БҚО-да мектепті биыл ғана тәмамдаған үш жасөспірім суға батып кетті
Батыс Қазақстан облысында мектепті биыл ғана тәмамдаған үш жасөспірім суға батып кетті. Оқиға 9 маусым күні кешкі уақытта Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылы маңында болған.
Аудандық полиция бөлімінен құтқарушыларға хабарлама 9 маусымда сағат 18:25-те түскен. Анықталғандай, 2009 жылы туған екі жасөспірім және 2008 жылы туған бір жасөспірім шомылуға арналмаған әрі қауіпті орынға барған.
«Оқиға орнына Батыс Қазақстан облысы ТЖД-ның күштері мен құралдары жедел түрде жіберілді. Алайда ТЖМ бөлімшелері жеткенге дейін қаза тапқандардың денесін судан жергілікті тұрғындар шығарып алған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себебі анықталып жатыр», — деп хабарлады БҚО ТЖД баспасөз қызметінен.
Белгілі болғандай, қаза тапқан үш бозбала да биылғы жылғы мектеп түлектері.