Саясат

БҰҰ Қазақстанды шешен белсендісі Мансур Мовлаевты Ресейге бермеуге шақырды

БҰҰ Қазақстанды шешен белсендісі Мансур Мовлаевты Ресейге бермеуге шақырды

Фото: ашық дереккөз

БҰҰ-ның Ресейдегі адам құқықтарының жағдайы жөніндегі арнайы баяндамашысы Мариана Кацарова Қазақстан билігін шешен белсендісі Мансур Мовлаевты ешбір жағдайда Ресейге бермеуге шақырды. 

Кацарованың айтуынша, белсенді Ресейге экстрадицияланған жағдайда азаптауға ұшырап, өміріне қауіп төнуі мүмкін.

"Ол – азаптау құрбаны. Қазақстан билігін Мовлаевты ешбір жағдайда Ресейге бермеуге шақырамын. Бұл өрескел заңбұзушылық болар еді. Мовлаевты Шешенстанда азаптау ғана емес, өлім күтіп тұрғанына сенімдімін. Бұл – саяси қуғын-сүргіннің айқын мысалы. Қазақстан билігінің шешімін бәріміз бақылап отырмыз. Қазақстан үкіметіне Мовлаевты қауіпсіз үшінші елге жіберуді ұсынамын", – деді Кацарова "Эхо" эфирінде.

Ал заңгер Вадим Дроздов белсендіні Ресейге экстрадициялау қаупі күшейгенін айтты. Мовлаев өзін алдымен Петропавлға жеткізіп, сол жерден Ресей билігіне тапсыруы мүмкін деп қауіптенеді.

Бұған дейін Мовлаев Қазақстан билігі мен қоғамға бейнеүндеу жолдаған еді.

"Ресейге жіберіліп, қайтадан азаптау мен қорлыққа ұшырап, өлтірілгеннен гөрі Қазақстанда түрмеде отырғаным артық", – деді белсенді.

Мансур Мовлаев – Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты сынап жүрген оппозициялық белсенді. Ол 2019-2020 жылдары Шешенстандағы адам ұрлау, азаптау және адамдардың күштеп жоғалуы туралы мәліметтерді оппозициялық қозғалысқа жеткізіп отырған.

2020 жылы Ресейде есірткі сақтады деген айыппен үш жылға сотталған. Белсенді мен құқық қорғаушылар бұл істің саяси себептермен қолдан жасалғанын айтады.

Мовлаев 2025 жылдың мамырында Қазақстанда ұсталды. Содан бері экстрадициялық қамауда отыр. Биыл 11 қыркүйекте кассациялық сот оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан.

Сайт Әкімшілігі