Саясат

Болат Назарбаевтың өгей ұлы АҚШ-тағы қымбат сарайды 10 долларға сатып алды

Болат Назарбаевтың бұрынғы жұбайы Майра Құрманғалиеваның ұлы Данияр Кесікбаевқа қатысты тың мәлімет жарияланды. Бұл туралы америкалық New York Post басылымы хабарлады.

Фото: ашық дереккөз

Басылымның жазуынша, Кесікбаев АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Альпайн қалашығында орналасқан ең қымбат үйлердің бірін небәрі 10 долларға иеленген. Аталған зәулім үй бұған дейін 34 миллион долларға сатылымға қойылған. Кейін, 2012 жылы, белгісіз компания оны 20 миллион долларға сатып алған. New York Post дереккөздерінің мәліметінше, бұл компанияның Данияр Кесікбаевпен байланысы болуы мүмкін. Қазіргі таңда үйдің салықтық құны 35,5 миллион долларға бағаланып отыр.

Сарайдың жалпы аумағы шамамен 1,6 мың шаршы метрді құрайды. Онда тоғыз жатын бөлме, баскетбол алаңы, боулинг залы, үй кинотеатры, кітапхана, шарап сақтайтын бөлме, лифт және бассейн орналасқан. Ал жер телімінің көлемі үш гектардан асады.

Данияр Кесікбаев – Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разактың күйеу баласы. Разак 1MDB мемлекеттік инвестициялық қорына қатысты жемқорлық ісі бойынша сотталып, қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр. Тергеу материалдарына сәйкес, оның жеке есепшоттарынан шамамен 700 миллион доллар анықталған. 2020 жылы сот оны жемқорлық пен ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныды.

New York Post бұған дейін де Кесікбаевтың Нью-Йорктегі әйгілі The Plaza Hotel қонақүйіндегі құны 20 миллион доллар болатын пәтерді небәрі 1 долларға сатып алғанын жазған.

Еске салсақ, 2012 жылы Болат Назарбаев бұрынғы жұбайы Майра Құрманғалиева мен өгей ұлы Данияр Кесікбаевты 100 миллион доллардан астам активті шетелге заңсыз шығарды деп айыптап, сотқа жүгінген болатын. Кейін бұл дау тараптардың өзара келісімімен сотқа жеткізілмей шешілген.

Сайт Әкімшілігі