БҚО-да аллеядағы орындықты сындырған жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды
Бөрлі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Ақсай қаласындағы аллеялардың бірінде орындықты сындыру фактісін анықтады.
Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу барысында үш жасөспірімнің аллеямен келе жатқаны, олардың біреуі орындықтың үстіне секіріп, оны сындырғаны белгілі болды.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ол 16 жастағы оқушы болып шықты.
Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор жасөспіріммен және оның ата-анасымен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған факті бойынша әкімшілік материалдар соттың қарауына жолданды.
Сот шешімімен жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды.