Сараптама

Бұлар халықтың төзімімен ойнап отыр-ау...

Қаңтардан кейінгі «жылымық» кезінде бір үміт оянғандай, өзгеріс болатындай көрініп еді.

Jasalash.kz

Үміт тез сөнді. Өйткені бәрі бәз-баяғы қалпына қайтып келді. Тіпті халықты тонау ушығып барады.

Мәселен, «экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия ел аумағында пойыздарға сатылған әр билеттен өзіне үлес алып келіпті, енді ол үлес жойылғандықтан, пойыз билеттері арзандайды екен» деп айтылған болатын. Сол кездерде кейбір пойыз билеттерінің арзандағанын да сезініп едік. Алайда, жарты жыл өтпей жатып, пойыз билеттері қымбаттап, тіпті баға тұрақтылығын жоғалтып, ұшатын уақыты жақындаған сайын қымбаттайтын әуе билеттерінің баға саясаты теміржолға да көшіпті. Сөзіміз дәлелді болу үшін айта кетсек, журналист Мәншүк Шымырбай: «Межелі күн, сағат жақындаған сайын ұшақ билетінің аспандай беретінін білуші ем, енді пойыз билеттері де көтерілетін болған ба? Алматы-Нұр-Сұлтан арасына қатынайтын «Бәйтерек» пойызына купе билеті 15 500 теңге шамасында еді. Оның өзі күні бұрын өтіп кеткен. Сайттан аңдып отырып, өткізілгенін іліп алуға қарасам, «19 мың теңге» деп шығып жатыр. Бұл қалай болғаны? Жолаушының қалтасын қағу әдісі енді теміржолға көшсе қайтпекпіз? Онсыз да баға күйіп тұр» дейді желідегі парақшасында.

Жаз мезгілі халықтың қозғалысы көбейетін уақыт. Соны пайдаланып, «екі жеп, биге шыққысы келген» компаниялардың аранын тежеу мүмкін болмай отыр. Ал осы бір келеңсіздікке шектеу қойып, бір сәт халықтың қамын ойлайтын билік әйтеуір өзімен-өзі әуре. Бірі жемқорлықпен ұсталып, екіншілері жеудің жолын қарастырып, үшіншілері өз жағдайын жасап алып, 2 млн 500 мың алып, демалысқа кетіп, қара халықтың жайын ойлауды естен шығарғандай. Дәл қазір шекара аспақ түгілі ел ішінде ұшақпен жүріп тұру халыққа арман. Мәселен, бір ай бұрын алсаң да Алматы-Орал бағытының ұшақ билеті 50 мың теңгеге жуық. Шұғыл жағдайда ұшуы керек азаматтар амалдың жоқтығынан несиеге ұшып жүр. Орташа табыстың үштен бір бөлігін жұлып алып кететін бағаны кез келген адамның қалтасы көтере алмайды. Мұндай жағдайда ішкі туризм туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Екі баласымен бір отбасы ел ішінде қыдырғысы келсе, бір бағыттың өзіне 200 мың керек екен. Ал кері қайтатын болса, 400 мың теңге. Жатын орын, қыдыруы мен тамағын қосқанда миллионға жуық кететін болса, ішкі туризмнің дамуы туралы не айта аламыз?! Ішкі рейстері арзан Түркия, Өзбекстан секілді елдердегі ұшақ билетін елімізге ертегідей естіледі.

Қымбаттығына қарамастан, еліміздегі ұшақ та, пойыз да кешігіп ұшып, кешігіп жүруді әдетіне айналдырып алған. Қолданыстағы заңнама бойынша ұшақ екі сағат кешіккен болса, жолаушыларды салқын сумен, төрт сағаттан соң ыстық тамақпен, күндіз сегіз сағаттан соң, түнде алты сағаттан соң қонақ үймен қамтамасыз етуге міндетті. Бірақ жолаушылар талап етпеген соң әуе компаниялары ойына келгенін істеуде. Күнделікті «16 сағат кешікті, сонда 16 сағатқа кешігер болса, неге пойызға ақ билет алмадым, уақытты үнемдеймін деп, 4 есе қымбат бағасына не үшін алдым, сонда», «әуежайға келсек ұшағымыз ұшпайтын болды, ал телефонға хабарлама жібермеген. Сандалып үйге қайтып барамыз. Тіпті әуекомпаниясы кешірім де сұраған жоқ» деп еліміздің әуежай қызметіне наразылық танытатындар жетерлік. Сөзіміздің дәлелі жақында блоггер Дәулет Мұқаев: «Әуе компаниялары ұяттан безгендер. Әсіресе airastana мен оның «қызы» flyarystan жайлы айтқым келеді! Әу баста халыққа қолжетімді деп ашылған лоукостер flyarystan бағалары шарықтап кеткен. Одан қала берді қол жүгіңіз 5 келі емес, 6-7 келі болып кетсе, қосымша ақша төлетіп, немесе артық киімді үстіге кию керек болады. Ұшақ бәрібір сол салмақпен ұшады емес пе?! Ішіне кіргенде қара судың өзін 500-700 теңгеге сатып аласың!          

Қош, оның бәріне көз жұмалық. Сапа бағаға сай болса, үндемейтін едім! Бірақ соңғы кезде кешігулер өте көп! Ал «Эйр Астана» кешіккені бөлек, қалаған уақытта уақытын ауыстыра салатын болған! Смс дегенді уақытында жібермейді. Оның нақты мысалы міне, 7:40-та ұшу керек болған рейс уақыты 9:30-ға ауысты. Ал смс сағат 9:00-де келеді. Борт-серіктерде соңғы кезде агрессия, ашулану басым! Қазақ тілін көбі білмейді! Қызмет көрсету құлдырап кеткен! Сосын біздің елде заң бар. Ұшақтың әрбір кешіккен сағатына билет құнының 3 пайызын төлеу деген. Бірақ бұл сөз жүзінде ғана! Өткенде Нұр-Сұлтаннан Семейге ұшатын ұшақ 4 сағат кешіккенде, өтемақыны Call орталықтан сұрасам flyarystan қызметкерлері бұл өтемақыдан бейхабар болып шықты. Ақшаны алу үшін әкімдікке барасыз дейді. «Қарғайын десем, жалғызым! Қарғамайын десем, жалмауызымның» кебі болып тұр. Бәрі монополист болып кеткен. Бәсеке жоқ! Бәсеке жоқ жерде осылар білгенін жасап жүре береді» деп наразылығын білдірген болатын.

Осы орайда айта кетер жайт, іргеміздегі Қырғызстаннан Түркияға бару бізден әлдеқайда арзан екен. «Алматы-Ыстамбұл» бағыты 289000 теңге болса, «Бішкек- Ыстамбұл» бағыты 69000 теңге. Екеуі де алты сағат ұшады, бірақ бағасы жер мен көктей. Қит етсе, шығынға ұшырап жатырмыз деп мемлекеттен көмек сұрап шыға келетін «Қазақстан теміржолы» мен әуекомпанияларына «әй, дейтін ажа, қой, дейтін қожа» табылар ма екен?! Билетінің бағасы бізден бірнеше есе арзан көрші елдердің тасымал қызметінің қалай банкротқа ұшырамай жүргеніне таңғаласың. Бәрінен бұрын қаңтар оқиғасынан соң арзандаған пойыз билеттерінің күрт қымбаттап, тағы кімнің қалтасын томпайтып жатқаны қызық болып тұр. Халқына түк бұйырмайтын, тіпті ұшаққа міну арман, ал халқына жаны ашымайтын билігі түрлі жолмен халықты тас кенеше соратын Қазақстанда ешкім ештеңеге түсінік те бермейтін болып алған. Кейде осылар әдейі халықтың төзімімен ойнап, бас көтерсе, сол наразылықты өз игіліктеріне жаратып кету үшін әдейі осындай ашындыратын әрекеттерге бара ма деген күдік де келеді қу басымызға. Әйтпесе, көрер көзге көрші елмен салыстырғанда ұшақ билетінің бағасының төрт есе жоғары болуы, қаптаған қымбатшылық кімге ауыр тиіп жатқаны айтпаса да түсінікті ғой. Ал бұлар мәселенің алдын алу орнына күн өткен сайын халықты басындыратын әрекеттерін үдетіп барады.

Айтпақшы, жоғарыда атап өткеніміздей, Дәулет Мұқаевтың табанды талап етуінен соң әуекомпания өтемақы үшін 1637 теңге белгілеп, оны компанияға келіп алып кету қажеттігін ескерткен. Яғни билет сатарда үйден шықпай алуға болады, ал өтемақы төлерде келіп алып кет, деп болмашы ақша ұсынатын әуе компанияларының әрекеті расында да озбырлық емей немене?! «Қырсыққанда әдейі әуежайға 2000 теңгеге таксимен барып, таксимен қайтып офистеріңнен 1637 теңгемді алып кетемін» деген Дәулет расында да 1637 теңге өтемақысын өзі барып алып, «халық үндемеген соң, ешкім өтемақы алмаған соң, олар ойларына келгенін жасап, рейстерді ауыстыра береді! Мен ұшқан рейсте кемі 150 адам болды. Бәрі өтініш беріп, сол 1637 теңгені алғанда, шамамен 245000 теңге шығынға батар еді. Бұл бір ғана рейс. Тек 2 сағаттық кешігу. Ал бір ғана «Эйр Астанада» 70-тен астам бағыт бар. Кейбірі 24 сағатқа дейін кешігуде. Заң бойынша ұшақ та, пойыз да әрбір кешіккен сағатына билет құнының 3 пайызын өтемақы ретінде төлеуге міндетті!» деп халықты өз құқығын талап етуге шақыруда.

 Осы орайда атап өтер жайт қара халықтың құқығы бұзылса да, заң неге тасымал компанияларының мүддесін қорғайды?! Мәселен, пойыз кешіксе, белгілі бір сомасын ваучер қылып қайтаратын, яғни келесі билет алғанда жеңілдік беретін, егер минут емес, сағаттап кешіксе, билеттің толық сомасын қайтаратын Англия халқынан қай жеріміз кем?! Әлде қазақтың құқығы сұраусыз ба? Билет алған банк картасына өтемақыны аудара салудың орнына әдейі халықты сарсаңға салып, өтемақыны бермеудің амалын жасап қойған әуе компанияларының әрекеті де халықты басыну емей немене?! Билігіміз халыққа жанашыр болса, бұлай әркім басынбас еді негізі...

Қуаныш Әбілдақызы
Тегтер: Без Тега