Қоғам

«Бомба қойдым»: Алматыда полицияға жалған хабарлама берген ер адам ұсталды

Алматыда полицияға жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген ер адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Полиция

Полицияға Алматы қаласындағы аудандық полиция басқармаларының бірінің ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына қаланың шұғыл қызметтері дереу жетіп, ғимарат пен оған іргелес аумақты мұқият тексерді. Тексеру нәтижесінде жарылғыш заттар, жарылғыш құрылғылар, оқ-дәрілер және жедел қызығушылық тудыратын өзге де заттар анықталған жоқ.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында басқарма қызметкерлері аталған хабарламаны жасаған адамды анықтады. Ол 56 жастағы ер адам болып шықты. Ер адам іс жүзінде ешқандай жарылғыш зат қоймағанын және ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламаны қасақана жасағанын мойындады.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

 

Сайт Әкімшілігі