Bloomberg: АҚШ Иранға гипердыбыстық зымыранмен соққы жасауы мүмкін
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Таяу Шығысқа ең жаңа гипердыбыстық Dark Eagle зымырандарын жіберуге рұқсат сұраған.
Бұл қару Иран аумағының тереңіндегі зымыран ұшыру қондырғыларына соққы жасау үшін қолданылуы мүмкін.
Егер бұл шешім мақұлданса, АҚШ алғаш рет толық дайын екені ресми жарияланбаған гипердыбысты қаруын орналастырады. Бұған дейін Ресей мен Қытай мұндай зымырандарды өз арсеналына енгізіп қойған.
Bloomberg дереккөзіне сүйенсек, мұндай қаруды орналастыру қажеттілігі Иранның зымыран жүйелерін АҚШ-тың Precision Strike Missile (PrSM) зымырандарының жету аймағынан тыс жерге көшіруімен байланысты. PrSM зымырандарының радиусы шамамен 480 шақырымды құрайды.
Қазіргі таңда CENTCOM-ның бұл өтінішіне нақты жауап берілмеген. Қолбасшылық өкілдері бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.
Еске сала кетейік, 9 сәуірден бастап АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысында атысты тоқтату режимі жарияланған. Алайда Bloomberg сарапшысы Бекки Вассердің айтуынша, бұл үзілісті екі тарап та қайта қаруланып, келесі кезеңге дайындалу үшін пайдаланған. Оның пікірінше, алдағы қақтығыстар бұрынғыдан да қауіпті болуы мүмкін.
Сарапшылардың бағалауынша, егер бұл шешім жүзеге асса, ол АҚШ-тың Ресей мен Қытай сияқты стратегиялық қарсыластарына гипердыбысты қару бойынша мүмкіндіктерін көрсететін маңызды сигнал болмақ.
Dark Eagle зымыранының сипаттамалары:
Ұшу қашықтығы – шамамен 2780 км
Жылдамдығы – дыбыс жылдамдығынан 5 есе жоғары
Бағытын өзгертіп, кедергілерден жалтара алады
Өндіруші – Lockheed Martin
Bloomberg мәліметінше, бір зымыранның құны шамамен 15 млн долларды құрайды. Ал АҚШ үкіметінің есеп палатасы оның нақты бағасы 2,7 млн доллар болуы мүмкін екенін көрсетеді.