Блогер мен тик-токер де Жолдауды қолдайды
Қазақтың кейбір қанатты сөздері заман ағымына ілесуден қалып барады. Мысалы, «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген сөз бар.
Бірақ бір тұтам өтірік көрген жоқпыз. Қазақстанда отыз жыл бойы айтылып келе жатқан отыз құлаш өтірік көп. Ғұмырының ұзақтығы соншалық билік ауысса да, әлгі өтіріктер әлі өмір сүріп жатыр. Оның қасында Тазша баланың қырық өтірігі қыр аспай қалған.
Нені меңзеп, нені тұспалдап отырғанымызды іштеріңіз сезген болар. Сонымен, алғашқы қоңырау күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауын жариялады. Қаңтар қырғынынан кейін жұрт асыға күткен Жаңа Қазақстанның алғашқы жолдауы!
«Шіркін-ай», деп тамсанатындай не айтылды? Қазақтың болашағы туралы қандай бағдарламалар жасалатын болды? Елдің еңсесін көтеретін нақты жобалар бола ма? Отыз жыл тамырланған Назарбаев жүйесіне қарсы тұрарлық не бар? Жұрттың күткені де осы еді. Амал қанша, үміт ақталмаған сияқты. Өйткені қоғамдағы пікір ала-құла. Біреулер әңгіме басында біз айтқандай, бұл жолдау да отыз жылғы құрғақ уәденің жалғасы десе, тағы біреулер ешкім есеп бермейтін жолдаудың құрылымын өзгерту керек деген пікір айтады. Жұрт пікірімен санаспай болмас. Тыңдамаса да, еститін үкіметіміз бар.
Қазақстан президентінің бұл жолғы жолдауында қандай саяси тақырыптар қамтылды. Осы жағына тоқталайық. Ең басты саяси әңгіме – бұдан былай Қазақстан президентіне үміткер тұлға 1 рет қана сайлауға түсе алады. Ал оның өкілеттілігі 7 жылмен шектелетін болды. Былай қарасаңыз, демократиялық талаптарға томпақ емес. Дегенмен саясаттанушылардың бұл жөніндегі ойы екіге жарылып отыр. Жеті жылдың өте көп уақыт екенін айтушылардың қарасы қалың. Үміткер бес жылдан екі мәрте сайланса, президент жарты жолда есін жинап, өзіне де, халыққа да есеп беруіне мұршасы болар еді деген пікірде. Көңілге қонымдысы осы сияқты. Өйткені жеті жылға сайланған адам арқасын кеңге салуы бек мүмкін. Бүкіл ғұмырында басына бір-ақ рет қонған бақ емес пе. Президенттік жауапкершіліктен гөрі, жеті жылды жарытып пайдаланып қалайын дейтін пендешіліктің буы ұруы мүмкін. Ал бес жылға сайланған адамның тағдыры басқаша болады. Ол келесі бес жылдықтың қамы үшін болса да, алғашқы бес жылда таза, әділ президент болатыны анық. Немесе алғашқы бес жылда жасаған жұмысының нәтижесі үшін болса да, қалған бесжылдықты жауапкершілікпен атқарып шығуы мүмкін.
Мәселен, Қ.Тоқаев биыл кезектен тыс президент сайлауы өтетінін айтты. 2019 жылы президенттік креслоға жайғасқан күннен бері санасақ, бүгінгі уақытқа дейін, ол үш жыл президент болды. Бұл уақыт жолдауда айтылған жеті жылдық шектеуге кірмейді. Себебі, ол алғашқысында кезектен тыс сайланды. Ал Жаңа Қазақстанның жаңа заңы бойынша, Қ.Тоқаев тағы 7 жыл президент болуға құқығы бар. Бұған соншалық математик болудың қажеті шамалы. Әгәрәки, биыл сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы тағы жеңсе, онда 2029 жылға дейін Қазақстан президенті қызметін атқарады. Сонда Тоқаев Қазақстанды 10 жыл басқарады деген сөз. Егер, Тоқаевтан кейін келетін үшінші президент өз жанынан тағы бір заң шығарып жібермесе?
Ондай өзгерту мен толықтыруларды көрдік. Қолында шексіз билігі бар адам не істемейді? Кезінде Н.Назарбаев «Тұңғыш Президент – Елбасы» туралы заң жасап, президентке қатысты кейбір шектеулер өзіне – Қазақстанның Тұңғыш президентіне қолданылмайтыны туралы бап енгізіп алған болатын. Тоқаевтан кейін сайланатын президенттерге жаратушы сабыр, тәуфиқ берсін! Әйтпесе, біздің саяси жүйеде ондай «індет» бұрыннан бар.
Дамыған мемлекеттерде заң үстемдік етеді. Заң халықты қорғайды, мемлекеттің дамуына кепілдік береді. Бізде де солай болуға тиіс. Бірақ сайланған әр президент өзіне қолайлы бап қосып, бабын жасап алатын болса, ондай Конституция кімге керек?
Қазақтың ауыз әдебиетінде:
«Көбелек келіп, күмп етті.
Көбігін ішіп ол кетті.
Жапалақ келіп, жалп етті
Жартысын ішіп ол кетті.
Сауысқан келіп, саңқ етті.
Сарқып ішіп ол кетті», – деп келетін өлең жолдары кездеседі. Сол өлеңде айтылғандай, әр президент келіп өз заңын орнатса, өзі жасаған заңмен жүргізсе, ондай мемлекеттің болашағынан не күтуге болады? Конституцияның солқылдақ болғаны мемлекеттің тәуелсіздігіне қауіпті. Президент деген жоғары лауазымның сабақтастығы жақсы дәстүр. Бірақ бір басшыдан екінші басшыға жең ұшымен жалғасатын сыбайластықтың болғаны дұрыс емес. Сыбайлас болған жерде – заң солқылдақ келеді.
Айтпақшы, бұл жолғы жолдаудан халық көп үміт күтті дедік қой. Әсіресе қаңтар қырғынын ұйымдастырғандарға, Қазақстанды отыз жыл сауын сиырға айналдырған Назарбаевтарға қатысты әлдеқандай нақты әрекет жасалатын шығар дегенбіз. Қазақстанды тонап байыған олигархтардың шетелдегі ақшаларын елге қайтару туралы нақты жұмыс жоспары айтылу керек еді. Оның бірі Тоқаевтың тісінен шықпады. Сонда да жер-жерде жолдауды қолдау «акциясы» басталып кеткен. Назарбаевтан қалған ескі дәстүр. Мемлекеттік телеарналарды ашып қалсаң, радиоларды қосып қалсаң, сайт пен газет біткен жаппай жолдауды қолдау науқанына көшкен. Біреу түсініп, біреу түсінбей мақтап жатыр. Тіпті инстаграм, телеграм жүргізетін саяси сауаты салмақсыздау блогерлер мен тиктокерлерге де тапсырма беріліп қойыпты. Осыдан кейін, Қазақстанның болашағынан үміт күтеміз-ау!..