Чакрабарти кім еді сонша?
Өзбек президенті жанталасып, Тоқаевтың көмекшісін жалдады Баяғыда біз Митхун Чакрабортиді білуші едік, Үндістан киносынан көретін актер еді, ешкімге зияны жоқ.
Қазір Қазақстанда Сума Чакрабарти деген есім жиі айтылып жүр. Енді Сэр Сумантра «Сума» Чакрабарти деген кісіні де білуге тура келіп отыр. Бұл да Митхун сияқты жас адам емес, 1959 жылы туған. Британияның мемлекеттік қызметкері, Үндістанның тумасы. 2012 жылдың шілдесінен бастап, 2020 жылдың шілдесіне дейін Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті болған мықтының нақ өзі.
14 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Чакрабартиді өзінің штаттан тыс кеңесшісі етіп тағайындады. Сэр Сума сондай-ақ Қазақстан президенті жанындағы реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес төрағасының орынбасары болды. Төраға қызметін Қазақстан президенті атқарады.
Жарайды, хош делік дейін десек, бұл Сума Чакрабарти Қазақстан басшысының кеңесшісі қызметіне алынған соң, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің де кеңесшісі болып алған екен. Бұл туралы Сума Чакрабарти Twitter-дегі парақшасында хабарлады. «Қазір ғана Өзбекстан президенті мені өзінің экономикалық даму, тиімді басқару және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі етіп тағайындағанын естіп қуанып отырмын. Оған реформалық бағдарламаларды жүзеге асыруға көмектесемін», – деп жазды Еуропалық қайта құру және даму банкінің бұрынғы басшысы.
Әй, бұл қалай, өзі?
Не деген сорақылық бұл? Сума Чакрабартибір мезетте бірден екі ел президентінің – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің экономикалық кеңесшісі болып тағайындалады. Бұл шынымен де біртүрлі, қызық жағдай.
Мүдделер тартысы
Егерәки «өте ақылды» сэр Чакрабарти біздің аймақтағы ең ірі екі экономиканы бір мақсатқа жұмылдырып, орталықазиялық ортақ бір кооперацияның шын тиімді бір жүйесін ұсына алса, бұл жөн болар еді, әрине. Кім білген, бәлкім, ресми Нұр-Сұлтан мен Ташкент тура осы мақсатта бірлесіп жасырын жоспар құрған болар? Екінші жағынан, алдағы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан бір-біріне шынайы бәсекелес болғалы тұр. Болашақтағы бәсекелестіктің сөзсіз болатынын тіпті Қазақстан президенті Тоқаевтың соңғы жолдауынан анық аңғаруға болады. Бәсекелестік деген табиғи құбылыс қой қашанда. Ең қызығы, Үндістанда туған британиялық экономист Чакрабарти бұл жағдайда қалай жұмыс істейтінін білмеген бе? Мүдделер тартысының тура ортасында қалайын деп тұр белсенді үндіс, қысқасы. Чакрабарти енді ең бір тиімді деген жобасын не Өзбекстанға, не Қазақстанға ғана ұсына алады.
Қазақстан мен Өзбекстан – бәсекелес мемлекеттер, қазақ өзбектен қанша озды дегенімізбен, кей фактілер өзбектің шоқтығы бәрібір биіктеу екенін аңғартады. Өз экономикасында нағыз нарықтық жағдай тудырған Өзбекстан өте ірі халықаралық инвестициялар тарта білді: тек соңғы жылдардың өзінде ғана өзбектің еліне қазақтың түсіне де кірмеген Volkswagen, Adidas және Nike сияқты әлемнің алпауыттары келді. Ал бүгінгі Қазақстанда экономиканың 70 пайыздан астамы тікелей мемлекеттік немесе квазимемлекеттік құрылымдар арқылы мемлекет бақылауында. Қазақстандағы әйгілі «Астана» халықаралық қаржы орталығы әлі де түк бітіре алмай келеді: мемлекет есебінен салынған 150 миллион долларға 130 миллион инвестицияны әрең тартқанын мақтан етіп...
Әйтсе де тым жаман ойларға салына бермейік. Сума Чакрабартидің Тоқаевтың кеңесшісі болып кеткені шынымен де көптеген сарапшылар үшін шок болды. Бірақ та қазақстандық дарынсыз шенеуніктердің жиі кездесетін орынсыз, оспадар шешімдері енді мемлекеттік қаржыландыруға оңай кенелмес бұрын, әйтеуір, кәсіби сараптамадан өте ме деген әлсіз үміт те жоқ емес.