Аймақ

Бюрократияның құны: 1,4 млрд теңге және 100 жұмыс орны

Инвестиция тарту мәселесі сөз болғанда көбіне миллиардтаған қаржы, жаңа өндіріс орындары мен ашылатын жұмыс орындарының саны алға шығады.

Фото: dknews.kz

 Алайда кез келген инвестициялық жобаның қағаздағы жоспардан нақты өндіріске айналуына қаржының болуы ғана жеткіліксіз. Жер телімін бөлу, инфрақұрылымға қосу, тиісті шарттарды рәсімдеу, мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдармен келісу секілді сырт көзге елеусіз көрінетін әкімшілік рәсімдердің әрқайсысы жобаның тағдырын шешуі мүмкін. Кейде бірнеше ай бойы дайындалған, қомақты қаражат салынатын кәсіпорынның жұмысы бір құжаттың уақытында рәсімделмеуінен тежеліп қалады. Шымкентте прокуратураның араласуынан кейін шешімін тапқан «YUG PLASTIC KZ» ЖШС-іне қатысты жағдай осы мәселені тағы бір мәрте көрсетіп отыр.

Компания Шымкенттегі «Жұлдыз» индустриялық аймағында инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Жоспар бойынша жобаға 1,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылуға тиіс. Мұндай жобаның маңызы салынатын қаржы көлемімен ғана өлшенбейді. Өндірістік кәсіпорынның іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын қалыптастырып қана қоймай, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемінің артуына, ілеспе қызметтердің дамуына, тауар жеткізушілер мен шағын кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтың пайда болуына ықпал етеді. Сондықтан индустриялық аймақтарға кәсіпорын тартудың түпкі мақсаты – бос жатқан жерлерді игеріп, әрі белгілі бір аумақта өзара байланысқан өндірістік орта қалыптастыру. Осы тұрғыдан қарағанда, «YUG PLASTIC KZ» жобасының кеңеюіне мүмкіндік беретін шешім бұған дейін-ақ қабылданған. «Бизнес – Шымкент» өңірлік үйлестіру кеңесі 2026 жылғы 22 сәуірде компанияға дайын өнім қоймасын салу үшін қосымша бір гектар жер учаскесін бөлу жөнінде шешім шығарған. Яғни кәсіпорынға қажетті аумақты беру мәселесі қағаз жүзінде шешілген. Бірақ жерді бөлу туралы шешімнің қабылдануы мен инвестордың сол жерді нақты пайдалана бастауы екі бөлек процесс болып шыққан. Прокуратура мәліметіне сүйенсек, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын басқарушы компаниясы» АҚ тарапынан индустриялық аймақ қатысушысы ретінде қызмет жүргізуге және бөлінген жер учаскесін уақытша пайдалануға қажетті шарттар дер кезінде рәсімделмеген. Нәтижесінде инвесторға жер бөлінгенімен, оны толыққанды игеруге мүмкіндік беретін құқықтық негіз аяқсыз қалған. Басқаша айтқанда, мемлекет, бір жағынан, кәсіпкерге инвестициялық жобаны кеңейтуге келісім бергенімен, екінші жағынан, сол шешімді іс жүзінде жүзеге асыруға қажетті рәсімдер уақытында орындалмаған. Экономист Аяжан Асанның айтуынша, мұндай жағдайда мәселе бір кәсіпорынның құжатының кешігуімен ғана шектелмейді екен.

«Инвестор үшін уақыттың өзі – қаржы. Құрылыс мерзімінің кейінге шегерілуі мердігерлермен жасалған келісімдерге, құрал-жабдық сатып алу жоспарына, жұмысшыларды қабылдау кестесіне, өнім өндіру мен өткізу мерзіміне әсер етуі ықтимал. Әсіресе өндірістік жобаларда бір рәсімнің кешігуі келесі бірнеше кезеңнің де жылжуына әкеледі. Сондықтан әкімшілік кедергінің құнын тек рәсімделмей қалған құжатпен өлшеу дұрыс емес. Оның артында пайдаланылмай тұрған капитал, кейінге қалған өндіріс және уақытында ашылмаған жұмыс орындары тұруы мүмкін. Бұл оқиға индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың қызметіне қатысты маңызды мәселені де алға шығарады. Мұндай аймақтарды құрудағы негізгі идея – инвестордың жұмысын жеңілдетіп, өндірісті іске қосуға кететін уақытты қысқарту. Кәсіпкер жер, инфрақұрылым және бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді нөлден бастап өзі шешпей, алдын ала әзірленген ортаға келуі керек. Демек, индустриялық аймақтың тиімділігі оның аумағына қанша кәсіпорын тіркелгенімен және сол кәсіпорындардың жобаны қаншалықты тез іске қосып, нақты өнім өндіруге көшкенімен бағалануға тиіс. Егер инвестор арнайы құрылған аймақтың өзінде қажетті шарттың рәсімделуін күтіп қалса, онда бизнеске ұсынылған жеңілдіктің бір бөлігі бюрократиялық кідірістің тасасында қалуы мүмкін», – дейді маман.

Еңбекші ауданының прокуратурасы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу барысында аталған кедергіні анықтап, араласқаннан кейін қажетті шарттар рәсімделген. Соның нәтижесінде компанияға бөлінген бір гектар жерді пайдалануына және жобаны әрі қарай жалғастыруына қажетті құқықтық рәсімдер аяқталған. Осылайша 1,4 млрд теңге инвестиция мен 100 жұмыс орнын көздейтін жобаның әрі қарай жүзеге асуына мүмкіндік берілді. Бұл жерде әкімшілік рәсімдердің болжамы да маңызды. Кәсіпкер инвестиция салған кезде тәуекелді алдын ала есептеуге тырысады. Нарықтағы сұраныс, шикізат бағасы немесе валюта бағамының өзгеруі секілді экономикалық тәуекелдер бизнестің табиғи бөлігі саналады. Ал мемлекеттік немесе квазимемлекеттік ұйым орындауға тиіс рәсімнің белгісіз мерзімге созылуы – алдын ала есептеу қиын тәуекел. Сондықтан инвестициялық саясатта жеңілдіктер көлемінен бөлек, мемлекеттік аппараттың жылдамдығы мен шешімдердің орындалу тәртібі де маңызды көрсеткішке айналып отыр. Шымкент секілді халқы көп, еңбек ресурсы мол әрі өндірістік әлеуетін арттыруға ұмтылып отырған қала үшін әрбір жаңа кәсіпорынның іске қосылуы ерекше мәнге ие. Жүз жаңа жұмыс орны жалпы еңбек нарығының ауқымында аса үлкен көрсеткіш болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ бір өндіріс орнында құрылған тұрақты жұмыс орны оның айналасындағы логистика, қызмет көрсету, тасымал, сауда және басқа да салаларға сұраныс қалыптастырады.

С.Бақберген

Шымкент қаласы

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Шымкент