Бөлекпаев БАҚ-ты неге бөлектеді?
Бөлекпаевтың 100 күндік есебінен не ұқтық?
Ермағанбет Бөлекпаевтың Қарағанды қаласының әкімі болып тағайындалғанына былтырғы 23 желтоқсанда тура 100 күн толды. Бірақ шаһар басшысы айтулы датаны алты күнге кешіктіріп барып, желтоқсанның 30-ында журналистермен атап өтуді жөн көрді. Бөлекпаевтың есебін естуге сайдың тасындай іріктелген БАҚ өкілдері ғана шақырылды. Аядай бөлмедегі дастархан басында өткен әкімнің жүздесуіне арнайы шақырту алған журналистер саны тым шектеулі болды. Әдетте әкімдердің есебі болатын күн ай ілгері, кемі жарты ай бұрын жергілікті басылымдар мен теле-радиода хабарланатын-ды. Біздің білуімізше, бірінші басшы даңғарадай сарайда халық алдында есеп беретін-ді. Әдетке сай, жұртпен бірге бұқараның мүддесін естуге журналистер де ере келетін. Ол үрдіс қазіргі пандемия салдарынан онлайн, тікелей эфир форматына ауысты. Қалай десек те, Бөлекпаев пен оның маңындағылардың ыңғайына бұл форматтың бірі ұнамаған сыңайлы. Сонда, жаңа әкімнің БАҚ өкілдерін бөле-жара қарауының сыры неде? Шағын құрамдағы кездесудің түбінде қандай саясат жатыр деген ой қылаң береді. Қалай болғанда да, төтенше есеп берудің бір кілтипаны бар секілді.
Жасырын кеш жария болды
Біздің болжамымыз дөп келді. Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың журналистерге арналған есебі аяқастынан ұйымдастырылған шара болып шықты. Желтоқсанның 29-ында журналист Диана Сапарқызы әлеуметтік желі арқылы қала әкімінің журналистерге арналған жаңажылдық кеші түнгі клубта өтетіндіктен, мұндай ойын-сауық орталығына бармайтынын айтып, жазба қалдырды. Әріптесіміздің айтуынша, артынша оған әкімдіктің арнайы уәкілі қоңырау шалып, мекенжайдан шатастық деп ақталып, айыптарын жуып-шайған. Жаңажылдық кештің әңгімесі сап тыйылып, ертеңінде жұрт Бөлекпаевтың «жасырын есебін» жаппай талқыға салды.
«Бөлінгенді бөрі жейді»
Келесі күні қала басшысының есебін Facebook-тен көріп оқыған қаламгерлер Бөлекпаевтың таңдаулы журналистерімен өткізген жасырын жүздесуін жаппай талқылады. Кейбір әріптестер Журналистер одағының облыстағы хатшысы Жәнібек Садықановқа «биліктің ығына жығылдың, БАҚ-ты бөлектеуге жол бердің» деп мін тақты. Бұл жолы билік пен тілшілер арасында көпір болып жүрген әкімдіктің баспасөз хатшысы Әсел Сәдуақасова кадр сыртында қалып қойды. Ол да «үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген айлаға салды. Жасырын жүздесу ұйымдастырған қала шенеуніктеріне қарсы жергілікті журналистер 60-тан астам жазба қалдырды. Қаламгерлер қауымының өкпе-назына қала әкімдігінен бір жан жауап қатпады.
Бөлекпаевтың 100 күндік есебінен не ұқтық?
Қарағанды қаласының әкімі лауазымына келгеніне үш айдан асқан Ермағанбет Бөлекпаевтың шағын құрамдағы журналистерді жиып өткізген жиынында сүбелі сөз, тыңғылықты шаруа еңсерілгенін естімедік. Кеншілер шаһарын Мәскеудің жартысындай аумаққа теңеген әкім: «Мен аудан әкімдеріне тікелей эфир ұйымдастырып, халыққа атқарған жұмыстарың жайында есеп беріңдер дедім. Бұл олардың жұмысы. Жалғыз өзім барлығын шеше алмаймын. Күшім де, уақытым да жетпейді», – деп түйіндеді сөзін.
Біздің бұған алып-қосарымыз, әлбетте, жұмыстың жеңілі жоқ. Елдің жүгін арқалаған азаматқа артылар жүк қашанда ауыр. Сондықтан әкімқараларға бірлесе атқарған жұмыстың берекелі әрі жемісті болатынын естен шығармаған жөн.