Бір түннің жұмбағы: күдік пен күмәннің арасы
Кейде жастықтың буымен адам бір-бірін толық танып үлгермейді. Сезімге еріп қабылданған шешімнің салмағын уақыт өте келе ғана түсінетін сәттер де болады. Адамның шын болмысын тану да, өз таңдауыңа есеп беру де өмірдің еншісінде. Алайда кейбір қателіктің құны тым ауыр болуы мүмкін. Тіпті бір сәттік шешімнің соңы орны толмас өкінішке ұласатын жағдайлар да аз емес.
22 жастағы Даниал Сейдулланың жақындары мен адвокаты оның келеңсіз жағдайға тап болып, сүйіктісі Сана Нұржанованың өліміне және оны азаптауға қатысы бар деген күдікке ілінгенін жеткізді. Олар баспасөз мәслихатында Даниалға тағылып отырған әрекеттерге қатысты тергеу нұсқасының негізсіз екендігін, оның конституциялық құқықтары мен бостандығының бұзылғанын және сотқа дейінгі тергеудің объективті жүргізілмей отырғанын мәлімдеді.
Енді сол күнгі қайғылы оқиғаның жай-жапсарына тоқталайық. 2026 жылы 24 шілдеде сағат 04:54-те Алматы қаласы Әуезов ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне №1 шағынаудан, 77/3 үй мекенжайындағы тұрғын үйдің 6-қабатынан қыздың құлап кеткені туралы хабарлама келіп түседі. Ол жедел медициналық жәрдем келгенге дейін есін жимастан қайтыс болған. Осы факті бойынша сол күні Алматы қаласы Әуезов ауданы полиция басқармасының Тергеу бөлімі №267513031001357 қылмыстық іс бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігі, яғни өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сотқа дейінгі тергеу органы марқұмның Сана Нұржанова екенін анықтайды.
Даниал Сейдулланың анасы Әсел Құттықожанованың айтуынша, олар осы жылдың сәуір айының соңында танысып, бір-бірін ұнатқан.
«Қыз Талғар қаласының тумасы, бірақ баламмен танысқанға дейін Алматыда пәтер жалдап тұрған. Әңгімесіне қарағанда, ата-анасымен қарым-қатынасына сызат түскен. Бірде ұлым 29 маусым күні сол қызбен бірге пәтерге шығатынын айтты. Олар бірге келіп, тұрмысқа керекті заттарды алып кетті. Яғни айналасы үш апта тұрады. Ал қайғылы оқиға 24 шілдеге қараған түні болды. Олар осы жағдайдан екі сағат бұрын үйлену туралы шешім қабылдаған. Даниалдың сөзінен ұққаным, ол сүйіктісіне көмектескісі келіп, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстауға моралдық және психологиялық тұрғыдан жәрдем беруге тырысқан. Себебі ол үнемі өзіне қол жұмсағысы келетінін, көзіне бірдеңе көрініп, өзін баз біреудің шақырып жатқанын айтқан. Алайда менің ұлымда ешқандай жаман пиғыл болмаған. Тіпті екеуі үйленгісі де келді. Ал марқұм Сана Нұржанованың көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетіп, өзіне қол жұмсауына ұлымның кінәсі жоқ деп санаймын. Бұл оқиға Даниал дәретханаға кіріп кеткен кезде, яғни көзден таса қылғанда болыпты. Оның үстіне қыздың денесінен ешқандай зорлық-зомбылықтың белгісі анықталмаған. Керісінше, бойжеткен құлағанда ұлым жалма-жан астына түсіп, өтіп бара жатқан кісілерден көмек сұрап, жедел жәрдем шақыруды өтінген», – дейді күдікті Даниалдың анасы.
Алайда Сана Нұржанованың туыстары бұл өлімге Даниалдың қатысы бар екенін айтып, оны ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсетіп, осы жағдайға итермелеген деген айып таққан. Яғни екінші тараптың тұжырымы бойынша, Сана Даниалға тұрмысқа шыққысы келмеген, сол себептен оны өлтіріп тынған. Бірақ анасы Әсел Құттықожаның сөзінше, некеге тұру туралы өтінішті онлайн түрде алдымен бойжеткеннің өзі бір емес, екі рет берген.
«Ұлым Даниал әу баста бұл шешімнің тым ертерек екенін ескертіпті. Екі ай таныс-біліс болып, үш апта бірге тұрса да тым аз уақыт қой. Бірақ үшінші мәртесінде қыздың ұсынысын қабыл алған. Олар бұл қуанышты жаңалықты түнгі 3-те әлеуметтік желідегі парақшасына салып, жария еткен. Демек, бұл дерек жәбірленуші тараптың уәжін жоққа шығарады. Оның үстіне тергеу амалдары да сол жақтың мәліметтеріне негізделіп, жүргізіліп жатыр. Біздің адвокаттың осы жайт бойынша шағымы қанағаттандырылса да, іс жүзінде ештеңе істемеді», – дейді анасы.
Осылайша, 22 жастағы Даниалға Қылмыстық кодекстің 105-бабы, яғни өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, көндіру немесе ықпал ету және 110-бап, яғни қинау бойынша айып тағылған. Бұл бап жәбірленушіні азаптау мақсатында аса қатыгездікпен, қорлаумен жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардапқа ұшыратуды қарастырады. Негізгі құрам бойынша жаза – 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу. Ал төрт баланың анасы Әсел Құттықожаева тұңғышының ол қызға тек жанашырлық танытып, әдеттегі үйреншікті әдеттерінен арылуына жәрдем бергенін тілге тиек етіп: «Бар болғаны ұлым бойжеткенді қатты жақсы көрді, қауіп-қатерден құтқарғысы келді. Мұның соңы осы жағдайға әкеп соққаны жанға батты» дегенді айтты.
Күдікті тараптың адвокаты Николай Лигайдың пікірінше, сотқа дейінгі тергеу басталған сәттен Даниал Сейдулла тергеуге белсенді түрде жәрдемдесіп, жауап алу барысында іс бойынша өзіне белгілі барлық мән-жайды шынайы баяндады.
«Оның ішінде өзінің кінәсіз екенін мәлімдеп, сотқа дейінгі тергеу органынан ешқайда жасырынған жоқ, ұялы телефонын зерттеу үшін өз еркімен ұсынды. Сотқа дейінгі тергеу басталғанда-ақ Д.Сейдулла күдікті ретінде танылған жоқ және қорғауға құқығы бар куәгер мәртебесінде болды. Оны ұстауға негіз де болған жоқ, бұлтартпау шарасы қолданылмады, тек шақырған кезде келіп тұру туралы міндеттеме алынды. Алайда кейінірек, 2026 жылдың 6 тамызында жағдай күрт өзгеріп, сотқа дейінгі тергеу органы Д.Сейдулланы ұстап, Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамады. Оған Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни адамды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 110-бабының 1-бөлігі бойынша жәбірленушіге азап келтіру мақсатында ерекше қатыгездікпен, қорлаумен жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы дене немесе психикалық зардап келтіру айыбы тағылды. 2026 жылғы 7 қыркүйектегі саралауды ескере отырып, Д.Сейдуллаға қоғамнан уақытша оқшаулауға байланысты емес бұлтартпау шарасын (үйқамақ, кепіл және т.б.) қолдану мүмкіндігі қарастырылды», – дейді адвокат.
Алайда 2026 жылдың 8 тамызында Тергеу соты келіп түскен материалды қарайтын күні, сот отырысы басталуына 10 минут қалғанда, қорғау тарапына қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау туралы жаңа қаулы келіп түседі. Оған сәйкес, Д.Сейдулла Қылмыстық кодекстің 105-бабының 2-бөлігі бойынша, кінәлі адамға материалдық не өзге де тәуелділікте болған адамды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізді деген, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігі бойынша — кінәлі адамға материалдық, өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты ерекше қатыгездікпен, қорлаумен жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы оған айып тағылған.
Бұл жөнінде адвокат Николай Лигай: «Жаңа саралау бойынша қылмыстардың санкциясы енді тек бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Жаңа қаулының қорғауындағы адамға да, оның қорғаушысына да белгіленген тәртіппен берілмегенін, сондай-ақ жаңа күдіктің мәні түсіндірілмегенін атап өткен жөн. 2026 жылдың 8 тамызында Тергеу сотының қаулысымен айыпталушы Д.Сейдулла екі ай мерзімге, яғни 2026 жылдың 6 қазанына дейін қамауға алынды», – деп нақтылады.
Қорғау тарапының айтуынша, сотқа дейінгі тергеу органы мен қадағалаушы прокурор жәбірленуші тараптың өкілдеріне тәуелді болып, солардың мүддесіне басымдық беріп отыр.
«Осы арқылы Д.Сейдулланың құқығы мен заңды мүддесіне нұқсан келтірілген. Процестік дәлел ретінде келтірілген күдік тексерілмеген дерекке негізделіп, тергеу барысында заңсыздыққа жол берілді. Біз Д.Сейдулланың өзіне қатысты бұрын-соңды болмаған қысым көрсетіліп жатқанын және тергеу нұсқасын жоққа шығаратын фактілердің әдейі ескерілмегеніне куә болдық. Оның асығыс қамауға алынуы сотқа дейінгі тергеу органын және прокурорды оны одан әрі қамауда ұстау үшін жаңа негіз іздеуге мәжбүрлеуде. Неге екені белгісіз, тек жәбірленуші тарап өкілдерінің ұстанымы назарға алынып, олар оқиғаның тікелей куәгерлері болмаса да, куәгер ретінде танылғаны қызық. Мұның өзі қылмыстық процесті қолға алған лауазымды тұлғалардың әрекетіне сенімсіздік тудырады», – дейді адвокат.
Шын мәнінде, бұл қайғылы оқиға қоғамның назарынан неге тыс қалды? Күдікті тарап ел назарында болатын кейбір резонанс туғызған жайттарда үнемі классикалық сценарий айтылатынын қаперге салады.
«Жас жігіт өзінің сүйіктісін жүйелі түрде ұрып-соғып, қорлаған, соңында қыз бұл қорлауға шыдамай өзіне-өзі қол жұмсаған» деген жаттанды мысал таныс па? Біздің басымыздағы жағдай да осыған ұқсас. Бірақ сотқа дейінгі тергеу органы мен қадағалаушы прокурор көрсетіп отырғандай біржақты емес. Күдікті болсақ та, қоғамнан, құқық қорғау о
ргандарынан тергеудің объективті жүргізілуіне бақылау орнатуды сұраймыз», – дейді олар.
Қалай болғанда да, бұл істің ақиқаты жан-жақты әрі объективті тергеу арқылы анықталып, әрбір дерек пен дәлел әділ бағалануы тиіс. Алайда кінәліні табамыз деп, жазықсыздың жапа шекпеуі де ескерілгені абзал. Қайғылы оқиғаның шындығы бұрмаланбай, әділдік заң аясында орнауы маңызды.