Бюджеттен қаржы бөлінген ғылыми жобалар табыс әкелді ме?
Депутат Тілектес Адамбеков ғылымға бөлінген бюджет қаражатының экономикалық тиімділігіне қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылым саласына бөлінетін қаржы алты есеге артқан. Ал 2023 жылдан бері ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар екі еседен астам өсіп, 2026 жылға қарай 121,5 млрд теңгеден 260 млрд теңгеге жеткен.Сонымен қатар 2025 жылы 241 инновациялық жоба іске асырылып, 1 200-ден астам ғылыми зерттеу аяқталған. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағдарламалары да кеңейтілген.
Алайда депутат ғылымға салынған мемлекеттік инвестициялардың нақты экономикалық қайтарымы туралы ақпараттың жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның мәліметінше, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың шамамен 80 пайызы бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.
«Әділет» партиясы осыған байланысты ғылымға бөлінген қаражаттың қаншалықты экономикалық нәтиже беріп отырғанын анықтауды сұрап отыр.
Атап айтқанда, депутат министрден ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалған әр теңге қанша экономикалық әсер, қосылған құн, салық түсімі немесе экспорттық кіріс әкелгені туралы нақты ақпарат беруді сұрады.
Сондай-ақ нәтижесі өндіріске енгізілген және коммерцияланған ғылыми жобалардың үлесі, жеке инвестиция тартқан әзірлемелер саны және ғылым мен технологияның қай бағыттары жоғары экономикалық нәтиже көрсететіні туралы мәлімет сұралды.
Бұдан бөлек, практикалық нәтижесі төмен ғылыми бағыттар анықталған жағдайда, олардың себептеріне талдау жасала ма деген сауал қойылды.
Депутат министрден аталған мәселелер бойынша нақты ақпарат беруді сұрады.