Кейіпкер

Болат Ақшолақов. «КӨКШОЛАҚ»

Қазақтың маңдайына біткен жылқының ішінде көкшолақты маңайлайтын бірі жоқ. Азар болса, жүйрікті – тойға, жорғаны – сәнге мінерсіз, бірақ олардың бірде-бірдеуі күнделікті тірліктің күйбеңіне көнбейді.

Фото: ашық дереккөз / ЖИ арқылы өңделді

Ал көкшолақ – төзімді, көкшолақ – көнбіс. Ойға салсаң да, қырға салсаң да, тоңқаңдап тарта береді. Білерсіз-білмессіз, соңғы кезде көкшолақтың «тарта беру» қасиетін Болат Ақшолақовтың да бойынан іздейтіндер кездесіп жүр. Әсіресе көнбіс жылқының күй талғамайтын «көркем мінезін» кейіпкеріміздің болмысынан «көретіндер» көбейіп бара жатқан секілді... 

Фото:ашық дереккөз

Бесеудің – бірі

Атырау облысына әкім болып барған Болат Ақшолақов «Жас Алаш» мені жылқыға теңепті» деп өкпелемеуі керек. Өйткені қазақ халқы қай кезде де өзін жыбырлаған жан-жануардың ішінде тек жылқымен ғана салыстырған. Баяғының қазағы «Біз – жылқы мінезді халықпыз» деп шалқалағанда, атынан ауып түсе жаздайтын. Ал бүгін ше? Жылқының саны азайды ма, әлде қазақ пен жылқының ұқсастығы кеміді ме, мұндай сөз көп айтыла бермейтін болды. Сондықтан ел айтпады екен деп үнсіз қалмай, арасында өзіміз «айтып тұруды» жөн санадық.

Бұл ойымызды дәстүрге берік әкім де түсінсе керек. Себебі дәстүрге берік екенін өткенде Атырауға бара салып көрсеткен. Жұмыс күнінің алғашқы аптасында ақсақалдарды тегіс жиып, батасын алды. Міне, бұл – дәстүр. Алайда әкімдердің әрбір ісіне сын көзбен қарайтын «жатыпатарлар» жоқ жерден: «Дәстүр дәстүрімен, алайда қазір тегін дүние жоқ қой, әкім алған батасының ақысын берді ме екен?», – деген әңгіме шығарды. Былай қарасаңыз, осы да сөз бе енді? Аталар мен апалар бата беріп, бет сипағаны үшін әкімнен ат сұрайды дейсіз бе? Орамал-жаулық секілді азды-көпті жөн-жоралғысы болса, оны елге айтқызбай-ақ, өзі де жасаған шығар деп ойлаймыз.

Ал негізгі мәселе мынау ғой: президенттің артқан сенімі бір бөлек, енді оған елдің үміті де қосылды. Егер әкім «Бата алған ұл арымас...» деген мақалды малданып жүре берсе, алысқа бармауы мүмкін. Ал «көкшолақтық көнбістікпен» талмай еңбектенсе, сенім мен үміт ақталуы тиіс. Міне, осы арада жаңа әкімнің өмір жолына шолу жасап қойғанның ерсілігі жоқ секілді.

Болат Ақшолақов – Атыраудың тумасы. 1971 жылы өмірге келіп, 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша бітірген. Бітіре салып, «Аlem Bank Kazakhstan» компаниясына экономист болып жұмысқа кірді. Бұл баяғы «БТА» банк екенін ескеріңіз. Екі жылдан кейін Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінде департамент басқарды. Осыдан кейін кейіпкеріміз тоқтаған жоқ. Назарбаевтың тұсында әкім мен министр бола алмады демесеңіз, аты дардай ұлттық компанияларда жауапты қызметтер атқарды. «ҚазақОйл», «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «КAZENERGY» секілді атынан ат үркетін компанияларда ізін қалдырды. Соның әсері болса керек, Болат Ақшолақов 2023 жылы Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ең ықпалды бес бизнесменнің қатарына енген. «Сол бесеудің біреуі кейіпкерімізге етене жақын» деген сыпсың сөз ежелден айтылып келеді.

Фото: ашық дереккөз

«Тимурдың тобынан» ба?

Кенекемнің әйгілі әнінде:

Олай жүрші, Көкшолақ,

Былай жүрші, Көкшолақ.

Қыздар мінген байталды,

Жанай жүрші, Көкшолақ!», – деп келетін әдемі жолдар бар. Бұл – итіңдеген жаман атымен-ақ қутыңдаған қыздарға ұмсынған бозбаланың көкейіндегі арманын тап басқан тіркестер. Бірақ «жанай жүру» жігіттік желік пен әннің сөзінде ғана емес, саясатта да бар. Мысалы, Ақшолақовтың өмірбаянына көп үңілгендер оны Тимур Құлыбаевты «көп жандаған» деген «қорытынды» береді.

Мәселен, 2022 жылы журналист Дмитрий Шишкин «Откуда деньги на часы» жобасында Болат Ақшолақовқа бір бағдарламасын арнаған. Сол кезде жоғарыда аты аталған компанияларда Құлыбаев пен Ақшолақовтың жолдары жиі түйіскенін мысалға келтіреді. Оны айтасыз, «Болат Ақшолақовтың мансап жолындағы өсуі Құлыбаевтар әулетімен тығыз байланысты болуы мүмкін» деген болжам жасайды.

Қалайша? Әкімнің әкесі Орал Ақшолақов – Қазақстанның геологиялық барлау жұмыстарының негізін қалаушылардың бірі. Геолог ғалым, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Яғни ғылыми ортада беделді, көпшілік арасында абыройлы кісі. Ал Асқар Құлыбаев кезінде бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысында обком хатшысы болған. Дмитрий Шишкин Құлыбаевтар мен Ақшолақовтардың байланысын, міне, осы тұстан тарқатады. Тіпті журналист Асқар Құлыбаев пен Орал Ақшолақовтың «Мұнайшылар» қоғамдық қорының тең құрылтайшылары екенін де еске салады. Дегенмен бұл 2022 жылғы дерек екенін ескеріңіз (Орал Ақшолақов 2023 жылы өмірден озды).

Әрине, әйгілі геологтың баласы болған соң Болат Ақшолақовтың да мұнай мен газдың «иісін сезуі» заңды. 2023 жылы Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының журналы мұнай-газ саласындағы ең ықпалды бизнесмендердің рейтингін жариялағанын жоғарыда айттық. Алмасадам Сәтқалиев бастап, Тимур Құлыбаев қоштаған сол тізімде біздің кейіпкеріміз бесінші болып тұр. Бұл нені білдіреді? Кейбір білгіштер «Бірі – Болат, бірі – Тимур болса, екеуінің де заты темір екен ғой» дейді әлденені ымдап. Мұндай ойдағылардың нені меңзейтіні белгілі. Алайда біз оған басы бүтін қосылмаймыз. Бекер адам президентке кеңесші бола ма, біздіңше, Ақшолақовтың да бір білгені бар болуы керек.

Фото: ашық дереккөз

Болат қандай министр болды?

Кейіпкеріміздің қызметтік жолына қарап отырсаңыз, ылғи ұлттық компаниялардың пұшпағын илегенін байқайсыз. Тек 2017-2019 жылдары ғана Энергетика министрлігіне вице-министр болып барған. Алайда баяғы «әдетіне қайта басып», «KAZENERGY» қауымдастығына ауысты да, көп ұзамай «Самұрық-Қазынадан» бір-ақ шықты. Министрлікте тұрақтамайтындай көрінетін кейіпкеріміз 2022 жылы министрдің өзі болды. Ілгеріде істеп кеткен Энергетика министрлігінің креслосына отырды. Бұл – қаңтар оқиғасынан кейінгі апай-топай кезең. Ақорда жақтағы ауыс-түйістер көпшілік үшін «ескі» мен «жаңаның» арпалысындай көрінді. Бірақ кімнің бұрынғының сарбазы, ал кімнің бүгінгінің жампозы екенін жұрт жыға таныған жоқ. Әйтеуір сол кезде келген шенділер легінен қоғам кәдімгідей қауқар, әжептәуір әбжілдік күткені анық. Міне, осы кезде Болат Ақшолақовты білетіндер «көкшолақ енді тоқтамайды» деп тон пішкен.

Тоқтамағаныңыз не, Екібастұздағы апат жалғыз министрдің емес, бүкіл биліктің есін – екеу, түсін – төртеу етті ғой. «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ына қарасты 4 бірдей қазандық істен шығып, қарапайым халық қақаған аязбен бетпе-бет келді. Көпқабатты үйлер ғана емес, әлеуметтік нысандар да мұз құрсанды. Алматы мен Павлодар арасында жиі-жиі шапқылаған вице-премьер Роман Скляр сол тұста «Екібастұздағы апатқа қатысы бар барлық адам жауапқа тартылады» деген. Ал министр Ақшолақов: «Екібастұздағы апат – кешенді қателік. Оған бір адам ғана кінәлі болмайды», – деді. Министрдің сөзіне зер салғандар «Бұл кісінің бір адамы – қай адам? Әлде өзін меңзеп тұр ма?» деген күмәнге берілді. Өйткені үлкен апат, орасан шығын үшін жоғарыдан да бір адам жауапты болуы тиіс қой. Шын мәнінде солай болды. Президент Павлодар облысының сол кездегі әкімі Әбілқайыр Ысқақовты қызметінен босатып, аязды далаға «қоя бере» салды.

Осы тұста бір қызық мәселе бар. Астанада отырған министрге қарағанда, көз алдындағы қауіпті аңғармаған облыс әкімі көбірек айыпты болса – айыпты шығар. Алайда апаттың ықтимал себебіне қатысты талас туғанда, таяқтың бір ұшын министрге «тірейтіндер» табылды. Қалайша? Жоғарыдағылар апатқа айыпты адамды іздеп, айғай-шу болып жатқанда, «Гиперборей» YouTube- арнасының иесі Вадим Борейко көрерменнің алдына «гипер дәлелді» тастай салғаны есімізде. Ондағы мәліметке қарасаңыз, министр Ақшолақов апаттан екі ай ғана бұрын Павлодарға «ат сабылтып» барып, энергетикалық кешендерді тексеріп шыққан. Тексеріп шыққан соң, тележәшіктен сөйлеп, «бәрі дыңдай, бәрі зыңдай» деген. Міне, көрдіңіз бе, «апаттан кейін өзі айтқан «кешенді қателікті» Ақшолақов күн бұрын неге байқамады?» деген сұрақ жалғыз Борейконы ғана емес, жұрттың бәрін ойландырды.

Бірақ оның бәрін айта беретін несі бар, облыс әкіміне құт болмаған кресло министрдің де меншігі болып жарытпады. Бірнеше айдан кейін Болат Ақшолақовқа да кезек келген. Оған енді Екібастұз апатының себебі бар ма, жоқ па, белгісіз. Әлде президент «Мұнай мен газдың мәнісін білгенімен, әй, осы баланың АЭС-ке ақылы жетпей қалады-ау» деп күдік қылды ма, әйтеуір кейіпкерімізді Энергетика министрлігінен алып тастады. Бірақ одан Ақшолақов жаман болған жоқ. Кеңесші болып, президентті екі жыл «жандап» жүрді де, «KAZENERGY» қауымдастығын қайтадан «тауып» алды. Бір қызығы, қауымдастық төрағалығын 6 ай ғана атқарып, 2025 жылы құрылған Қазақстан инвесторлар қауымдастығының төрағалығына «зу ете» түскен.

Қазіргі жағдайды білесіз, бір орында тұрақтап «жарытпайтын» шенеунікті ел басшысы «ноқталап-жүгендеп», Атырау облысына әкім қылып жөнелтті. Обалы не керек, ақсақалдардың батасын алған әкім бірден шаруаға кіріскен сыңайлы. Жергілікті ақпарат құралдары таратқан видео дерекке қарағанда, кейіпкеріміз бір топ «нөкерін» ертіп алып, өңірдегі экологиялық және инфрақұрылымдық маңызы бар нысандарды аралаған. Осы сюжетке назар аударсаңыз, әкім галстуксыз ақ көйлекпен, ал қасындағы топ сықиып кәстөммен жүр. Бұл – «Атырау жұрты мені көптің ішінен ажырата алмай қалмасын» деген «уайымы» ма, әлде «жұмысқа шешініп тастап кірістім» деп Ақордаға «есеп берген» түрі ме, о жағын енді өзі біледі. Ал біздің білетініміз, Болат Ақшолақов нағыз тірлікке жегілетін жерге енді келді. Облыс әкімі деген лауазым – ішінде не болып, не қойып жатқаны жұртқа жұмбақ «KAZENERGY» емес. Қысқасы, шешінсе де, киінсе де, енді көптің көз алдында жүреді.

Фото: ашық дереккөз

Түйін

Сөз басын Кенен атамыздың әнімен бастаған соң, сонымен түйіндейік. «Көкшолақтың» қайырмасында бүгінгілер толық түсіне бермейтін мынадай жолдар да бар:

«Жамандатқыр Көкшолақ,

Арам қатқыр, Көкшолақ,

Мені құртқан, Көкшолақ...

Бұл не? Қазақтың астындағы атын қарғауы ма? Жоқ, әрине. Есті адам жалғыз атын «арам қатырып», ертесі тепеңдетіп есек мінгенді қалайды дейсіз бе? Демек, бұл – сылаңдатып байтал мінген байдың қыздарына жаман атымен жандай алмаған жігіттің жанайқайы ғана. Ал біздің жағдайымызда, әлі «жанайқай» туралы әңгіме туған жоқ. Әзірге «Көкшолақтың» шумақтары ғана айтылып жатыр. Ал қайырмасының қандай сөздермен түйінделетіні кейіпкеріміздің тек өзіне ғана байланысты.

Сансызбай НҰРБАБА

Сайт Әкімшілігі