Бижомарт ҚАПАЛБЕК. БІЗДЕГІ ТІЛ САЯСАТЫ ОСАЛ
Тіл саясаты әдетте мемлекеттік тілдің өзіне тиесілі аумаққа жайылуын және оған кедергі болатын басқыншы тілдің (орыс тілі, ағылшын тілі, қытай тілі және т.б.) қоғамдағы жұмсалуын шектеу шараларын ұйымдастыру үшін жүргізіледі.
Тіл саясаты мынадай үш негізге сүйенеді:
1) Мемлекеттік тілдің құқықтық негізі болуы тиіс;
2) Мемлекеттік тілдің насихаты жүйелі болуы тиіс;
3) Мемлекеттік тілді зерттеуді, оқытуды, қолдануды қамтамасыз етуге мемлекеттен қаржы бөлінуі тиіс.
Мемлекеттік тілдің насихатын айтсақ, қанша жылдан бері қазақ тілін меңгеруді талап еткенімізбен, қоғамның бір бөлігі әлі күнге дейін «у нас два языка» деген позицияда. Бұл насихаттың қоғамға қалай жетіп жатқанының көрінісі. Насихат аз емес, оған арнайы мол қаржы бөлінген: республикалық деңгейде – Тіл комитеті арқылы, өңірлерде – Тіл басқармалары арқылы. Бірақ бөлінген қаржы діттеген жеріне бармайды немесе күткен нәтижені бермейді. Осы екі ресми құрылым арасында ортақ стратегия, ортақ мақсат, ортақ «бір нүктеге бірдей ату» жоқ. Бірі өз бетінше, бірі өз аймағында жұмыс жасап жатқандықтан, тіл саясаты бірізді болмай отыр. Өйткені насихаттың формасы да, бағыт-бағдары да жүйелі емес. Қай формат тиімді, қайсысы ескірді, қайсысы қоғамға өтімді – осының ешқайсысы нақты зерделенбеген, озығы өзгеге үлгі ретінде жайылмаған.
Әлі күнге дейін ресми тіл мен мемлекеттік тілдің айырмашылығы түсіндірілмеген, терминдік ұғымы орнықпаған. Тілдің қадірін түсіндіретін, тілдің мәртебесін нақтылайтын, ресми және мемлекеттік тілдің айырмасын қоғамға айқын көрсететін ортақ идеологиялық тетік қалыптаспайынша, бұл салада істелген жұмыс көрінбейді, нәтиже шықпайды.
Бүгінгі тіл саясатында мақтаныш ететін айрықша жетістік көрінбей тұр. Ең алдымен, Қазақстанның бүкіл аумағындағы тілдік орта қазақтілді азаматқа ыңғайлы болуы тиіс еді. Түркияға барсаңыз, көшеден түрік тілінен өзге ештеңе көрмейсіз. Кеше ғана бізбен бірге кеңестің шинелінен шыққан Әзербайжанға барсаңыз да сол. Мемлекеттік тіл өз жерінде өзіне жайлы бола алмай отырған кезде, тіл саясатының тиімділігі туралы айту қиын. Бізде әлі күнге орыс тілінің ықпалы күшті. Оған ағылшын тілі қосылды, енді қытай тілі де қоғамдық кеңістікке еніп келеді – әуежайдағы белгілерден бастап түрлі сервистерге дейін. Көшедегі ақпараттың бәрі түрік тілінде екен деп, Түркияға турист келмей жатқан жоқ. Біздікі не деген жалпақ-шешейлік? Көшедегі біздің көрнекі жарнаманы қарасаңыз: заң бойынша ол мемлекеттік тілде болуы керек. Бірақ «бренд» деген желеумен шетелдік атаулар өзгеріссіз қалдырылған. Ал қазақша ақпарат іздеген адамға қолжетімділік жоқ. Мемлекетте мемлекеттік тілді ғана білетін адамға түк жағдай жасалмаған. Бұл кімнің мемлекеті сонда?
Тіл саясатында түк алға жылжу болмаса да, біздің шенеуніктер төменнен болып жатқан жатқан табиғи үрдістерді жетістік ретінде көрсетіп келеді. Мысалы, балаларын қазақ мектептеріне беру – бұл халықтың ішкі демографиялық динамикасы. Бірақ біздегі кез келген әкім, кез келген ведомство басшысы, тіпті кей ғалымдар да осыны үлкен жетістік етіп айтады: «қазақ мектебі мынаншаға көбейді, мынанша бала қазақша оқи бастады» деп. Бұл – мақтанатын дүние емес, заңды түрде әлдеқашан қалыптасып болуға тиіс процесс. Тәуелсіздік алғанымызға отыз бес жыл болды. Осы уақыт ішінде қазақ мектептері басымдыққа өтуі қажет еді, ал орыс мектептері айтарлықтай азаюы тиіс болатын. Бірақ республика бойынша бұл екі жүйе қазір тең деңгейде тұр. Ең өкініштісі – осы орыс мектебінде 70–80 пайыз қазақ баласы оқып жатыр. Яғни тіл саясатының басты кемшілігі – ең алдымен, қазақтың жаайын ойламауы және соған бағытталған идеологияның жоқтығы.
Қазақстандағы тіл саясатының тағы бір әлсіз тұсы – тым жалпақ-шешейлік, бейберекет бағыт ұстану. Ел ішінде «тілдік теңдік» деген ұран басым болғанымен, оның нақты салдарын бағамдасақ, қазақ тіліне тиетін пайдасы шамалы.
Қарапайым мысал: шетелдегі қазақ диаспорасының бір де бірінде қазақ мектебі жоқ. Қытайда жоқ, Ресейде жоқ, Моңғолияда жоқ, тіпті бізбен туыстас Түрікменстанда да жоқ. Сол елдерде кеңес заманында болған қазақ мектептері тәуелсіздіктен кейін түгел дерлік жабылды. Тек Өзбекстан ғана қазақ мектептерін сақтап отыр. Бұл – қазақ диаспорасының тілдік құқығының қаншалықты қорғалмағанының айқын көрінісі. Ал өз елімізге келсек, керісінше жағдай қалыптасқан. Біз тым кеңқолтық саясат ұстанып, түрлі этностардың ұлттық мектептерін толықтай бюджет есебінен қаржыландырып отырмыз: орыс мектептерін былай қойғанда, кәріс мектептері бар, өзбек мектептері бар, ұйғыр мектептері бар. Олардың бәрі мемлекеттік қаржының есебінен қамтамасыз етіледі, инфрақұрылымы жұмыс істейді, мұғалімі бар, бағдарламасы бекітілген. Бұл жерде «өзгеге жақсылық жасап жатырмыз» деген сыртқы әсер болуы мүмкін, бірақ мәселенің түп-төркіні тереңірек: өз азаматтарымыздың тіліне жағдай жасай алмай отырып, өзге ұлт мектептерін мемлекеттік деңгейде қолдау қазақ тілінің стратегиялық позициясын әлсіретіп отыр. Қазақ мектептері шетелде жоқ, ал бізде этностық мектептер мемлекеттің қамқорлығында. Тілді дамытамыз десек, ең алдымен мемлекеттік мүдденің қайда екенін айқындап алуымыз керек. Бізде бұл мүдде тым жалпақ, тіпті кейде өзіміздің тілдік қауіпсіздігімізге қарсы жұмыс істеп тұрғандай.
Қазақстанның тілдік ортасы тарихи тұрғыдан ешқашан тұрақты болмаған. Патша заманында да қазақ тілі ресми кеңістіктен шеттетілген еді. Мемлекеттік басқару, заң шығару, іс жүргізу, ғылыми орта – бәрі орыс тілінде жүрді. Қазақ тілі тек тұрмыстық қатынас деңгейінде ғана өмір сүрді. Кеңес дәуірінде де жағдай өзгере қойған жоқ: ресми-іскери стиль мен ғылыми стиль қазақша дамымай қалды. Осындай осал тілдік саясат отыз жыл тәуелсіздік кезеңінде де түзелмей отыр.
Ал қазақ тілін ғасырлар бойы аман алып келген, қазақты қазақ етіп тұрған ең мықты тірек не еді? Ол – ауылдың тілдік ортасы, қазақ отбасының табиғи, таза тілі. Қаладағы қазақы тәрбие беретін отбасылар да осы ортаның бір бөлігі болды. Сондай ортадан шыққан балалар қандай мектепте оқыса да, қазақы дүниетанымын жоғалтқан жоқ. Орысша білім алды, бірақ тегінен ажырамады. Қазақ әдебиетін жасады, ғылымға барды, өнер тудырды, елге қызмет етті. Өйткені өзегі таза тілдік ортада қалыптасты.
Ең сорақысы – қазір біз сол соңғы тіректен де айырылып барамыз. Қазақ тілінің ең берік қорғаны болған отбасылық кеңістік бүгінде гаджеттердің шағын экранына жеңіліп жатыр. Бір-екі жастағы баланың қолына смартфон ұстату қалыпты жағдайға айналды. Ең таза, ең табиғи деп жүрген тілдік ошақты өз қолымызбен бұзып жатырмыз. Қазақ тілінің «қасиетті үйі» болған төрге енді ағылшын тілді мультфильм, орыс тілді контент, шетелдік алгоритмдер кіріп алды. Енді қайтер екенбіз? Ең соңғы таза тілдік ортамызды жат жаулады. Оны қорғайтын үкімет көрінбейді.
Біз сол гаджетті отбасынан тартып ала алмаймыз. Жапония секілді «5-сыныпқа дейін телефон ұстауға болмайды» деген заң қабылдауға болады, мүмкін қабылдайтын да шығармыз. Бірақ шынайы жағдай: бала экраннан кетпейді. Ендеше, оған қарсы тұратын жалғыз жол – экранның ішін қазақша контентпен толтыру. Өйткені тілдік ортаны сырттан шектей алмасақ, ішіндегі кеңістікті өз қолымызбен қалыптастыруымыз керек. Бұл – үкімет ұйықтай алмай бас қатыратын, мемлекеттік деңгейдегі ұлттық мәселе. Баланың күнделікті қолданатын толыққанды қазақша YouTube, қазақша анимация индустриясын, қазақша ойындар мен қосымшалар жасамай отырмыз. Орыстар балаларға арналған миллиондаған видеоконтент шығарып тастады, ал біз әлі күнге дейін «жоба дайындау» кезеңінен өте алмай келеміз. Тілдің болашағы зерттеудің сөресінде емес, гаджеттің экранында шешіліп жатқанын түсінуде кешігіп отырмыз. Егер сол кеңістікті қазақшаға толтыра алмасақ, ертеңгі буын қандай тілде ойлайтынын біле беріңіз.
Экран мен гаджеттердегі қазақша контенттің жоқтығы тілдің тәрбиелік және мәдени әлеуетіне де әсер етеді. Балалар өз тілімен ойнамай, өз мәдениетінен алыстап барады. Сондықтан тек қазақша мультфильм, ойын, YouTube арнасы жасаумен шектелмей, қазақ мәдениеті мен дәстүрін заманауи форматқа бейімдеп, балаға жеткізуге бағытталған кешенді жұмыс жүргізу керек.
Біз фольклорлық кейіпкерлердің саны жағынан ең бай елміз. Басқа халықтар оларды ойдан шығарып, жасанды кейіпкерлер жасайды, ал бізде қандай кейіпкер керек болса, соның бәрі бар. Ертегілер, аңыздар, батырлар мен батырдың жарларынан бастап, түрлі-түрлі кейіпкерлерге дейін барлығы қолжетімді. 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағы әдебиет институтының сөресінде тұр – бұл қазына, бірақ оны бүгінгі балаға жеткізу үшін технологияға жүгінуіміз керек.
Гаджеттер, мультимедиа, виртуалды әлем арқылы балаларға фольклорлық кейіпкерлерді таныстырып, солардан тәрбие алу, шығармашылық шабыт алу жолын ашуға болады. Әр кейіпкерден түрлі үлгі жасауға, ойынға енгізуге, мультфильм немесе интерактивті кітап жасауға мүмкіндік бар. Бұл бағытта жасанды интеллект (ЖИ) бізге айтарлықтай көмектесе алады: кейіпкерлерді цифрлық форматқа шығарып, мультимедиа өнімдер жасау, интерактивті сценарий құрастыру, әр кейіпкердің мінез-құлқын автоматты түрде бейімдеу, бәрі мүмкін. Ең бастысы – бұл жұмыс тек мәдениет пен ойын ғана емес, тілдің дамуы, ұлттық сана, ұлттық рухты қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Егер біз осы бағытты жандандырып, технология мен фольклорды біріктірсек, балалар қазақ тілін үйреніп қана қоймай, өз мәдениетіне құрметпен қарап, шығармашылыққа икемделеді.
Қазақ тілі әлі күнге толық ғылым тілі мен ресми іс-қағаз тіліне айнала алмай отыр. Тіл саясаты жүйесіз, насихат формалды, нәтиже көрінбейді, бюджет бөлінгенімен тиімді қолданылмайды. Табиғи тілдік орталар, ауыл мен отбасылар, бұзылып барады, балалар гаджет арқылы орысша және ағылшынша контентке тәуелді. Ал бізде фольклор мен халық кейіпкерлерінің бай қазынасы бар, бірақ оны заманауи мультимедиа мен технология арқылы жеткізу іс жүзінде жүзеге аспаған.
Қорытындысында, тілдің дамуы үшін ғылыми және ресми стильдерді қолдау, насихатты жүйелі жүргізу, қазақша контентті цифрлық әлемде кеңінен тарату, сондай-ақ фольклорды, ұлттық мәдениетті заманауи форматта балаларға жеткізу қажет. Тек осы бағыттар кешенді түрде іске асса, мемлекеттік тілдің мәртебесі асып, қолданылуы кеңейіп, жастарымыздың ұлттық санасы түзелер еді. Үкіметтің басы алдымен осыған ауруы керек. Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!