Сараптама

Чехияда такси саласындағы ірі салық алаяқтығы әшкереленді: күдіктілер арасында Өзбекстан азаматтары бар

Чехияның құқық қорғау органдары цифрлық такси платформаларына қатысты елдегі ең ірі салықтан жалтару схемаларының бірін әшкереледі.

Фото: ашық дереккөз

Тергеу мәліметінше, ұйымдасқан топ қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуден жалтарып, Uber және Bolt платформаларында жұмыс істейтін шетелдік жүргізушілерді пайдалану үшін ондаған жалған компания құрған. Бұл туралы Azattyq Asia хабарлады.

Арнайы операция Чехияның Ұйымдасқан қылмысқа қарсы ұлттық орталығы (NCOZ), Кеден қызметі және Қаржы басқармасының қатысуымен «Daňová Kobra» («Салық кобрасы») атауымен жүргізілді.

Тінту барысында құқық қорғаушылар құжаттар мен электронды құрылғыларды тәркілеп, 6 миллионнан астам чех кронасы көлеміндегі қолма-қол ақшаны және шоттардағы 8 миллион кроннан астам қаржыны анықтады. Чехиялық БАҚ бірнеше автокөліктің де тәркіленгенін жазды.

Тергеу мәліметінше, мемлекетке келтірілген шығын көлемі кемінде 300 миллион чех кронасын құрайды. Алайда тергеу жалғасып жатқандықтан, бұл сома әлі де өсуі мүмкін. Қазірдің өзінде кемінде екі ұйымдасқан топтың 70 миллион және 230 миллион крон көлемінде шығын келтіргені анықталған.

Бірлескен операция нәтижесінде 10 адамға, оның ішінде сегіз шетелдік пен екі Чехия азаматына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Чехия полициясы күдіктілердің азаматтығын ресми түрде жариялаған жоқ. Дегенмен жергілікті БАҚ пен өзбек қауымдастығы өкілдерінің мәліметінше, ұсталғандардың басым бөлігі – Өзбекстан азаматтары.

Полицияның мәліметінше, ұйымдасқан топ 2022–2026 жылдар аралығында цифрлық платформалар арқылы жолаушылар тасымалдап, салық міндеттемелерін азайту және нарықта заңсыз артықшылыққа ие болу мақсатында ондаған компания құрған.

Оқиғадан кейін Чехиядағы Өзбекстан елшілігі өз азаматтарын қабылдаушы елдің заңдарын қатаң сақтауға шақырды. Елшілік өкілдері такси саласында жұмыс істейтін отандастарымен кездесу өткізіп, тек заң талаптарын орындайтын тасымалдаушылармен жұмыс істеуге кеңес берген.

Чехиядағы Өзбекстанның консулы Дилшод Собиров елшілік жағдайды жіті бақылап отырғанын айтып, азаматтардың кінәсі тек сот шешімімен ғана дәлелденетінін атап өтті.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер «флотилия» жүйесін пайдаланған. Яғни жүздеген автокөлікке иелік ететін жеке компаниялар Uber және Bolt платформалары арқылы жүргізушілерді жұмысқа тартып, олардың атынан салық төлеуге міндеттенген. Алайда жүргізушілердің айтуынша, кейбір компаниялар бұл қаражатты мемлекетке аудармай, өздеріне қалдырған.

Сондай-ақ тергеу барысында күдіктілердің салықтық тексерулерден жалтару үшін бір-екі жылдан кейін жабылып отыратын ондаған өзара байланысты компания құрғаны анықталған. Кейбір фирмалар Өзбекстанға қайтып кеткен азаматтардың атына тіркелгені де белгілі болды. Кейін олардың бірқатары өз атына компания рәсімделгенінен мүлде хабарсыз болғанын айтқан.

Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, Чехия заңнамасына сәйкес оларды 10 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.

Соңғы жылдары Чехияда, әсіресе Прагада, Uber мен Bolt арқылы жұмыс істейтін шетелдік такси жүргізушілерінің саны айтарлықтай артқан. Осыған байланысты ел билігі такси жүргізушілеріне қойылатын талаптарды күшейтетін заңнамалық өзгерістерді де қарастырып жатыр.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Чехия құқық қорғау органдары бұл істі елдің цифрлық экономикасындағы ұйымдасқан салық қылмысына қарсы жүргізілген ең ірі операциялардың бірі деп бағалап отыр.

Сайт Әкімшілігі