Қоғам

Блогер Сәуле Ермаханова көз жұмған клиника ресми мәлімдеме жасады

Блогер әрі кәсіпкер Сәуле Ермаханованың өлімінен кейін Алматыдағы Smart Beauty Clinic пластикалық хирургия клиникасы ресми түрде мәлімдеме жасады.

Фото: әлеуметтік желіден

Клиника Instagram парақшасында жариялаған мәлімдемесінде марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, болған жағдайға байланысты заңнамада көзделген рәсімдер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Клиника өкілдері дәрігерлік құпия мен тергеу мүддесіне байланысты оқиғаның медициналық мән-жайына қатысты толық ақпарат беруден әзірге бас тартқан. Сондай-ақ қазіргі уақытта клиника пациенттерді қабылдамайтыны белгілі болды.

Бұған дейін Сәуле Ермаханованың 15 мамыр күні жергілікті анестезиямен липосакция жасатуға келгені хабарланған еді. Туыстарының айтуынша, ота ұзаққа созылған, ал клиника біраз уақыт бойы оның жағдайы туралы нақты ақпарат бермеген. Әйелдің қайтыс болғаны туралы отбасысына кешкі сағат 18:00 шамасында хабарланған.

Марқұмның жақындары оқиғаға байланысты толыққанды тергеу жүргізуді және клиника қызметін уақытша тоқтатуды талап етіп отыр. Олардың мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.

 

Сайт Әкімшілігі