Қоғам

Бір күнде 3 рет шағым түскен: елордада қоғамдық тәртіпті бұзған тұрғын қамауға алынды

Елордада қоғамдық тәртіпті бұзған ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: полиция

Елордада 47 жастағы ер адамның үстінен бір күнде полицияға үш рет шағым түсті. Алғашқы оқиға қалалық автобуста болған. Мас күйінде болған ер адам балағат сөздер айтып, жолаушы әйелмен жанжалдасқан. Қала тұрғыны полицияға жүгінді.

Автобустан түскеннен кейін ол аялдамада тағы бір әйелмен сөзге келіп, оған да әдепсіз сөздер айтқан. Кейінірек ер адам велосипедшімен жанжалдасып, оның велосипедін лақтырып жіберген. Осы оқиғадан кейін велосипедші де полицияға арызданған.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол екі рет ұсақ бұзақылық жасағаны және қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Сайт Әкімшілігі