Сараптама

Брежневтен бүгінге дейін: Қазақ қалай амандасқан?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда сәлемдесу мәдениетіне қатысты айтқан пікірі қоғам назарын аударды. Президент амандасудың әдебіне тоқталып, әсіресе, ер адамдардың бір-бірімен сүйісуі ерсі көрінетінін тілге тиек етті. Бұл, бір қарағанда, ұсақ-түйек әдет сияқты көрінгенімен, шын мәнінде қоғамдық мәдениет пен ұлттық мінезге қатысты маңызды мәселені қозғайды.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

«Қазақстан халқы байырғы дәстүрлі құндылыққа оралуы қажет» екенін қаперге сала келе: «Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған. Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма?», – деді президент.

Президенттің пайымынша, еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып, сәл жымиып амандасуы керек. Ал сол адамды көргеніне қатты қуанған жағдайда, оң қолды кеудесіне қойып амандасуға кеңес берді.

Шын мәнінде, амандасу – жай ғана қол алысу немесе құшақтасу емес. Ол – адамның өзгені мойындауы, құрмет көрсетуі және өзінің мәдени деңгейін танытуы. Қай елде, қай ортада қалай амандасу керектігі сол қоғамның тарихи тәжірибесі мен қалыптасқан әдет-ғұрпына байланысты.

Ертеде қазақ даласында амандасудың да өз орны, өз реті бар еді. Қазақ үшін сәлемдесу – жай ғана әдет немесе күнделікті қарым-қатынас рәсімі емес, адамды танудың, үлкенді сыйлап, кішіні ізеттеудің, ағайынның арасын жақындастырудың өзіндік бірегей мәдениеті. «Ассалаумағалейкүм!» деп кеудесіне қолын қойып, көпшілікке жалпы амандасу арқылы бір-біріне деген пейілі мен ниетін аңғартқан. Ал жасы үлкен кісіге иіліп сәлем беру – кішіліктің емес, кісіліктің белгісі болған. Мұның ар жағында тұтас бір мәдениет, адамның тәрбиесі мен қоғамның әдеті жатыр.

Үлкенді көргенде бірінші болып сәлем беру, ер азаматтың қол алысып амандасуы, жасы үлкен адамның батасын алуы – халқымыздың тұрмысында ежелден орныққан дәстүр. Қазақта амандасу адамның жасына, жынысына, әлеуметтік орнына, туыстық қарым-қатынасына қарай өзгеріп отырған. Үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру – осы рәсімдердің негізгі өзегі.

Кей жағдайда қазақтар кеудесіне қолын қойып, иіліп сәлем берген. Бұл – қарсы алдындағы адамға деген құрметті білдіретін қарапайым әрі мағыналы ишара. Әсіресе, үлкен кісілерге, ақсақалдарға, ел ағаларына құрмет көрсету кезінде мұндай әдептің мәні ерекше болған.

Алайда қазір қоғам өзгерді. Қалалық өмір салты, жаһандану, шетелдік мәдени ықпал, әлеуметтік желілер адамдардың күнделікті мінез-құлқына да әсер етті. Бір жерде қалыптасқан әдет екінші ортаға тез тарайды. Соның ішінде амандасу мәдениеті де өзгерді. Бүгінде жастардың бір-бірімен құшақтасып, ер адамдардың беттен сүйіп амандасуы немесе қол алысудың әртүрлі формаларын қолдануы қалыпты көрініске айналып барады. Мұның бәрін біржақты дұрыс немесе бұрыс деп бағалау қиын. Өйткені мәдениет те уақытпен бірге өзгереді. Алайда бұл «жаңашылдық» пен өзгерістің бәрі ұлттық әдептің орнын баспауы керек.

Саяси тарихта сәлемдесудің өзі тұтас дәуірдің символына айналған мысал аз емес. 1979 жылы Кеңес Одағының басшысы Леонид Брежнев пен Германия Демократиялық Республикасының жетекшісі Эрих Хонеккер бір-бірін «социалистік бауырластық сүйісі» дәстүрімен қарсы алды. Сол сәтті француз фотографы Режис Боссю түсіріп, сурет кейін әлемге кең тарады.

Леонид Брежнев одақтас мемлекеттердің көшбасшыларымен құшақтасып, үш рет сүйісіп амандасатын. Оның мәні – жай ғана жақындық емес, социалистік елдер арасындағы саяси бірлік пен өзара сенімді көрсету еді. Ол кездегі саяси протокол бойынша мұндай сүйісу социалистік мемлекеттер басшылары арасындағы ынтымақтастық пен идеологиялық жақындықты білдіретін. Яғни бұл қазіргі түсініктегі жеке сезімнің көрінісі емес, белгілі бір саяси мәдениеттің рәсімі еді. Алайда тарихтың қызығы сол – сол кездегі «бауырластықтың» белгісі кейін мүлде басқа мағынаға ие болды.

Берлин қабырғасы құлағаннан кейін суретші Дмитрий Врубель 1990 жылы осы фотосуретті қабырғаға граффити ретінде салды. «Құдайым, осы өлімге апаратын махаббаттан аман қалуға көмектес» деген сарказмды атау берілген шығарма социалистік жүйенің ішкі қайшылығын, Кеңес одағы мен Шығыс Германия арасындағы шамадан тыс саяси тәуелділікті астарлы түрде бейнелейтін әйгілі туынды боп шыға келді. Міне, осы жерде бір қызық парадокс бар. Бір дәуірде сүйісу – достықтың белгісі болса, келесі дәуірде сол сүйісу – әлгі жүйенің күйреуін еске түсіретін символға айналды. Демек, қоғамның қабылдауы уақыт өте өзгереді. Бір кездегі қалыпты рәсім кейін тарихтың ирониялық бейнесі ретінде қабылдануы әбден мүмкін.

Бірақ оның мәдени әсерін де жоққа шығаруға болмайды. Кеңестік қоғамда билік өкілдерінің жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеу мәнері, ресми рәсімдері белгілі бір дәрежеде үлгі ретінде қабылданды. Мемлекеттік идеология адамның күнделікті өміріне дейін енген кезеңде биліктің кез келген символдық әрекеті қоғамдық санаға әсер етті. Сол кадрдың көркем туындыға айналуы оны саяси оқиғадан мәдени феномен деңгейіне көтерді. Дегенмен қоғамдық мінез-құлықты бір ғана сурет немесе бір ғана саяси тұлғаның әрекеті қалыптастырмайтыны тағы бар.

Сүйісіп амандасу әлемнің кейбір халықтарында ғасырлар бойы қалыптасқан қалыпты дәстүр болуы мүмкін. Мәселен, Жерорта теңізі елдерінде жақын адамдардың беттен сүйіп амандасуы әдепсіздік саналмайды. Керісінше, ол жылы қарым-қатынастың белгісі. Ал басқа мәдениеттерде адамның жеке кеңістігіне қол сұғу ретінде қабылдануы ықтимал. Демек, бір елдегі қалыпты әдет екінші қоғамда оғаш көрінуі мүмкін.

Қазақ Тағамтану академиясының президенті болған, академик Төрегелді Шарманов бірнеше жыл бұрын амандасу мәдениетіне қатысты өз ойын білдіріп, қазақтың дәстүрлі инабаттық сәлемдесу үлгісін жаңғыртуға шақырған еді.

«Қазақтың табиғатында, тарихында, өмірде қол алыспаған. Тек қана кездескен уақытта иіліп қана сәлем береді. Сондай көркем, мәні терең. Мұның астарында сыйластық та, құрмет те жатыр. Жүрегіңді қолыңмен ұстап сәлем беру біздің тарихи, қазақтың байырдан келе жатқан жай ғана түсінігі емес, мұнда сәлем берудің әсемдік жағы жатыр. Қол беріп, қалай болса солай бара салу деген – ол тым дөрекі. Қолды қай кезде береді? Қазақта ертеректе қолды үлкен адам өзі ұсынса ғана береді. Ал жөні жоқ қол алысу деген біздің тарихымызда, табиғатымызда болмаған жағдай», – деген еді академик.

Бұл пікірді бүгінгі күн тұрғысынан да, ой елегінен де өткізуге болады. Өйткені ұлттық мәдениетті сақтау міндетті түрде өткеннің барлық рәсімін сол күйінде қайталау деген сөз емес. Ең маңыздысы – сол дәстүрдің мәнін жоғалтпау. Сәлемнің мәні – сүйісуде емес. Құшақтасуда да емес. Тіпті қол алысудың өзінде де емес. Сәлемнің мәні – құрметте. Ал қазақтың дәстүрлі сәлемінде осы құрметтің өзіндік әдемі формасы бар. Кеудеге қойылған қол, сәл ғана иілген бас, байыпты көзқарас – артық қимылсыз-ақ көп нәрсені аңғартады. Шынында да, сәлемдесудің де эстетикасы бар. Адамның қарсы алдындағы кісіге қалай қарағаны, қалай иілгені, дауыс ырғағы, арақашықтығы – мұның бәрі оның ішкі мәдениетін білдіреді. Өйткені ұлттың үлкен мәдениеті адамның бір-біріне айтқан қарапайым «сәлемінен» басталады.

Этнограф Жамбыл Артықбаевтың таяуда ғана «Церемониальная культура казахского народа» атты еңбегі жарық көріпті. Ол мұнда қазақтың сәлемдесу мәдениетін тек сөзбен амандасу емес, тұтас қарым-қатынас тәртібі ретінде қарастырады.

Фото: ашық дереккөз

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, этнограф:  Сәлемдесу ғұрпы – кез келген дәстүрлі қоғам мәдениетінің көрсеткіші

– Қазақтың сәлемдесу әдебі кездейсоқ қалыптасқан рәсім емес. Бұл адамның келген жеріне, жағдайға және қарсы алдындағы адамға деген құрметіне қарай қалыптасқан. Сәлемдесу ғұрпы – кез келген дәстүрлі қоғам мәдениетінің көрсеткіші. Адам қалай амандасса, сіз де соған лайықты жауап қайтарасыз. Сәлемдесу дәстүрін білмейтін адамдар жаңа ортада өзін де, өзінің елін де ұятқа қалдырып жатады. Президент ер азаматтарда бас салып, сүйісіп амандасу дегеннің болмағанын айтты. Өйткені рыцарлық қоғамның өз ережесі бар. Жалпы, «қазақ» деген сөздің өзі еуропалық «рыцар» деген сөздің баламасы. Мұны кезінде Шоқан Уәлиханов та, Василий Радлов та, Мәшһүр Жүсіп Көпеев те жазған.

Қазақта ескі тәңіршілдік дәуірінен келе жатқан және исламмен бірге сіңіскен сәлемдесу дәстүрі бар. Бүгінгі күні ислами мәдениет қалыптастырған амандасу дәстүрі көбірек қолданылады. Қазақ үшін сәлемдесу – екі адамның бір-біріне сәлем беруімен ғана шектелмеген. Ол – тұтас әдеп жүйесі. «Церемониальная культура казахского народа» Қазақ мәдениетінің салтанат бөлігі») атты еңбегімде қазақтың амандасу дәстүріне қатысты көп жағдайда үстірт айтылып жүрген түсініктерге түзету жасадым. Қазақтың «Мал-жан аман ба?» деген амандасу үлгісін кез келген адамға айта бермегенін, оның белгілі бір әлеуметтік және тұрмыстық жақындыққа байланысты қолданылғанын түсіндірдім. Ал бейтаныс, алыстау адамдарға қарата «Ел-жұрт аман ба?», «Ауыл-аймағың аман ба?» тәрізді басқа сөз орамдары қолданылған. Демек, қазақтың сәлемдесу мәдениетінде сөздің өзі де кездейсоқ таңдалмаған. Кімге, қандай жағдайда, қандай сөзбен тіл қату керек – мұның бәрінің өз жөн-жосығы болған. Бұл – халқымыздың қарым-қатынасты құрметке, қашықтықты сақтауға және адамның әлеуметтік орнына қарай ұйымдастырғанын көрсетеді. Қазақтың қарым-қатынас мәдениетінде сөзбен қатар дауыс ырғағы, үннің күші, сөйлеу қарқыны, арақашықтық, үнсіздік пен кідірістің де мәні бар.

Осы ойымды тағы бір мысал айғақтай түседі. Қазақ ауылына атпен келген адам ауылдың ортасына шауып кірмеген. Керісінше, үйге арт жағынан келіп, алыстан-ақ «сөйлесіп», өзінің бейбіт ниетін білдірген. Өйткені ауылға атой салып кіру – жай ғана әдепсіздік емес, қауіптің белгісі ретінде қабылдануы мүмкін. Яғни амандасу рәсімінің өзінде қауіпсіздік пен сыйластықтың қатар жүргенін көреміз. Сондықтан бүгін «Қазақ қалай амандасқан?» деген сұраққа тек қол алысып немесе иіліп сәлем берген деген қарапайым жауаппен шектелу жеткіліксіз. Оның артында ғасырлар бойы қалыптасқан этикет, арақатынас, үлкенді сыйлау, қонақты қарсы алу және өзара қауіпсіздік мәдениеті жатыр.

Фото: ашық дереккөз

Алмаз ШАРМАН, Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті:  Әкем де осыған ерекше мән берді

– Президент көтеріп отырған мәселе орынды. Беттен сүйіп амандасу қазақтың салтында болмаған. Қазақ халқы ежелден сәлемдесудің өзіне үлкен мән берген. Үлкенге ізет көрсетіп, оң қолын кеудесіне қойып, иіліп сәлем беру – қарсы алдыңдағы адамға деген құрмет пен сыйластықтың белгісі. Оның астарында халқымыздың әдеп пен тәртіпке негізделген дүниетанымы жатыр.

Әкем, академик Төрегелді Шарманов та кезінде осы мәселеге ерекше мән берген еді. Ол қазақтың кез келген адамға жөн-жосықсыз қол ұсына бермегенін, жасы үлкен кісі қолын өзі ұсынғанда ғана қол алысқанын айтып отыратын. Ал оң қолды кеудеге қойып, иіліп сәлем беру – қарсы алдыңдағы адамды сыйлаудың, оған құрмет көрсетудің көрінісі деп түсіндіретін.

Әкем сәлемдесудің мәдени жағына ғана емес, оның гигиеналық қырына да назар аударатын. COVID-19 пандемиясы кезінде адамдар арасындағы арақашықтықты сақтаудың, қарым-қатынастың қауіпсіз түрлерін таңдаудың қаншалықты маңызды екенін бүкіл әлем түсінді. Осы тұрғыдан алғанда, беттен сүймей, арақашықтық сақтап амандасуды әкем денсаулық пен тазалық тұрғысынан да дұрыс деп санайтын.

Президент көтерген мәселе осы ұстаныммен үндеседі. Сәлемдесу – жай ғана күнделікті әдет емес, ол халықтың мәдениеті мен тәрбиесінің көрінісі. Сондықтан өзімізге тән амандасу әдебін жаңғыртып, оның мәнін кейінгі ұрпаққа түсіндіру – ұлттық мәдениетімізді сақтаудың бір жолы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Амандасу