Кейіпкер

Бурахан ДАҚАН, "TAUEKEL" ұйымының жетекшісі: Үкімет ескертулерімізді құлаққа ілмеді

Үкімет ескертулерімізді құлаққа ілмеді

Фото ашық дереккөз

– Қазір Үкімет елге келетін қандастарды "мынау бізге пайдалы, мынау пайдасыз" деп сұрыптап, өзіне пайдалысын ғана қабылдауға шешім қабылдаған сияқты. Біздің Үкімет қазаққа әбден тойып, мезгілсіз кекіріп отырғандай. Қазақтың саны 40-50 миллионға жетсе, бір сәрі. 20 миллионға әрең жетіп отырғанымызда мұндай саясат жүргізуді жөнсіз деп есептеймін. Біз бұл мәселені бір жыл бойы айтып, қақсап келеміз. Өкінішке қарай, биыл пилоттық жоба енгізілгелі қазақ көші тоқтап қалды.

Бұрын бір жылға берілетін визаның мерзімін үш айға қысқартып тастады. Енді виза алу үшін ҚАЗТЕСТ тапсыру керек. Қытайдан келген қазақтар Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуымен сауат ашқан. Ал біздің ҚАЗТЕСТ жүйесі тек кирилл әліпбиіне негізделген. Тіпті визалық сауалнамалардың өзін кирилл әліпбиімен толтыру керек. Қазір біздің ұйым қандастардың өтініш қағаздарын, сауалнамаларын толтыруға көмектесіп жатыр. Мұның тағы бір ауыр салдары бар. Бұған дейін көптеген қандас балаларына бір жылдық виза рәсімдеп, Қазақстандағы мектептерге оқуға берген. Ал ата-аналарының үш айлық визасы аяқталса, олар Қазақстаннан кетуге міндетті. Балам қазақша оқысын, Қазақстанның азаматы болсын деп келген ата-ана баласын Қытайға қайта алып кеткісі келмейді. Өйткені қайтадан Қазақстанға оралу мүмкіндігі төмен. Сондықтан кейбір ата-аналар балаларын Қазақстанда қалдырып, өздері Қытайға қайтуға мәжбүр болып отыр. Осылайша елімізде әке-шешесінен жырақ қалған балалардың көбею қаупі туындады. Біз мұның бәрін жеті-сегіз ай бұрын ескерткенбіз. Өкінішке қарай, Үкімет ұсыныстарымызды құлаққа ілмеді.

Қазір Қазақстанда құжаттарын рәсімдей алмай, заңды жүру мерзімін өткізіп алған қандастар көбейді. Жұрт айтып жүрген ҚАЗТЕСТ – мәселенің бергі жағы ғана. Оның ар жағында бұдан да күрделі электронды сауалнама, балдық бағалау жүйесі тұр. Қандас визасын ұзартқысы келсе, ықтиярхат, қандас мәртебесін немесе азаматтық алғысы келсе, электронды сауалнамадан өтуі керек. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында биыл электронды сауалнамадан небәрі үш адам өткен. Ал осы облыста виза алған мыңдаған қандас бар. Ертең олардың визаларының мерзімі аяқталса, Қазақстаннан кетуге міндеттелуі мүмкін. Олардың дені Қытайдағы үйін, мал-мүлкін сатып, атажұртқа біржола орнығамыз деп келген адамдар. Енді олардың кері қайтар жолы жоқ. Қытайға барса, жауапқа тартылады.

Осы мәселелер бойынша президентке де, министрліктерге де бірнеше рет ұсыныс, өтініш жолдадық. Бірақ әлі күнге дейін мәселенің шешімі табылған жоқ. Біздің болжамымыз бойынша, қазіргі жағдай 20-30 мың қандастың құжатсыз қалып, Қазақстаннан шығарылу қаупіне соқтыруы мүмкін. Қазақстанда айтулы мерекелерге орай қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтарға рақымшылық жасалады. Ендеше, атажұртына көшіп келген қазақтарға неге рақымшылық жасамасқа? Біз Президенттен биылғы пилоттық жобаның салдарынан құжаттарын рәсімдей алмай қалған қандастарға рақымшылық жасап, олардың азаматтық немесе ықтиярхат алу мәселесін жедел шешіп беруін сұраймыз.

Сайт Әкімшілігі