Chevron 2033 жылдан кейін де Теңізшевройл жобасында қалғысы келеді
Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орындарының бірі — Теңіз кен орны операторы «Теңізшевройл» (ТШО) 2033 жылдан кейін де жобада жұмысын жалғастыруды көздеп отыр.
Бұл туралы BAQ.kz-ке берген сұхбатында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Оның айтуынша, Chevron және консорциумның өзге қатысушылары тарапынан мұндай ниеттің болуы Қазақстанға инвесторлардың қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.
«Chevron өз ниетін білдіріп отыр, ТШО 2033 жылдан кейін де келісімшартты ұзартқысы келеді», — деді министр.
Теңіз кен орнын игеру жөніндегі қазіргі келісімшарт 1993 жылдың сәуірінде жасалып, 2033 жылдың 2 сәуірінде аяқталады. Оны ұзарту мәселесі бұған дейін де көтерілген. Мәселен, 2025 жылы Reuters агенттігі Chevron компаниясы Қазақстан үкіметімен келісім мерзімінен кейінгі жобаның болашағын талқылай бастағанын хабарлаған.
Болашақ кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін 2025 жылы Теңіздегі өндіріс көлемі 39 млн тоннаға (тәулігіне шамамен 851 мың баррель) дейін өсті. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 27,8 млн тонна (тәулігіне 605 мың баррель) болған. Бұл кен орнының Қазақстан экономикасы үшін де, шетелдік инвесторлар үшін де маңызын арттыра түсті.
ТШО-ның негізгі акционері — Chevron (50%). Сонымен қатар 25% — ExxonMobil, 20% — ҚазМұнайГаз, 5% — Лукойл компанияларына тиесілі.