Қоғам

«Бір тәтті үшін асылып өлді деу миға қонбайды»: 19 жастағы келіншектің өліміне қатысты күмән көп

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның қатаңдағанына екі жылдың жүзі болды. Алайда заңнаманың күшеюіне қарамастан, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен соның салдарынан туындайтын өлім-жітім әлі де тыйылған жоқ. Күні кеше Жамбыл облысында болған қайғылы оқиға қоғамның алаңдаушылығын қайта күшейтіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен оған қарсы күрес мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Дүкенде 200 теңге көлемінде тұратын «Барни» тәттісі үшін күйеуінен таяқ жеп, өзіне қол жұмсаған жас келіншектің қайғылы тағдыры қоғамның жанайқайын одан әрі күшейтті.

Фото: әлеуметтік желіден

Оқиға Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы Мадина Рашидқызы өзіне-өзі қол жұмсап, қайтыс болды. Белгілі болғандай, марқұм Меркі ауданында жұбайымен бірге тұрған. Мадина Өзбекстан азаматы болған. Күйеуі екеуінің арасында 8 айлық бала бар. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Мадина жүкті болған. Алайда бұл расталмаған мәлімет. Марқұм қайтыс болар алдында құрбысына хабарлама жазып, отбасындағы жағдайды баяндаған екен. Оқиғаға қатысты мәліметтер марқұмның құрбысына жазған сол хабарламасынан белгілі болды. Оның сөзінше, жанжал небәрі 250 теңге шамасында тұратын «Барни» бисквитінен басталған. Марқұм келіншек құрбысына баласына алып келген тәттінің бір бөлігін жеп қойғанын, сол себепті күйеуімен сөзге келгенін жазған.

«Бүгін Мадиярмен бір «Барни» шоколады үшін қатты ұрыстық. Ұрып жіберді. Балама алып келіпті, содан бір дана алып жегем. Соған: «Неге жейсің? Мен оны балаға алып келдім», деді. Үш рет тоқтамай солай сұрады. Сосын «жемеймін» деп, жартысын қолына бердім», – деп жазған келіншек құрбысына.

Жанжалға енесі де араласып, жағдай одан сайын ушыға түскен. Келесі күні жас келіншек құрбысына үйдегі заттарын жинап қойғанын көрсетіп, суреттерін жолдаған. Артынша одан 15 мың теңге қарыз сұраған. Құрбысының қолында қажетті ақша болмағандықтан, көмектесе алмаған. Арада көп уақыт өтпей, Мадинаның қайтыс болғаны туралы суық хабар жеткен.

Қазіргі таңда қыздың құрбысы мен туыстары Мадина Рашидқызының өзіне-өзі қол жұмсағанына сенбейді.

«Мадинаның денесінде сау жер қалмаған. Сүйреп, кейін асып қойғандай әсер қалдырады. Шынымды айтсам, ол өзіне қол жұмсаған адамға мүлде ұқсамайды. Шашы қоқым-қоқым болып кеткен, аяқтарында сырылған іздер бар. Арқасынан ұрғандай, беті көгерген», – деп жазды марқұмның құрбысы.

«Өз құқығымызды білмей, тұрмыстық зорлық-зомбылық тоқтамайды»

Қайғылы жағдайға қатысты марқұмның туыстары заңгер Ләззат Рақышевадан көмек сұраған. Заңгердің айтуынша, Мадинаның өліміне қатысты бірқатар сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр. Оның сөзінше, марқұмның туыстары қыздарының өзіне қол жұмсағанына күмән келтіреді. Қазір Ләззат Рақышева отбасыға заңгерлік кеңес беріп, істің тергелу барысын бақылауда ұстап отыр.

Ләззат Рақышева, Фото: ашық дереккөзден

«Алдыңғы күні түн ішінде әлеуметтік желі қолданушылары жазбалардың астына мені белгілеген екен. Әлеуметтік желіде тараған жазбаны барлығы да көріп отыр. Мадина құрбысына хабарлама жазған. Оны мен де көрдім. Қандай мәселе болғанын білдім. Маған анасының сіңлісі хабарласып, заңгерлік кеңес сұрады. Олар Мадинаның өзіне қол жұмсағанына сенбейтіндерін айтты», – дейді ол.

Құқық қорғаушының сөзінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша тіркелген. Марқұмның денесіне қатысты сараптама Жамбыл облысында жүргізілген. Туыстарының айтуынша, денесінде сырылған іздер, шашында жұлынған жерлер болған. Алайда Рақышева әзірге сараптама қорытындысымен толық таныспағанын атап өтті.

«Туыстары қазіргі таңда адвокат жалдаған жоқ, біз өз тарапымыздан заңгерлік кеңес беріп жатырмыз. 24 сағат байланыстамыз. Бізге қыздың құрбысы да шыққан болатын. Оған да кеңес бердік. Ары қарай іс қалай тергеледі, солай жүреді. Сараптама нәтижесімен әлі танысқан жоқпын. Әзірге қолымызда толық ақпарат та жоқ», – деді Ләззат Рақышева.

Оның пікірінше, Мадина бұған дейін де тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болуы мүмкін. Сондықтан оқиғаны тек бір ғана жағдаймен байланыстырып қарауға болмайды. Сонымен қатар Мадинаның анасы да бұл жағдайдан хабардар болуы мүмкін.

«Мен қыздың бір тәтті үшін асылып өлгеніне сенбеймін. Бұл жерде жүйелі қорлау болған сияқты. Адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жағдайлар болуы мүмкін. Келіншек күйеуіне қаржылай тәуелді болған. 8 айлық баламен ол қалай жұмыс істейді? Оның үстіне босанғаннан кейінгі күйзеліс те бар. Бір тәтті үшін барып, асыла салу миға қонбайды», – деді ол.

Ләззат Рақышева мұндай жағдайларда әйелдердің өз құқықтарын білуі аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, зорлық-зомбылыққа тап болған адам жалғыз қалмауы керек. Қиын жағдайда «111» және «102» нөмірлеріне хабарласып, дағдарыс орталықтары мен Отбасын қолдау орталықтарынан көмек алуға болады.

«Бізде дағдарыс орталықтары, Отбасын қолдау орталықтары жеткілікті. Қазақстан бойынша 160 қолдау орталығы бар. Олар тегін кеңес береді, тегін психологиялық көмек көрсетеді. Қажетті жерге хабарласса, дағдарыс орталығына апарып тастайды. Егер шешесі қабылдамаса да, туыстарынан ұялса, баратын жер көп. Мұны көпшілігі білмейді. Сол себепті халықты ақпараттандыру керек, құқықтық сауаттылығын арттыру қажет. Өз құқығымызды білмей, тұрмыстық зорлық-зомбылық тоқтамайды», – деді Ләззат Рақышева.

Ләззат Рақышеваның айтуынша, соңғы он күннің ішінде Жамбыл облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты екі ауыр жағдай тіркелген. Оның сөзінше, бұл оқиғалар қоғамдағы құқықтық сауаттылықтың әлі де жеткіліксіз екенін көрсетеді.

«Осы он күн ішінде бұл – Жамбыл облысында болған екінші оқиға. Екеуі де өте ауыр жағдай. Бірінші хабар алдыңғы жұмада келді. Тараз қаласында жүкті келіншекті күйеуі молаға апарып, ұрып-соққан. Сол жерде әйелдің суы кетіп, күйеуіне жалынып жатып, ауруханаға түскен. Алайда ол күйеуіне арыз жазбайтынын айтып, жағдайды ушықтырмауды сұраған», – дейді ол.

Рақышеваның сөзінше, аталған жағдай туралы жәбірленушінің құрбысы хабарласып, ақпарат берген. Кейін әйелдің өтініші бойынша әлеуметтік желідегі жазба өшірілген.

«Кейіннен жәбір көрген әйелдің өтінішімен жазбаны алып тастадық. «Бұл – менің өмірім ғой, алып тастаңызшы» деді. Мейлі, бұл оның өмірі шығар. Бірақ біз мұндай жағдайда қолдау көрсетуіміз керек қой. Көрдіңіз бе, бізде құқықтық сауаттылық әлі де жеткіліксіз. «Кімнен қорқасыз?» десем, «ешкімнен қорықпаймын, арыз жазбаймын» дейді. Меніңше, адамдар өздеріне көмек көрсететін мүмкіндіктердің барына сенбейді», – дейді Ләззат Рақышева.

Оның пікірінше, заң талаптарының күшеюімен қатар, азаматтарға өз құқықтары мен көмек алу жолдарын түсіндіру жұмыстары да қатар жүруі керек.

«Сену керек, заң қатайды. Шымкентте ер адамның әйелінің бетіне қышқыл шашқаны туралы ақпарат та тарады. Осындай жағдайлар соңғы уақытта жиілеп кетті. Сондықтан бұл мәселелер туралы ашық айту керек. Жәбірленушілердің көзін ашып, қайда және кімнен көмек сұрауға болатынын түсіндіру қажет», – деді Ләззат Рақышева.

Жамбыл облысының полиция департаменті әйелдің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын растады. Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы, яғни «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тіркелген.

«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.

Әзірге марқұмның бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы ақпарат құқық қорғау органдары тарапынан ресми түрде расталған жоқ.

Маржан СӘБЕТ

Сайт Әкімшілігі