Бішкектегі атышулы «75 ісі»: саясаткерлердің құпия жауап алу видеолары интернетке тарап кетті
Қырғызстанда билікті басып алуға әрекет жасады деген атышулы «75 ісі» бойынша негізгі фигуранттардың жауап алу видеолары әлеуметтік желілерге тарап, үлкен дау туғызды.
24.kg басылымының хабарлауынша, жарияланған жазбалардың басты кейіпкерлерінің бірі – Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев.
Бұл видеолар Бішкектегі Бірінші май аудандық соты аталған іс бойынша сот отырыстарын алғаш рет ашық форматта өткізе бастаған кезде жария болды.
Тараған бейнежазбаларда Қамшыбек Ташиевке ұқсас адам «75 хат» деп аталған құжаттың қалай пайда болғаны туралы айтып береді. Оның сөзінше, құжатты бір топ саясаткер мен қоғам қайраткері дайындаған, кейін оған депутаттардың қолын жинау басталған.
Алайда әлеуметтік желі қолданушыларының назарын экс-шенеуніктің жауап алу кезіндегі қатаң мәлімдемелері көбірек аударған.
«Мен де шара қолдана бастаймын. Мен Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс істеген жоқпын», – дейді ол видеода.
Сондай-ақ ол елдегі қазіргі саяси тыныштықтың алдамшы екенін айтып, қажет болған жағдайда өзінің жақтастары көшеге шығуға дайын екенін мәлімдеген.
«Тіпті мың адамды қамауға алса да, митингте тағы тоғыз мың адам қалады», – дейді бейнежазбадағы адам.
Ташиевтен бөлек, іс бойынша өтіп жатқан басқа да белгілі саясаткерлердің жауаптары интернетте жарияланған. Олардың қатарында Эмилбек Узақбаев мен Бекболот Талғарбеков бар.
Олар жауап алу барысында даулы хаттың қалай дайындалып, кейін Қырғызстан парламенті – Жогорку Кенешке қалай жеткізілгенін талқылаған.
Қырғызстанның ресми органдары әзірге интернетке тараған видеолардың түпнұсқалығына қатысты түсініктеме берген жоқ. Сондай-ақ жазбалардың кім тарапынан және тергеудің қай кезеңінде жасалғаны белгісіз күйінде қалып отыр.
Еске салсақ, «75 ісі» бойынша Қырғызстан саясатындағы бірқатар ықпалды тұлғалар айыпталуда. Олардың қатарында Қамшыбек Ташиевтен бөлек бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушев, экс-спикер Нұрланбек Тұрғынбек уулу және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар бар.
Олардың барлығына билікті күшпен басып алуға дайындалды деген ауыр айыптар тағылған.