Борис Джонсон Брекзитті шегере тұру жайлы Еуродаққа хат жазды
Британия премьер-министрі Борис Джонсон Брекзит мерзімін шегеру тұру туралы Брюссельге өтініш хат жіберіп, оған қол қоймаған.
Би-би-сидің британ үкіметіндегі дереккөздеріне қарағанда, Джонсон қол қойған тағы бір хат жіберілген. Онда британ премьер-министрі Еуродақтан шығуды кейінге қалдыруды қате деп санайтынын көрсеткен.
Екі хаттан өзге Брюссельге Британияның Еуродақтағы өкілі Тим Бэрроудың хаты жөнелтілген. Онда бірінші хат — заңға сәйкес, яғни британ парламентінің шешімі бойынша жолданғаны хабарланған. Британия премьері хатты өз атынан жібермегені жайлы Еуро одақ елдері жетекшілерін құлағдар еткен.
Еуро одақ төрағасы Дональд Туск Брекзит мерзімін шегеру туралы хатты сенбі күні кешке алған. «Кейінге шегеру жөнінде хатты жаңа ғана алдым. Оған қалай жауап беруді Еуро одақ елдері басшыларымен ақылдасамын», — деп жазды ол Twitter парақшасына.
Сенбі күні британ парламенті Британияның Еуродақтан шығуына қажетті заң жобаларының барлығы мақұлданғанға дейін Брекзит келісімін шегере тұруға келіскен.
Британия премьер-министрі Борис Джонсон үкімет Еуродақпен жасасқан келісім нұсқасын британ парламентінен өткізуге тырысатынын мәлімдеді. Джонсон оған қазанның 31-іне дейін қол жеткізетініне сенімді. Ол Брекзит келісімін мақұлдауға қажетті заң жобасын бүгін де ұсынады.