Без Категории

Болгарияны нацизмнен азат етуге арналған ресейлік көрмені айыптады

София "Шығыс Еуропаны нацизмнен азат етуге арналған" Ресей елшілігі ұйымдастырған көрмені айыптады.

Jasalash.kz

Болгарияның сыртқы істер министрлігі Софиядағы Ресей елшілігін совет әскерінің Болгарияға кіруін "азат ету" деп қарастыратын "тарихи тұрғыда даулы тұжырымды қолдамауға" шақырды.

Болгариядағы ресейлік тарихи қауымдастығы дайындаған көрме 9 қыркүйекке жоспарланған. 1944 жылы дәл осы күні совет әскері Болгария аумағына кірген. 1989 жылға дейін бұл күн елде ұлттық мереке ретінде тойланып келген.

Болгарияның сыртқы істер министрлігі таратқан ресми мәлімдемеде СССР-дың Еуропадағы нацизмді күйретуіне қарамастан "жарты ғасыр бойы совет әскерінің найзасы Орталық және Шығыс Еуропа халықтарына қасірет әкелді, қуғын-сүргінге ұшырап, азаматтық ар-намысы тапталды, экономикалық тұрғыда тығырыққа тірелді, дамыған Еуропа мемлекеттеріндегі даму процестерінен алшақтатылды, бұған көз жұмып қарауға болмайды" деп жазылған. Болгарияның сыртқы істер министрлігі Ресей елшілігін елдегі жекелеген саяси күштер ғана жақтайтын "азат ету" туралы даулы тарихи концепцияны жақтамауға шақырып, бұл әрекетті "елдің ішкі ісіне араласу" деп атаған.

Ал Болгариядағы Ресей елшілігі Facebook-тағы парақшасында Болгария министрлігіне жіберген жауабын жариялап қойған. Онда "Шығыс Еуропаны нацизмнен азат етуге арналған көрме болгар қоғамын ресейлік мұрағат деректерімен таныстыруды ғана көздейді. Құжаттардың көбі бұған дейін белгісіз болып келген немесе жақында ғана табылған және Қызыл Армияның адамзатты фашистік обадан арылтудағы рөлін баяндайды… Экспозициямен таныспай тұрып, қандай да бір ресми мәлімдеменің пайда болғанына сәл таңырқап тұрмыз" делінген жауапта.

Өткір сынға қарамастан Болгария Мәскеумен достық қарым-қатынасты қолдайды. Ресей — елді энергиямен қамтамасыз ететін негізгі мемлекет. Елде бұрынғы коммунистік партияны жақтайтындар көп. Жыл сайын 9 қыркүйекте Софиядағы совет әскері ескерткішіне гүл шоқтары қойылады.

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега