Әлеумет

Болат Өтемұратов Монакодағы әлемдегі ең қымбат аудан құрылысына инвестиция салды

Қазақстандық кәсіпкер Болат Өтемұратов Жерорта теңізінен жасанды жолмен кеңейтілген аумақта салынған Монакодағы Mareterra элиталық ауданының инвесторлары қатарына кірді.

Фото:mail.kz

Forbes Australia мәліметінше, қазақстандық миллиардердің ауқымды жобадағы үлесі 5-10 пайыз аралығында.

Фото: forbes.com.au

Mareterra жобасы туралы не белгілі?

Ауданның құрылысына 11 жыл уақыт кетіп, жобаға 2,3 млрд доллар жұмсалған.

Mareterra-дағы 130 пәтер мен вилланың барлығы құрылыс 2024 жылдың желтоқсанында аяқталмай тұрып-ақ сатылып кеткен. Жылжымайтын мүлікті сатудан түскен жалпы қаражат 6,6 млрд доллардан асқан.

2025 жылдың ортасына қарай құрылыс салушының таза пайдасы 3 млрд долларға жетіп, бұл қаражат инвесторлар арасында бөлінген.

Mareterra әлемдегі ең қымбат тұрғын аудандардың бірі саналады. Мұндағы баспананың бір шаршы метрі орта есеппен 139 мың долларға бағаланады. Жекелеген виллалардың құны 230 млн доллардан басталады.

Ал украиналық кәсіпкер Ринат Ахметовтің осы аудандағы пентхаусы шамамен 550 млн долларға түскен.

Болат Өтемұратов Forbes басылымына берген пікірінде инвестицияның қаржылық қайтарымына ғана емес, Монаконың жаңа сәулеттік көрнекті орындарының бірі аталып жүрген жобаның құрылысына қатысқанына да көңілі толатынын айтқан.

Сайт Әкімшілігі