Bloomberg: Путин қыста Украинаға шабуылды күшейтуді жоспарлап отыр
АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Мәскеу мен Киевте өткен бейбіт келіссөздер барысында айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізе алмады.
Бұл туралы Bloomberg еуропалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлады.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, келіссөздердің созылуына байланысты Ресей тарапы қыс мезгілінде Украина инфрақұрылымына жасалатын соққыларды күшейтуді көздеп отыр.
Агенттік сұхбаттасушыларының бірі Мәскеудің алдағы алты айға арналған жоспары Украинадағы энергетика және жылумен қамту нысандарына шабуылды күшейтуді қарастыратынын айтқан. Сонымен бірге Ресей Киевке көрсетілетін қолдауды азайту мақсатында Еуропаға саяси қысымды арттыруға тырысады деген болжам бар.
Дереккөздердің бірінің айтуынша, Владимир Путин АҚШ делегациясының дипломатиялық сапарын алдағы Мемлекеттік дума сайлауы қарсаңында күш көрсету үшін пайдаланған. Соның бір көрінісі ретінде америкалық өкілдердің Кремльдегі кездесуді ұзақ күтуіне тура келгені айтылады.
Сонымен қатар Ресей Донецк облысын толық бақылауға алу талабынан бас тартпай отыр.
Уиткофф пен Кушнердің сапары нәтиже бермеді
Ақ үй Мәскеуде өткен кездесулерді «мазмұнды» деп бағалады. Кремль болса, Украинадағы соғысты реттеу мәселесінің күрделі күйінде қалып отырғанын мәлімдеді.
Мәскеудегі келіссөздерден кейін америкалық өкілдер Киевке аттанды. Келіссөздердің алғашқы раундынан соң Джаред Кушнер Дональд Трамптың «соғысты тоқтатып, адам өлімін доғаруға батыл кіріскенін» айтты.
Алайда Financial Times Уиткофф пен Кушнердің Мәскеу мен Киевке сапары айтарлықтай нәтиже бермегенін жазды.
Еуропа соғыс 2027 жылға дейін созылуы мүмкін деп қауіптенеді
Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, Украинаның батыстық одақтастары кемінде келесі жылға дейін дипломатиялық тұрғыдан елеулі өзгеріс бола қоймайды деген пікірге келе бастаған.
Сондықтан Еуропа елдері үшін қазіргі негізгі міндеттердің бірі – НАТО бағдарламалары аясында Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен зымырандарды жедел жеткізу.
Пентагон да одақтастарын ұзаққа созылатын текетіреске дайын болуға шақырды. Украина қорғанысы жөніндегі байланыс тобының отырысында АҚШ қорғаныс ведомствосы басшысының орынбасары Элбридж Колби соғыстың созылуына және Киевтің алдағы жылдары да әскери көмекке жоғары деңгейде мұқтаж болуына дайындалу қажет екенін айтқан.