БҚО-да әкім қызметтік көлікті мас күйде жүргізгені үшін қызметінен кетуі мүмкін
Батыс Қазақстан облысында Әдеп жөніндегі кеңес Ақжайық ауданының Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зинуллинге қатысты тәртіптік істі қарады.
Кеңес мәліметінше, шенеунікті полиция қызметкерлері жұмыс уақытында қызметтік автокөлікті мас күйде басқарып келе жатқан жерінен тоқтатқан.
БҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті басшысының орынбасары Дәурен Хаировтың айтуынша, бұл дерек әкімшілік құқық бұзушылықтар базасын мониторингтеу барысында анықталған. Алғашқы сот инстанциясы әкімнің пайдасына шешім шығарып, оны ақтаған. Алайда кейін апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойған.
Істі қарау қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес Биболат Зинуллинді қызметінен босатуды ұсынды. Белгілі болғандай, құқық бұзушылық жасалған кезде оның тәртіптік жазасы әлі алынбаған.
Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында да Әдеп жөніндегі кеңес әкімге қатысты істі қараған. Ол кезде оған құрылысы толық аяқталмаған нысан үшін бюджет қаражатын аударды деген айып тағылған болатын.