Бұрынғы вице-министр үш бап бойынша сотқа тартылады
Қазақстанның бұрынғы көлік вице-министрі Сәтжан Әблалиевтің қылмыстық ісі 27 қазанда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қарала бастайды.
Сот материалдарына сәйкес, алдын ала тыңдау 27 қазан күні сағат 10:00-ге белгіленген. Істі судья Саят Тәшімбаев қарайды. Бұрынғы шенеунік қазір қамауда отыр.
Сәтжан Әблалиевке Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған:
Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысуы;
Лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану;
Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру.
Алайда сот қаулысында пара алу бабы көрсетілмеген.
Еске салайық, Сәтжан Әблалиев 2025 жылдың тамызында пара алды деген күдікпен ұсталған еді. Сол кезде ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі оның сот санкциясымен қамауға алынғанын хабарлаған. Бірнеше күннен кейін ол вице-министр қызметінен босатылды.
Бастапқыда тағылған пара алу күдігі неліктен сотқа жолданған айыптау құрамына енбегені әзірге белгісіз.
Сәтжан Әблалиев туралы не белгілі?
Сәтжан Әблалиев 1970 жылы 11 қаңтарда Атырау облысында дүниеге келген. Еңбек жолын мұнай барлау саласында бастаған.
Кейін Алматы автомобиль-жол институты мен Қазақ қатынас жолдары университетін бітірген. Әр жылдары Автомобиль жолдары комитетінде басшылық қызметтер атқарып, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған.
2023 жылдың қазанында Қазақстанның көлік вице-министрі болып тағайындалып, бұл қызметті 2025 жылдың тамызына дейін атқарды.
Сот материалдарында жәбірленуші ретінде Көлік министрлігі заң департаментінің директоры Бақытбек Төлеубаев көрсетілген. Оған мұндай процестік мәртебенің не себепті берілгені жарияланбаған.
Сот отырысы ашық форматта өтеді деп жоспарланған.