Әлеумет

«Борат» дауы: Shoqansuits бренді халықтың ашуына тиді, кейін кешірім сұрады

Қазақстандық Shoqansuits бренді әлеуметтік желіде «Борат» образы қолданылған видеоны жариялағаннан кейін көпшіліктің сынына ұшырады.

Фото: скриншот / ЖИ арқылы өңделді

Желі қолданушылары мұндай контент қазақ халқының ар-намысына тиеді деп есептеп, брендке бойкот жариялауға шақырды.

Пікір білдірушілердің бір бөлігі қазақ тілінде сөйлеу ұлтқа деген құрметтің көрсеткіші бола бермейтінін айтып, компанияның халыққа деген көзқарасын сынға алды. Олар мұндай контент Қазақстанның және қазақ халқының имиджіне кері әсер етеді деп есептейді.

Дауға байланысты Shoqansuits брендінің негізін қалаушы Ұлықбек Шәріпов мәлімдеме жасап, сынға ұшыраған видеоны өшіргенін хабарлады. Оның айтуынша, «Борат» образын пайдалану арқылы қазақ халқын қорлау мақсаты болмаған.

Сондай-ақ ол компанияның негізгі аудиториясы орыстілді тұтынушылар болғандықтан, контенттің басым бөлігі орыс тілінде дайындалатынын айтты. Дегенмен алдағы уақытта қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыруға ниетті екенін жеткізді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Борат