Сараптама

Бұлар түбі Қазақстанды сатып тынар ма екен?

Обухов кен-байыту комбинаты талай жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен күресіп келеді.

Jasalash.kz

Жақсылық пен жамандық арасындағы бұл айқас бүкіл Қазақстанның көз алдында жүріп жатыр. «Тиолайн» компаниясы өзін лицензиядан айырмақ боп жанталасып жүргендермен соттасуда.

Жағдай мынау: Башқұртстандық рейдерлер Солтүстік Қазақстан облысының шенеуніктерімен ауыз жаласып алған. Билік пен рейдерлердің ортақ мақсаты – компанияны банкрот қылып, жоқ қылып, оның активтерін шетелдіктерге сатып жіберу.

Кен-байыту комбинаты қиын жағдайда. Теріс ниетті сұм адамдар соңғы үш жыл бойы табысты компанияны қылқындырып тастауға тырысып келеді. Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне не жоқ десеңізші, олар да орайын тауып, аяқтан шалайын деп жүр. Құқық қорғау органдары, соттар түгілі кәдімгі полицейлер де жабылып жатыр.

Еске сала кетсек, қыркүйекте Тайыншы ауданы әкімдігінің әрекетінен кен-байыту комбинатының 430 жұмысшысы жұмыссыз қалды. Ол жұмысшылардың жер телімінде жұмыс істеу құқығын әй-шай жоқ тартып алды. Жерді Кобзев деген фермерге заңсыз бере салыпты. Досаева деген судья аудан әкімдігінің өтініш хатын қанағаттандырды. 

Кен-байыту комбинатының ұжымы шенеуніктермен кездесуге барса да, әкімдік тарапынан еш мардымды жауап ала алмады. Билік өкілдері қағаздарды тықпалап, өз кінәсін мойындаудан ат-тонын ала қашады.

Сот шешімінің орындалмауына байланысты соттың жүріп жатқанына жылдан асты. ЖШС директоры Виктор Долгалев өзінің YouTube-тегі парақшасында қазан айында атқарылған жұмыстарын қорытындылайды. 

Виктор Иванович атап өткендей, қазан айында кен-байыту комбинаты 2120 тонна цирконий концентратын шығарды. Сыйақы 90%-ға дейін азайды. Кәсіпорын бойынша орташа жалақы 313 мың теңгені құрады.

Кен-байыту комбинаты кенеусіз руда өндіруде. Өйткені дәл қазіргі кезеңде бай руда шығару қиын. Австралиядан алынған су жаңа жабдықтар қазір орнатылып жатыр. Бұл жұмыс 10 күнге дейін созылуы мүмкін. Жабдықтар өте қымбат, бірақ өнімділікті арттыру үшін ол аса қажет.

«Жұмысшыларымыздың жалақысы сақталады. Бірақ сыйақы азаяды. Егер 10 күн жаңа құрал-жабдықтарды орнатып-құрумен айналыссақ, өнім көлемі азаяды. Біздің жаңа жабдықтарды іске қосумен айналысып жүрген монтажшылар мен слесарь жұмысшыларымызға айтарым, әрбір күн біздің ақшамызды алып жатыр. Тезірек іске қосу керек. Бұл бәрімізге тиімді. Бұл да кен-байыту комбинатыныңкүнделікті өмірі. Жұмыс қашан да қиындықтармен күресумен өтеді»,  дейді Виктор Иванович.

Долгалевтің сөзінше, кен-байыту комбинатының жұмысына кедергі жасайтын билік болмағанда, бәрі қатып кетер еді. Төлебаев деген судья бір кездері Долгалевті жұмысынан заңсыз шығарған еді. Тіпті ЖШС аумағына кіруіне тыйым салып тастаған ғой. Мұндай шешімді заңсыз, сорақы деп санаған Долгалев судья Төлебаевтың шешіміне түкіргендей болып, оның салған тыйымын тыңдаған жоқ.

Ал енді соттың шешімін орындамау дерегі бойынша сот ісінің жүріп жатқанына бір жыл болды. Соттасу қиын. Прокурор Бабасова Екатерина Плугина, Кирилл Саверский мен комбинаттың ойдан шығарылған директоры Дәуренбеков тарапын қорғап әлек.

Плугина мен Саверский – Башқұрт сода компаниясының кадрлық қызметкерлері. Қазақстанға еш қатысы жоқ тұлғалар. Қысқасы, қазақстандық кен-байыту комбинаты тау-кен ісінен хабары жоқ, кешегі шопырлар мен күзетшілер сияқты қайдағы біреулермен алысып келеді. Ал қазақстандық прокурорлар, судьялар мен билік өкілдері сол қайдағы біреулерге болысуда.

«Менің прокурор Бабасоваға айтарым бар. Бұл не бассыздық, не бүлдіріп отырғаныңызды түсінесіз бе? Бабасоваға пара берді ме, оны нақты айта алмаймын, бірақ оның Плугинамен бірге Дублинде отырып, Martini ішкенін көргендер бар. Әй, Бабасова, погондарыңызды шешіңіз енді! Не алған «рақметіңізді» қайтарып, таза арыңызбен жұмыс істеңіз», деп күйінеді кен-байыту комбинатының атқарушы директоры.

Виктор Ивановичтің пікірінше, бұл Отанға опасыздық жасау ғана емес. Бұл шегіне жеткен санасыздық. Кен-байыту комбинатының басынан өтіп жатқан бұл оқиғаға қарап, бүкіл Қазақстан көріп отыр ғой, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың иісі анық білініп тұр.

Бір кездері түк кінәсіз Жанболат Дондағұловты соттап жіберді. Аспанға оқ атқаны үшін үш жарым жылға айдап жіберді. Бірақ іс материалдарындағы сот сараптамасында Дондағұлов Саверскийдің басына оқ атты деп жазған. Жала мен жалған еді бұл! 

Кен-байыту комбинатының бір жұмыскеріне рейдерлер пышақпен шабуыл жасаған. Судья Жұмабаева сот ісінің материалдарында пышақты қаңылтырдың кесегі деп атаған.

«Бұл өзі сот емес, масқара болды! Қазіргі судья Пармановаға айтарым, анау бұрынғы судья Жұмабаева сияқты өз мамандығыңыздың абыройын төкпеңіз. Ойдан құрастырылған бұл істі жабыңыз! Бар айтарым осы ғана», –  дейді Долгалев.

Виктор Ивановичтің сөзінше, өткенде бұған қытайлар хабарласқан екен. Олар Қытайдағы үш ірі компанияның өкілдері. Қытай тарапының айтқаны, жақын арада «Тиолайнның» келісімшартын тартып алып, қазақстандықтардың орнына қытайлар келеді екен.

«Сұмдық қой. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, мен Қытайға барып, бір табысты компанияның басшысына келіп, «ертең мына кәсіпорындарың менікі, немесе қазақстандықтардыкі болады» деп ешқашан айтпас едім ғой. Мені не ақымақ санар еді, не бірден түрмеге тығар еді. Ал бізде мұндай былық істерді еш қорықпастан жасайды екен. Өйткені жергілікті билікке сенеді. Рейдерлер ештеңеден қорықпайды, ештеңеден тайынбайтын болыпты», дейді Виктор Иванович.

Қытайларды шақырған кім дейсіз бе? Кәдімгі Роман Скляр. Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары. Долгалевтің сөзінше, ол Қытай тарапына кен-байыту комбинаты бойынша келісімшарт жасасуға уәде берген.

«Роман Васильевич, сіз өз қолыңызбен бір кәсіпорын құрдыңыз ба? Оның қандай қиын іс екенін білесіз бе? Обухов кен-байыту комбинатының тағдырын осылай шеше салатын сіз кім едіңіз?», деген сауал тастайды Виктор Иванович.

Долгалевтің айтуынша, бұған дейін Скляр Башқұртстан тарапымен келіссөздер жүргізген. Кен-байыту комбинаты басшысының пікірінше, премьер-министрдің бірінші орынбасарының келісімшартты отандық компаниядан тартып алып, қытайларға алып берем деген уәдесінің өзі сұмдық нәрсе.

«Тиолайн» кәсіпорнын Виктор Иванович 2005 жылы өз қолымен құрған. Склярдың оған еш қатысы жоқ. Сол себепті Долгалев өзінің төл комбинаты үшін күресуін тоқтатпайды, ол күреске дайын.

Айнұр Абаева
Тегтер: Без Тега