Саясат

Бішкекте «75 хаты» ісі бойынша Ташиев мен өзге айыпталушылардың жазасы жеңілдетілді

Бішкек қалалық соты Қырғызстанның белгілі саясаткерлері мен бұрынғы шенеуніктері фигурант болған резонансты «75 хаты» ісі бойынша үкімді қайта қарады.

Фото: ашық дереккөз

 Бұған дейін берілген уәдеге қарамастан, сот шешімі жарияланған кезде БАҚ өкілдері сот залына кіргізілмеген.

Сот алқасы фигуранттарға тағылған айыпты жеңілдетіп, олардың әрекетін «Билікті күшпен басып алу» бабынан «Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру» бабына ауыстырды.

Адвокат Латыпбек Нуралимовтың айтуынша, барлық айыпталушыға екі жыл пробациялық бақылау қолданылып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Жаңа бап бойынша бұған дейінгі үкімде қарастырылған мүлікті тәркілеу жазасы да алынып тасталды.

Еске салайық, тергеу 75 саяси және қоғам қайраткерінің Жогорку Кенешке жолдаған ұжымдық хатына байланысты басталған. Олар Қырғызстанда кезектен тыс президент сайлауын өткізуді талап еткен.

Бұған дейін Бішкектің Бірінші май аудандық соты ҰҚМК-ның бұрынғы басшысы Камчыбек Ташиевті, экс-бас прокурор Курманкул Зулушевті, парламенттің бұрынғы спикері Нурланбек Тургунбек уулу мен істің басқа да фигуранттарын төрт жылға бас бостандығынан айырып, үш жылдық пробациялық бақылау тағайындаған.

Прокуратура бұл үкімге шағым түсіріп, сотталушылардың әрқайсысын тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда Бішкек қалалық соты тағылған айыпты жеңілірек бапқа ауыстыру туралы шешім қабылдады.

Сайт Әкімшілігі