Қоғам

БҰҰ алаңында Қазақстанның әйелдерді қолдау тәжірибесі жоғары бағаланды

Қазақстанда гендерлік теңдік, адам құқықтарын сақтау, әділеттілік пен жауапкершілік мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала береді.

Фото: ашық дереккөз

 Бұл туралы ел делегациясы Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Әйелдердің жағдайы жөніндегі комиссияның 70-сессиясы аясында өткен жоғары деңгейдегі жиында мәлімдеді. Іс-шара Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылды.

Кездесуге БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері, ЮНЕСКО басшылығы және түрлі халықаралық ұйымдардың делегациялары қатысты.

Гендерлік теңдікті ілгерілетудегі ЮНЕСКО рөлі

Жиында Халед әл-Анани сөз сөйлеп, ұйымның білім беру, ғылым және мәдениет салаларында гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын атап өтті. Оның айтуынша, әйелдердің ғылыми және білім беру кеңістігіндегі мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ цифрлық трансформация кезеңінде тең жағдай жасау – басым міндеттердің бірі.

Қазақстанның тәжірибесі

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілдігі басшысы, елші Асқар Әбдірахманов халықаралық қауымдастыққа еліміздің гендерлік теңдікті дамытудағы тәжірибесін таныстырды. Ол Қазақстанда әйелдердің қоғам өмірінің түрлі салаларына белсенді қатысуын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Әйелдердің білім мен бизнестегі үлесі

Жиын барысында әйелдердің әртүрлі салалардағы үлесін көрсететін деректер ұсынылды. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарындағы студенттердің 52,5 пайызын қыздар құрайды. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілерінің 48 пайыздан астамы әйелдердің иелігінде. Мемлекеттік қызметте де әйелдердің үлесі жоғары – 55,8 пайыз.

Бұдан бөлек, әйелдерді ғылым мен техникалық бағыттарға тарту, цифрлық ортада кемсітушіліктің алдын алу және сот төрелігіне тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр.

«Қазақстан гендерлік теңдік мәселесін ЮНЕСКО-ның жаһандық басымдықтарының бірі ретінде толық қолдайды. Сонымен қатар, Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы және Алматыдағы ЮНЕСКО кеңсесінің жобалары аймақтық ынтымақтастықты дамытуда маңызды алаңға айналды», - деді Асқар Әбдірахманов.

Халықаралық серіктестікке басымдық

Сөз соңында қазақстандық дипломат елдің гендерлік теңсіздікті жою бағытындағы халықаралық бастамаларды қолдайтынын жеткізді. Ол барлық мемлекеттер мен ұйымдардың бірлескен әрекеті қоғамның барлық саласында тең мүмкіндіктер қалыптастыру үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Сайт Әкімшілігі