Болатбек Баймаханов: Халықтың 90 пайызы қолдамаған елде трансплантация ешқашан да дамымайды
Бүгінде ресми дерек бойынша елімізде 4 739 адам трансплантация кезегінде тұр. Оның 125-і – бала. Өкініштісі, жыл сайын донор кезегінде тұрған 350 мың адамның үміті сөніп, ана дүниеге аттанып кетеді екен.
Ал Қазақстанда трансплантацияның шамамен 90 пайызы тірі туыстық донордың қатысуымен жасалса, қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді.
Жақында ҚР Премьер-министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Фейсбуктегі парақшасында осы мәселе туралы пікір білдіріп, мәйіттік донорлыққа келісім беретінін ашық мәлімдеді. Ол жазбасында: «Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді. Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін...», – деген болатын.
Біз еліміздегі трансплантология саласының даму деңгейі, мәйіттік донордың қаншалықты ілгері жылжып жатқаны жайында А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Болатбек Баймахановпен әңгіме өрбіттік.
– Болатбек Бимендеұлы, қазір 4 739 адам ағзасын ауыстыруға мұқтаж екен. Трансплантация – ем қонбаған жағдайда қолданатын соңғы амал. Алайда осыдан біраз жыл бұрын «Мәйіт трансплантациясына байланысты мәселе ешқандай да жылжып жатқан жоқ» деген едіңіз. Қазір қалай?
– 4 739 адам – кезекке тіркелгені ғана. Ал тіркелмегенін санасаң, одан да көп. Кемінде 6-7 мың адам. Мәселен, ресми деректе бауыр трансплантациясына 200-300 адам мұқтаж дейді, шын мәнінде 1 500-2 000 адамға жетеді. Бүйрек бойынша диализ алатын 5 мың адамды ғана есептеп отыр. Одан бөлек, тексермеген, зерттелмеген қаншама адам бар. Сондықтан бұл көрсеткіш аз да, көп те болуы мүмкін.
Қазір бұл салада соншалықты өзгеріс жоқ. Сол қалпында десем болады. Керісінше, бұған дейін шамалы ілгерілеушілік бар сияқты еді. Халықтың 90 пайызы қарсы, қолдамайды. Ал келісімін берген 10 пайыздың кімдер екенін көру керек. Жасы келіп қалғандар ма, басқа ма? Олардың ағзасы жарамды ма, жоқ па? Жалпы, халықтың 90 пайызы қолдамаған елде трансплантация ешқашан дамымайды. Өзім 25 жылдан бері осы салада жүрмін. Бұл мәселені талай уақыттан бері көтеріп, айтып келеміз. Осы кезге дейін үш жүзден аса сұхбат бердім. Бұл тақырып айта-айта жауыр болды. Тіпті өзгеріс болмаған соң, мен де шаршап кеттім. Бір адамның айта бергені болмайды екен. Шын мәнінде, мәйіттік донорды дамытудың жолы көп. Мұнымен тек медицина қызметкерлері ғана емес, тұтас қоғам айналысуы керек. Біздің тарапымыздан ақпарат жеткілікті. Бұрынғы заман емес қой, интернет дамып, әлеуметтік желілер пайда болды. Меніңше, осы қалыпта алысқа бармаймыз. Алдағы бес-алты жылдан кейін де айтарлықтай өзгеріс болмайтын сияқты. Халықтың психологиясын өзгерту оңай емес. Біздің бұл саладағы нәтижеміз тек Орталық Азия мемлекеттеріне ғана емес, дүниежүзіне белгілі. Кез келген ағза ауыстыру қолдан келеді. Трансплантация бойынша дамып кеткенімізге тәнті елдер көп.
– Көрші елдердегі жағдай қалай?
– Қырғызстанда мүлдем жоқ. Өзбекстан мен Тәжікстанда тірі донор ғана. Өзбекстанда трансплантация соңғы екі-үш жылда ғана қолға алына бастады. Бұлармен салыстырғанда, бізде әйтеуір мәйіттік донор аздап болса да дамып келеді.
– Адам ағзасына жауап беретін бауыр мен бүйректің жарамсыз болып, істен шығуына не алып келеді?
–Айталық, бүйректің жарамсыз болып қалуына негізінен қант диабеті кері әсер етеді. Егер ағзада бұл ауру түрі болса, дер кезінде анықтауға тырысып, бір қалыпта ұстау керек. Екінші – қан қысымы. Көп адам қан қысымы 160-170-ке көтеріліп кетсе де, қадағаламайды, жүрдім-бардым қарайды. Ал өз дәрісін уақытылы қабылдаса, бір мөлшерде тұрады. Олай етпесе, бұл уақыт өте келе бүйректі отырғызады.
Ал бауырды 90 пайыз гепатиттің В мен С түрі құртады. Мұның соңы бауыр церрозына алып келеді. Дер кезінде тексерілмеген соң, кеш анықталады. Сондықтан анализ тапсырып, ағзадағы вирусты ерте білсе, 100 пайыз емделеді. Одан кейін әлем бойынша басты себептің бірі – артық салмақ делінсе, еліміздің алкогольді көп ішетін өңірінде тұратындар да осы дертке шалдығып жатады. Былайша айтқанда, көбі ауруханаға өлуге келеді ғой. Бауыр церрозымен ауыратындар өңеш пен асқазанынан қан кетіп, түседі. Қазір медицина жылдан-жылға дамып келеді, құрал-жабдықтар жаңарып жатыр. Жылына бір-екі рет денсаулыққа күтім жасап, тексеріліп тұруға мүмкіндік бар ғой.
– Таяуда Премьер-министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева донор болуға келісетінін мәлімдеді. Қазірдің өзінде Қазақстанда электрондық үкімет порталында донорлыққа қатысты қызмет іске қосылғалы бері 16 109 азамат қайтыс болғаннан кейін өз ағзаларын трансплантация үшін пайдалануға келісім берген. Ал 156 174 адам мұндай келісімнен бас тартқан. Сіздіңше, бұл бастама мәйіттік донор мәселесінің ілгерілеуіне септігін тигізе ме?
– Иә, Аида Балаеваның өз ұстанымы арқылы мәселеге үн қосқаны – құптарлық. «Жалпы халық донорлықты қолдасын» деген пікірін білдірді. Әрине, мұны лауазымды тұлғалардың көтергені осындай түйткілдің бар екенін көрсетеді және ел тұрғындарының дұрыс түсініп, қабылдауына түрткі болуы мүмкін. Егер трансплантология саласының дамуы үшін халықтың бетін осы әдіс арқылы қаратып, оң көзқарас қалыптастыра алсақ, ешқандай мәселе туындамас еді. Бұл – әр адамның сана-сезімімен қабылдайтын шешімі. Шынтуайтында, оны биліктегі шенеуніктер айтпай-ақ, әркім өзі соны біліп, түйсінуі керек. Әлемде дамып кеткен мәйіттік донор елімізде алға жылжысын десек, әр азамат айналасындағы адамдарға көмек беруге мүмкіндік туатынын түсінуі қажет.
Ал 16 мыңнан астам азаматтың қайтыс болғаннан кейін өз ағзаларын трансплантация үшін пайдалануға келісім бергеніне келсем, 20 млн халық үшін бұл өте аз. Егер 90 пайызы қарсылық танытса, бәрі бекер. Бізде түсінік әрқалай. Бірі діни тұрғыдан дұрыс еместігін айтады. Бірақ ешбір дін бұған қарсы емес. Сол дінді берік ұстанған мұсылман елдерінде де ағза ауыстыру дамып жатыр.
– Қайбір жылдары А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы Алматы қаласы әкімшілігінің жанынан үйлестіру кеңесін құрып, Діни басқармамен бірлесіп жұмыс істеуді қолға алған-ды. Бұдан күткендегідей нәтиже болмады ма?
–Біз бәрін айтып, түсіндірдік. Халық мешітке жиналып, уағыз тыңдап, намаз оқуға келгенде діни қызметкерлер де өз үлесін қосу керек. Араб мемлекеттерінде трансплантацияны дамытып жатқан дәрігерлер емес, діндарлар. Біздің айтқанымыздан гөрі, имамдардың сөзі өтімді. Алайда қазіргі уағыздарының түрі анау. Мешітке келген 60-80 жас аралығындағы егде кісілерге жап-жас жігіттер уағыз айтып отырады. Осы дұрыс па?! Өмір көрген адамға не үйретеді олар? Балабақшада, мектепте отырған жоқ қой. Оның орнына халыққа керекті дүниені айтпай ма?! «Алладан қалай келдім, солай қайту керек» дегенді физикалық тұрғыдан түсінбеу керек. «Адам бұл дүниеге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді» дейді халық даналығы. «Дүние жиып нетесің, бір күні тастап кетесің» демекші, ана өмірге ештеңе алып кетпейтініңді түсіну қажет. Діни мамандар өздері уағыздарында «40 күннен кейін сүйектен ет ажырайды. Адам көз жұмған сәтте оның жаны тәнін тастап кетеді екен» деп айтады. Сөйте тұра «Алладан бүтін келіп, бүтін кетуің керек» дейтіні түсініксіз. Мұнда ешқандай логика жоқ. Онда неге ауруханаға келеді? «Алланың ісі ғой, Алла өзі алады» деп үйде неге жата бермейді?
Адамның психологиясы қызық. Қазір молданың өзі бірінші емханаға жүгіріп келеді. Неге? Инфаркт алып немесе инсульт болдың екен, Алланың бұйрығын жатып алып қабылдай бермейсің бе? Ал былайғы кезде бәрі ақылды. Исламға сүйеніп шығады. Демек, алдымен діни қызметкерлер, имамдар бізді қолдап, дұрыс әңгіме айтуы тиіс. Біреуі, екіншісі, үшіншісі түсіндірме жұмысын жүргізсе, қоғам сонда біртіндеп өзгере бастайды. Бұл мәселе туралы тек біз қозғап жатқан соң, халықтың да пікірі басқаша қалыптасады.
Уағыз – тек Құранның аяты, хадисінен тұрмайды ғой. Жалпы, адамгершілікке, адами қасиетке, тәрбиеге, ата-ананы сыйлауға қатысты әңгімелер де айтылуы керек. Бірақ оны айту үшін өздері сол деңгейге жетуі тиіс. Өмірден көрген-түйгені мол, ақсақал жасына жеткен адам айтса, жарасады. Кейбір жас жігіттің уағызын тыңдап өзің ұяласың. Жартысы – қазақша, қалғаны – орысша.
Ел арасында жүрген соң айына жоқ дегенде төрт-бес өлім-жітімге, жаназаға барасың. Бәрінің айтатыны – жауыр болған бір әңгіме. Одан да отбасындағы тәрбие, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет туралы, қоғамның психологиясын өзгертетін дүниелерді айтпайсың ба?! Бұрын қоғамдық көлікте жастар орнынан атып тұрып, орын беретін. Қазір қолдағы телефонын шұқылап, қозғалмай отыра береді.
Мәйіттік донорды дамыту жөнінде дәрігерлер көтерсе, халықтың психологиясы қызық қой, бірден «мәйіттің ағзасы өздеріне керек» деп ойлайды. Бізге не керегі бар? Донор кезегін сағат санап, жәутеңдеп күтіп, қиналып жатқан науқастарға, оның ішінде жастар мен балаларға обал. Егер ағза ауыстыру операциясы сәтті өтсе, 90 пайызы өмірге қайта келіп, отбасы құрып, балалы болып жатады. Ертең 100 пайыз өлетін адам бір жылдан кейін 90 пайыз өмір сүріп кетіп, қатарымызға қосылып жатса, неге қолдамасқа? Үйінде диванда жатып, интернетке «дәрігерлер – қылмыскер» деп айналасын арандататындар да бар. Мұның дәрігерлерге түкке керегі жоқ. Бізге түнгі 3-те ауруханаға келіп, он екі сағаттап аяқтан тік тұрып ота жасау, одан кейін күндіз-түні науқастың денсаулығын бақылауда ұстау не үшін керек? Біз оны не қыламыз? Жанымызды күйттеп, неге тып-тыныш отырмаймыз? Одан айлығымыз өзгеріп жатқан жоқ. 10 трансплантация жасайсың ба, 10 000 ота жасайсың ба, одан айлық көбеймейді. Бәрі сол мәйіттік донор дәрігерлерге ғана қажет сияқты сөйлейтіні көңілге тиеді.
– Еуропа шіркеулерінің маңдайшасында «Сенің мүшең Құдайға керек емес, оны осы жердегі адамдарға қалдырып кет» деген жазу ілініп тұрады екен. Бәлкім, сіз айтқандай, бұл тақырыпты мешіт имамдары біртіндеп жұма күнгі уағызда айтып, құлаққа сіңдіре беру керек шығар.
– Оларда ешқандай әңгіме жоқ. Соның арқасында Испания мәйіт доноры бойынша бірінші орында. Одан кейінгі кезекте Хорватия, Норвегия, АҚШ тұр. Ал Ислам дінін берік ұстанатын елдер ішінде мәйіт трансплантациясын жасаудан Иран мемлекеті көш басында, сол сияқты Біріккен Араб Әмірліктерінде де дамып жатыр. Бәрі қоғамның деңгейіне байланысты. Ол үшін ақпарат жеткілікті. Бүгінде мәйіттік донор мәселесінде қолданып жүрген бір жол ғана бар, ол – келісім презумпциясы. Біздің қоғамда келісім алып, жасау керек. Испания, Хорватия, Беларусь осы жолмен-ақ жүріп келеді. Олардың дамитын себебі – заң талап етеді. Қазір оны үгіттеудің, айтудың керегі жоқ. Себебі 90 пайыз қолдамаса, дайын болмаса, екі ортада біз қаламыз. Біз онсыз да сорлап біттік. Дәрігерді айқай-шуға тықпалап, сотқа сүйреу керек емес. Онсыз да трансплантация жасайтын дәрігерлерге алғыс айтудың орнына қудалап, іс қозғап, қамауға әрекеттенгендер болды.
Ал сәйкесінше, келісімсіз презумпциясын да дамыту қиынға соқпайды. Бүгінде бұл діни ұстанымына берік мемлекеттің бірі Оңтүстік Кореяда жақсы дамыған. Мәселен, мұнда мәйіт донорына қолдау көрсеткені үшін сол отбасына жерлеу рәсіміне көмек ретінде 10 мың АҚШ долларын береді. АҚШ-та, Иранда да солай, материалдық жәрдем жасайды. Яғни бұл саланы дамыту үшін көп мемлекет тұрғындарына қаржылай жәрдем көрсетеді. Бізде де аяқ астынан жақынынан айырылған кейбір отбасының жерлеуге, асын беруге жағдайы бола бермейді. Сондай кезде 10 мың доллар болмаса да, жерлейтін жерін алып берсе, соның өзі демеу. Әрі сол арқылы трансплантация мәселесі де бірден алға жылжиды.
– 2005 жылы қабылданған «Трансплантация туралы» заңға талай мәрте өзгеріс енгізіліпті. «Әрине, бұл заңды Қазақстан ойлап тапқан жоқ. Үтір, нүктесіне дейін әлгі мемлекеттердің заңымен бірдей» деген едіңіз. Бірақ бұл заң тиісті деңгейде жұмыс істеп жатыр ма?
– Жалпы, бұл салада дамыған мемлекеттің бәрінің заңы бірдей. Бар болғаны – 4-5 бап қана. Испания, АҚШ, Хорватия, Беларусьтің заңында ешқандай айырмашылық жоқ. Алады да, қабылдайды. Ал біз алдық та, екі түсінікті бір бапқа енгізіп, араластырып жібердік. Бұл заңға қаншама рет өзгеріс енгізіп, толықтырылды. Заң ұсынып, қабылдағандардың өздері мұны түсінбей тұрғанда, бұл сала дамымайды. Олар өз түсінігімен ғана қабылдайды. Біздің заң ботқа боп, бәрі араласып кеткен. Бұған қатысты біз сияқты эксперттердің айтқанын Парламентте тыңдап жатқан кім бар? Кезінде «Дәл осы күйде қабылдауға болмайды, трансплантация мүлдем дамымайды» деп айттым. Бұл саланы күнде айналысып жүрген бізден артық кім біледі? Мұны өз жанымыздан шығармаймыз, әлемдік тәжірибеге сүйенеміз. Трансплантология саласында мәйіттік донор арқылы трансплантация жасалып жатқанына – 63 жыл. Содан бері біз үшін дамыған мемлекеттер бәрін айқын жазып қойған. Соны ал да, заңға кіргіз, болды.
Сондықтан «Арба да сынбасын, өгіз де өлмесін» деген ұстаным болмайды. Заңның аты – заң. Бәрі анық, нақты жазылуы тиіс. Біз алдымен заңды жөндейік, әр пункті түсінікті болуы керек. Қазір жұрт не қолдайтынын, не қарсылық танытатынын білмейді. Ондай екіұдай түсінік болмау үшін заңды нақтылап алу қажет. «Заңға өзгеріс жасау керек» деп министрлікпен бірге ұсыныс айтып келе жатқанымызға төрт жылдан асты. Бірақ заң жобасына енгізілген ұсыныстың Парламентте жатқанына үш жыл болды. Мұны кешегі Парламент те қараған жоқ, ақыры тарап кетті.
– А.Н.Сызғанов атындағы хирургия орталығы бүкіл әлемге белгілі, ал мамандары кәсіби біліктілігі жағынан жоғары бағаланады деп қалдыңыз. Бүгінде бұл салада да ноу-хау жаңалықтар бар ма?
– Біз бұл істі қолға алғанымызда көп мемлекетте трансплантация жоқ еді. Тіпті дамыған елдерде болмады. Біздің тарихымыз әріде жатыр. Дайындық, тәжірибе жағынан еш мәселе жоқ. Қандай ағза болсын, атап айтқанда, жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безін ауыстырып береміз. Осы саладағы қайсыбір мықты деген мемлекет дәрігерлерінің деңгейінен асып түспесек, кем емеспіз. Біздің мамандар үнемі халықаралық конференцияларға барып баяндама жасайды, пікір алмасады. Біздің орталықтағыдай команда дүниежүзінде аз. Былайша айтқанда, біз өмір бақи оқимыз, меңгереміз, басқаға үйретеміз.
Қазір шәкіртім де жеткілікті. Ең алғаш бүйрек трансплантациясын 20 жыл бұрын, бауырға 15 жыл бұрын жасадым. Жалпы, трансплантация елімізде 65 жылдан бері жүзеге асып келе жатыр. Бұл саланың айналасында ешқандай жаңалық жоқ. Тек жаңа технологияға, дәрі-дәрмекке қатысты азғантай өзгеріс болатын шығар. Біз трансплантация бойынша алдыңғы қатарлы 100 мемлекеттің ішінде ондыққа кіреміз.
– Мәселен, басқа елдің азаматы донор тауып, біздің елде ағзасын ауыстыра ала ма?
– Он жылдай болды, шетелден келіп, ағза ауыстырғысы келетіндерді тоқтаттық. Оның себебі көп. Біз жақындық туыстық донор болмаса, жасамаймыз. Тым болмаса, бір-біріне ағайындық қарым-қатынаста болуы керек. Яғни қаржылық кілтипан болмау үшін. Бірақ біз бас тартсақ та, мұны Үндістанда, Түркияда жасап жатыр. Бұл – дұрыс емес. Оларда да заң тыйым салған. Бірақ әйтіп-бүйтіп жолын табады. Егер оларға есік ашсақ, ертең өтірік құжат жасап, бізге де келуі мүмкін. Қазір құжатты да қолдан жасай береді. Оны қалай тексересің?! Біз олардың арасында туыстық қарым-қатынас бар ма, жоқ па, екі ортада ақша жүрген жоқ па, қайдан білеміз. Соның бәрін ескере отырып, әзірге басқа елден келіп, ағза ауыстырғысы келетіндерді тоқтаттық. Айналып келгенде, бізді жауапкершілікке тартуы ықтимал. Халықаралық бедел жинаймыз деп жүріп, бәлеге ұшырауымыз мүмкін.
– Еліміздің кейбір азаматтары отандық медицинаға сенбей, ем алу үшін шетелге барады. Неге?
– Шетел болғанда, мәйіттік донорға тек Беларуське баруы мүмкін. Өйткені оларда ағза бар. Сондай-ақ біз «араларыңда туыстық қарым-қатынас жоқ» деп қайтарғандар басқа елге барып жасатады. Шын мәнінде, бізде теп-тегін жасап жатқанда, 40-50 мың долларды не үшін төлейді? Ал бізге сенбей, басқа жаққа барып, уақыт жоғалтып алатындар жоқ емес. Әбден асқынған кезде есік қағып, көмек сұрайды. Өлуге ауруханаға келеді, өлген соң дәрігерді кінәлайды. Әлбетте, қолымыздан келгенше барын жасаудан аянып қалмаймыз. Дәрігер Құдай емес. Оның да мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан халықтың 100 пайыз көңілі толуы мүмкін емес. Себебі медицина сондай сала. Қолымыздан бәрі келе бермейді.
– Донор күтетін реципиент қанша уақыт күтуі мүмкін?
– Амал жоқ, кезекке тұрады. Бірақ донор табылмай өмірден өтіп кететіні көп. Себебі мәйіттік донор дамымаған. 10 пайыз ештеңені шешпейді. Ресми дерек бойынша, 2025 жылы 186 адамда ми өлімі тіркелсе, соның 18-і ғана мәйіттік донор болған. Ал 2026 жылы 96 адам көз жұмғанда, жетеуі ғана донор атанған. Ал енді ойлаңыз, оларға кезек қашан келеді? Бұл кезек ешқашан келмеуі де мүмкін. Себебі алға жылжып жатқан жоқ. Мәселен, бүйрекке мұқтаж науқастың өмірін диализ ұзартады десек те, аптасына үш рет бес сағат аппаратта жатады. Диализдің арасындағы өмір – өмір емес. Бұл қондырғы жай ғана ауруды жеңілдетеді. Бірақ удың бәрі ағзада жүреді. Жыл сайын 5 мың адамның құрығанда 500-і донор күтіп, кезегіне жетпей өледі. Ал бауырмен кезекке тұрғандар көпке бармай, жарық өмірмен қош айтысады.
– Өзіңіз әлгі қайтыс болғаннан кейін өз ағзаларын трансплантация үшін пайдалануға келісім берген 16 109 азаматтың ішінде барсыз ба?
– Бұл жағынан мәселе жоқ. Менің келісіміме не байланысты дейсің? «Біз, дәрігерлер бәріміз ағзамызды беруге дайынбыз» деп жарнама жасағаннан не пайда? Мәселе онда емес. Біз мұның керектігін әу бастан түсінеміз. Сол үшін бізге айтудың да басы артық. Мұны анау айналаңыздағы түсінбейтін адамға жеткізу керек. Шын мәнінде, 60 жастан кейін менің органым ешкімге керек те емес, қажеттілігі шамалы. Негізінен донор жас, ағзасының бәрі жарамды болуы керек. Ондай кезде ол адамның туысқандары келісім беруі керек. Егер сіз көзіңіз тіріде «келісім беремін» деп жазып кетсеңіз де, одан кейінгі мәселені ет жақындарыңыз шешеді. Осы тұрғыда айтып отырғаным сол, заңның бәрі шикі. Бұл саланың ілгері баспай тұрғанының себебі – осы. Сонда сенің келісімді бүгін жазып кеткеніңнің не пайдасы бар? Міне, осының бәрін заңға қайтадан дұрыстап енгізу керек. Өзің шешім қабылдадың ба, тіркеу жасадың ба, бұл заңды түрде жүзеге асуы қажет. Сен өмірден өткеннен кейін келісіміңді ешкім өзгертпеуі тиіс. Ал бізде туыстарына, әйелі не күйеуіне мүмкіндік беріп қойған.
Сондай-ақ мен де, сіз де, жаңағы 16 мың адам да келісімді қазір жазып қойса да, заңда «өлгеннен кейін шешімді туыстары қабылдайды» делінген. Тіпті кейін ойың өзгеріп, күндердің бір күнінде келісімнен бас тартуың да мүмкін. Шетелде де солай, келісіміңді жүре келе қайтып алуыңа болады. Бұл – бір рет жаздың, сол күйі қалады деген сөз емес қой. Әлгі 16 мың адамның да туыстары жеме-жемге келгенде қарсы шығып, нөл болуы да мүмкін. Түбінде соттасса, бәрібір медицина қызметкерлері жеңеді. Бірақ оның не керегі бар? Сондықтан қазір реті келсе, сол кезде ғана нақты келісім алу керек. Мың, жүз болмай-ақ қойсын, аз болса да өзара келісіммен алған дұрыс. Сол кезде ешқандай әңгіме шықпайды, сөз де ермейді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғам келісімсіз алуға дайын емес.
Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы