Бұл мемлекет алуды ғана біледі, беруі қиын
Қара халықта зейнетақы салымының бір бөлігін алатындай жинақ жоқ. Алдымен президент Тоқаев зейнетақы қорының салымшылары үй мен жер алуға, баспанасын кеңейту, емделуге немесе оқуға өз жинағының бір бөлігін алсын деді.
Бұл жаңалыққа қуанып қалған қазақтар көп еді сол кезде.
Бірақ, сосын, қордағы жинақта салымшының жасына қарай белгілі бір шекті қалдықтар қалуы керек деп шықты. Салық кодексіне сәйкес, зейнетақы жинағынан мерзімінен бұрын алынған ақшаға 10 пайыздық табыс салығы салынуы тиіс деді. Ақыр аяғында ол ақшаны қолыңа бермейді, тағы бір банк құрылып, сонда ашылған есепшотқа аударылады деді. Міне, мемлекет қолына түскен ақшаны оңайлықпен бермейді.
Кеше «Nur Otan» партиясының атынан Артур Платонов шықты, ол зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу кезінде 10 пайыздық салық салуды алып тастау бойынша заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. «Nur Otan» партиясы мемлекет басшысының бастамасы ең алдымен халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған, сондықтан зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану кезінде ерекше жағдайлар қарастыру қажет деп есептейді. Азаматтардың зейнетақы жинақтарын алу кезінде салық түрінде ұстауға жоспарланған қаражат мемлекеттің барлық экономикалық мәселелерін шешпейді, бірақ тұрғын үй мәселесін шешуде, мұқтаж азаматтарды емдеуде айтарлықтай көмек болады», – деген екен Артур Платонов.
«Nur Otan» партиясы бұл жағдайды оңтайлы пайдаланып, сайлау алдында ұпай жинап қалуды көздеп отырған сияқты. Бұл өзі баяғыдан белгілі әдіс, алдымен халыққа ұнамайтын бір әлеуметтік мәселе туғызылады, сосын, мәселе ушыққанда елдің қамын ойлайтын көреген басшы келіп, «халыққа ұнамаса керегі жоқ» деп шорт кеседі. Сөйтіп, сүйкімін бір көтеріп, жақсы атанады.
Шыны керек, қалың қазақтың зейнетақы шотында ондай ақша жоқ, шекті соманы қалдырғанда қалғаны баспана алуға жететін. Ондай ақша, айналып келгенде, тағы да мемлекеттік компанияларды жағалаған, айлығы жоғары бай-бағлан шенеуніктерде ғана бар.
Сонда дейміз, «Nur Otan» партиясының бұл ұсынысы шынымен соңына дейін жеткізіліп, тиісті заңдарға тиісті өзгерістер енгізілген күннің өзінде, одан қара халыққа бәрібір пайда жоқ.