Бұқаралық спортты барынша дамыту керек
Қазақстанда мемлекет басшысының тапсырмасымен жастар мен балалар спортын дамыту, спортпен белсенді айналысатын азаматтар санын арттыру бағытында зор жұмыстар атқарылып жатыр.
Қалалар мен ауыл-ауылдарда ашылып жатқан спорт секцияларының саны өсіп, бұқаралық спорт пен дене шынықтыру саласында цифрландыру жүргізілуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында атап өткендей, денсаулық кепілі – дене шынықтыру. «Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс. Жалпы, Токио олимпиадасының қорытындысына байланысты спорттағы ахуалды бөлек кеңесте қарау қажеттігі туындап отыр», деген еді.
Содан бері Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізген сараптама нәтижелеріне сүйеніп, ел бойынша спорт инфрақұрылымын дамыту жоспары деген жоба әзірледі. Ол жобаның аясында жаңа спорттық нысандар салу, ескілерін модернизациялау және жұмыс істеп тұрған білім беру ұйымдарының спорттық нысандарын қосымша құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген.
2020 жылдың 30 желтоқсанында бұқаралық спортты ары қарай тереңдете дамыту пиғылымен елімізде «Мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен түзетулер енгізу туралы» заң қабылданды. Былтыр мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Қазақстандағы мектеп, колледж түгілі, балабақшалардағы дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне үстеме ақы тағайындалды. Дене шынықтыру сабағын беретін ұстаздарға мектепте спорт секциясын ұйымдастырып, оның жұмысын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақысына жүз пайыз көлемінде қосымша ақы төленетін болды. Сонымен қатар, тренер-мұғалімдердің айлығы екі есеге көтерілді. Сондай-ақ, президент тапсырмасымен мәдениет пен спорт саласына бейімделген арнайы мамандандырылған мектеп пен колледж қызметкерлерінің жалақысы көтеріліп, ол жалақы көлемі 2023 жылға дейін жыл сайын жиырма бес пайызға өсетін болды. Халықпен жұмыс істеу мақсатында спорт инструкторларының штаттық бірліктерімен қамтамасыз ету көзделді.
Өткен 2021 жылдың ресми қорытындысына көз салсақ, республика бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде 6 миллион 534 мың 919 адам айналысады екен. Бұл дегеніміз – ел халқының 34,28 пайызы. Оның ішіндегі 2 миллион 48 мың 284 адам дене шынықтыру және спортпен ауылдық жерде жүйелі түрде айналысып жүріпті. Шүкір, 2020 жылмен салыстырғанда Қазақстанда спортпен белсенді түрде жиі айналысатын адам саны 581 мың 84 адамға артыпты. «Дене шынықтыру және спорт ұжымдарында бір жылдың ішінде 127 мың спорт секциясы ашылды. Оның ішіндегі 70 мыңға жуығын ауылдық жерлерде аштық. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, республикамызда жалпы саны 250 мыңға жуық баланы қамтитын балалар мен жасөспірімдердің 602 спорттық клубы, 119 дайындық клубы жұмыс істеп жатыр», деген екен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитеттің бұқаралық спортты дамыту басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов жуырда «Қазақпарат» агенттігіне айтып қалған бір сөзінде.
Биыл бұқаралық спортты дамыту мен дәріптеу мақсатында ел бойынша, дәлірек айтқанда, Ақтау, Талдықорған, Петропавл мен Семей сияқты облыстық маңызы бар қалаларда, сонымен қатар, республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында «Қолжетімді спорт» деген кешенді бағдарлама жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр деседі.
Құлаққағыс қылып тағы бір айта кетеріміз, биыл 2-24 мамыр аралығында тұңғыш рет ҚР Мәдениет және спорт министрінің Кубогі үшін кешенді жарыс өтеді. Еліміздің спорт саласындағы 17 оқу орнында тəлім алып жатқан 2006-2007 жылы дүниеге келген жасөспірімдер халық арасында кең танылған спорт түрлері – бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрестен кім мықтыны анықтауға жиналады. Командалық бәсекенің мақсаты – дарынды балалардың көзге түсуіне жағдай жасау, спорт мектеп-интернат-колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыру. Министр Кубогының жалпы жүлде қоры 10 миллион теңге: 1-ші орын алған командаға – 5 миллион теңге, 2-ші орынға – 3 миллион, 3-ші орынға – 2 миллион теңге беріледі екен. Жарысқа тек 2021-2022 оқу жылына дейін қабылданған шәкірттер қатыса алады. Күні кеше елордада жеребе тарту рәсімі болып, 17 команда 4 топқа бөлінді. Командалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе мен Тараз қаласында өзара күш сынасады. Әр топтағы командалар айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен кездеседі. Қорытынды нəтиже төрт спорт түрі бойынша жеңіп алған медальдар сапасы бойынша анықталады. Тек 1-орын алған командалар жартылай финалға шығады. Онда А тобының жеңімпазы С тобының үздігіне, В тобының мықтысы D тобының жеңімпазына түседі. Жартылай финал жəне финал 22-24 мамыр аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. «Алдағы уақытта «Министр Кубогі» сарапқа салынатын спорт түрлерінің санын көбейтуге тырысамыз. Мұндағы мақсат – спорт мектеп-интернат-колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыру. Осы кешенді жарыс бізге әр спорт түріндегі білікті бапкерлерді анықтауға көмектеседі, деп сенеміз. Сонымен қатар арнаулы оқу орындарындағы өзекті мәселелерді анықтап, міндетін айқындаймыз деп ойлаймын», – депті ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт жəне дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Самат Ерғалиев жеребе тарту рәсімі кезінде.