Қоғам

Боранбаевтың мемлекетке қайтарған компаниялары шығынға ұшырап жатыр

Кәсіпкер Қайрат Боранбаевтан мемлекет меншігіне қайтарылған бірқатар активтің қаржылық жағдайы мен кейінгі тағдырына қатысты сұрақтар туындады.

Фото: ©ФК "Кайрат"

Мәселен, бұрын кәсіпкерге тиесілі болған "АзияГаз Чунджа" газ тарату компаниясы екінші жыл қатарынан шығынмен жұмыс істеп келеді.

Компанияның қаржылық көрсеткіштері:

– 2023 жылы таза пайдасы 4 млрд теңгеден асқан;

– 2024 жылы 3,2 млрд теңге шығынға ұшыраған;

– 2025 жылы 621 млн теңге шығын тіркеген.

Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаев жалпы құны 134 млрд теңге болатын активтерді мемлекетке қайтарғанын хабарлаған. Алайда олардың кейбірінің қазіргі жағдайы мен басқарылуына қатысты сауалдар бар. Мәселен, "АзияГаз Чунджа" компаниясы мемлекетке қайтарылған кезде 14 млрд теңгеге бағаланған. Қазір оның баланстық құны 2 млрд теңгеден сәл ғана асады.

Ал мұнай өндірумен айналысатын Phystech II компаниясы 35,4 млрд теңгеге бағаланған. Боранбаевтың иелігінде болған кезде пайда әкелген кәсіпорын мемлекет меншігіне өткеннен кейін шығынға батқан. Кейін Инвестициялық штабтың шешімімен компанияның 51 пайызы жеке тұлғаға берілген. Қалған 49 пайызы Үкіметтен "Самұрық-Қазынаға", одан әрі "ҚазМұнайГаз" бен "ҚМГ Инжинирингке" өткен.

Тағы бір актив – "ҚазТурбоРемонт" компаниясы. ҚМА оны 14 млрд теңгеге бағалағанымен, кейін кәсіпорын тендер өткізілмей-ақ жеке құрылымдарға берілді. Ал Fitnation фитнес-клубтар желісін мемлекет тек үшінші әрекеттен кейін аукцион арқылы сата алған. Сату құны шамамен 2 млрд теңге болды. Сонымен қатар Боранбаевтың иелігінде Ritz-Carlton, Esentai, I"m дәмханалар желісі және "Алмалы" сияқты бизнес активтері қалған.

Осы жағдайлар мемлекетке қайтарылған активтердің құны қаншалықты объективті бағаланғаны және оларды кейін басқару қаншалықты тиімді болғаны туралы сұрақ туындатады.

Сайт Әкімшілігі