етеді. Өйткені мойындау керек, олардың өздерінің білікті экономист-қаржыгер басқа да мықты мамандары жетеді.

Бұрын Ресей экономикасы өзге әлеммен бізден гөрі анағұрлым жаһандасқан, дамыған экономика еді. Олар соның мамандары.

Бір сөзбен айтсақ, бұл экономикалық саңылауды орыс әкесін танытып тұрып, өзі пайдаланады. Біз оған тек қызметкер бола алсақ....

Ресейлік үлкен капитал бізде орын тепсе, оның артынан іле шала оның күзеті де жетеді. Демек, ФСБ-да мында орнығады. Яғни, міндетті түрде оның бақташысы да қасында болады.

Егер біздің елде экономика мен қауіпсіздіктің жағдайы мынадай болса, одан соң, бұл елдің тәуелсіздігі туралы әңгіме айту артық.

Және тағы бір мәселе, Ресейдің маңындағы елдерді саңлау жасап, сол арқылы жол тауып, мұрты қисаймай, отырғанын көрген Батыс елдері де ол елдерді төмпештеп, санкция астына алады.

Яғни, бізді де оңдырмайды. Бұны іс жүзінде бізге келген орыс бізге жау шақырады десек те болады. Бізге меніңше, мынаны түсіну керек. Батыс санкцияларының мақсаты — Ресейді тұралату, ал егер оған бөгет болсаңыз, өзіңіз де құрисыз. Бұл өзге елдерге де, алпауыт компанияларға да арналған ортақ месседж.

Жалпы, мен Ресейге салынған санкцияларды мәңгі бақи қайта шешілмейтін шектеулер деп түсінемін.

Сондықтан бұл жерде бізге өте-мөте абай болу керек. Өте. Санкция шектеулер дегеніміз тұтас бір елдің болашағын жоятын нәрселер. Оған іліккен елде даму мәңгі болмайды.

Олжас Әбіл
Тегтер: Без Тега