Сараптама

Дәрігер қателігін дәлелдеу қиын

Уақыт талабына, қоғам қажетіне сай елдегі заңдарға да ара-тұра өзгеріс енгізілуі – заңдылық.

Фото: из открытых источников

 Әйтсе де, кейде қолданыстағы құжаттар түзетілген сайын қарашаның қайғы-мұңы қалыңдай түседі. Әсіресе адам өмірі мен денсаулығына қатысты мәселеде таразы басының тең түсуі тәжірибеде жиі кездесе бермейді. Сондықтан әділдік іздеп, әр есікті сығалап жүретіндер көп бізде.

Астана қаласының тұрғыны Айшат Уәлиолла екі жылдан бері анасының өліміне қатысты шындықты анықтап, жауапты адамдарды заң алдында жауапқа тартқыза алмай жүр. Өзі заңгер бола тұра дәрігерлердің кінәсін дәлелдеуге келгенде заңды білу мен дәлел жинау әділдікке жетуге кепіл болмайтын көрінеді. Айтуынша, оқиға 2024 жылғы 30 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында басталған. Анасының денсаулығы күрт нашарлап, жедел жәрдем үш рет шақыртылған. Алайда науқас стационарға жатқызылмай, жалпы дәрігер қабылдауына, артынша бір тәулік бақылауда ұстау туралы шешім қабылданған. Осы уақытта науқастың жағдайы күрт нашарлапты. Медициналық көмек тиісті деңгейде көрсетілмеген соң туыстары дабыл қағады.

Осыдан кейін ғана консилиум өткізіліп, науқасты Орал қаласына жіберу туралы шешім қабылданған. Мұның өзінде диагнозды хирург телефон арқылы "анықтап", науқасты Оралға жеткізуді өздеріне жүктеген. Сондықтан науқасты туыстары шамамен 500 шақырымды қамтитын Бөкей ордасы ауданынан Оралға дейін қақаған қыс мезгілінде 14-16 сағаттың ішінде жеткізеді. Қатты ауырған анасы басқа жолаушылар отырған көлікте тікесінен отырып, түні бойы жол жүрген. Айшаттың сөзінше, аудандық ауруханадан шығар кезде анасына қажетті инфузиялық ем мен екпе де жасалмаған. Ал Оралға жеткенде облыстық аурухана науқастың аудан тұрғыны екенін алға тартып, қабылдаудан бас тартқан. Қоғамдық резонанс тудырып жатып отаға жеткізгенімен, уақыт жоғалтудың салдарынан науқастың операция үстінде өтіндегі тас жарылып кетіп, ішкі ағзалары зақымданған. Сөйтіп көп ұзамай реанимацияда, 10 ақпанда қайтыс болады.

Айшат анасы ауруханада жатқан кезде аурухана басшылығы мен дәрігерлерімен үнемі байланыста болған. Тіпті Астанадан жиі-жиі келіп тұрғанына қарамастан, анасының қайтыс болғаны туралы дер кезінде хабар алмапты. Сол үшін мәйітханадан денесін алу кезінде де қиындықтарға тап болады. Анасының өлімінен кейін құқық қорғау органдарының есігін торуылдап екі жыл жүрген. Әбден сарсаңға түсіп, соңғы үміті қалғанда ғана қылмыстық іс қозғалып, медициналық құжаттар зерттеліп, сараптамалар жасалады. Тергеу кезінде сот-медициналық сараптама үш рет тағайындалған. Алғашқы сараптамада медициналық қателіктер нақты көрсетілгеніне қарамастан, тергеушілер сараптаманы бірнеше рет жасатыпты. Ал әр қорытындыны күтуге бірнеше ай кеткен, кей кездерде іс үш-төрт ай бойы қозғалыссыз жатқан.

Ұзақ тергеуден кейін іс сотқа жолданып, айыптау актісі дайындалады. Алайда биыл аудандық сот қылмыстық істі ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қысқартып тастайды. Айшаттың пікірінше, жауапкершілік тек емдеуші дәрігермен шектелмеуі керек. Осы аралықта өзі де аурухана басшылығы тарапынан бірнеше рет қысым көргенін жеткізді. 
Анасының өлімінен кейін Айшат материалдық және моральдық өтемақы талап етуге де құқығы жоқтығын білген. Заңды жақсы білгенінің арқасында Аршат әділдікті талап етіп, биыл 15 қазанда апелляциялық шағымы қанағаттандырылып, аудандық соттың қылмыстық істі қысқарту туралы қаулысы бұзылған. Енді іс жаңа құраммен қайта қаралуға тиіс. Бірақ бұл шешім әлі түпкілікті әділдік орнағанын білдірмейді. Заңгер ретінде өзінің тәжірибесінде стоматология, хирургия және кардиология салаларындағы істерде де дәлел жинау қиынға соққанын жеткізді. Кейбір клиенттері бірнеше ай бойы күрескеннен кейін істі жалғастырудан бас тартқан. Себебі адамдар медициналық қателікті дәлелдеу көп уақытты, қаражат пен күш-жігерді талап ететінін түсінеді.  Бұған ауылдық жерлердегі әлеуметтік байланыстар мен қоғамның көзқарасы да қосылады екен.  

Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны Алтынай да жақын адамынан айырылғаннан кейін әділдік іздеп жүргендердің бірі. Сіңлісі 2024 жылы жүктілігінің соңғы кезеңінде денесі ісініп, зәр шығару қиындағандықтан, медициналық көмекке жүгінген. Жүктілікті сақтау мақсатында Шу қаласындағы перзентханаға жатқызылады. Бірақ ауруханада сіңлісінің жағдайы жақсарудың орнына, басы қатты ауырып, денесі ісініп, зәр шығара алмай одан сайын қиналады. Марқұм туыстарымен соңғы рет тілдескенде өзін әлі де нашар сезінетінін айтып, ауруханадан шыққысы келетінін жеткізеді. Бірақ сол түні онымен байланыс үзілген. Келесі күні таңертең акушер науқастың реанимацияға түскенін, құрсағындағы баласының шетінеп кеткенін айтады. Алтынай қолындағы бейнежазбалар мен басқа да материалдарда медицина қызметкерлерінің түнгі уақытта науқастың жағдайына тиісті назар аудармағанын көрсететін жайттар бар екенін жеткізді. Сараптама материалдарында нәрестенің таңғы сағат беске дейін тірі болғаны көрсетілген. Отбасының күдігін күшейткен тағы бір жағдай, сіңлісінің қайтыс болғаны туралы ақпарат уақытында берілмеген. Марқұмның күйеуі мен анасы аурухананы аралап жүріп, денесін бірінші қабаттағы шағын бөлмеден тапқан. Бұдан бөлек, медициналық құжаттардағы қайтыс болған күнге қатысты сәйкессіздік те көп. Алтынай сіңлісінің 10-ы күні қайтыс болғанын алға тартса, туыстарына берілген құжаттарда 22-сі күні көрсетілгенін айтады.

Сіңлісінің өлімінен кейін отбасы прокуратураға арызданған, адвокат жалдап, істің заң аясында қаралуына күш салған. Әйтсе де әлі күнге тергеу созылып, сот отырысы өтпеген. Ал үйқамақта болуға тиіс кейбір медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметін жалғастырып жүргені туралы ақпарат бар. Бұл жағдай да отбасының алаңдаушылығын күшейтіп отыр.

Жуырда Құрылтай депутаты Дана Медеуова дәрігерлердің еңбекақысын біліктілігіне сай белгілеу, оларды артық есептіліктен босату, кәсіби қызметіне заңсыз араласудан қорғау және "дәрігер" атауының заңмен қорғалуын қамтамасыз ету қажеттігін көтеріп, "Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметіне берілетін кепілдіктер туралы" арнайы заң жобасын әзірлеуге бастамашылық жасады. Жалпы соңғы жылдары медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, кәсіби жауапкершілігін реттеу және пациенттерге келтірілген зиянды өтеу тетіктері бірнеше рет өзгертілді. Дегенмен бұл тарапта күрмеулі дүниелер әлі көп. Сондай түйткілдердің бірі – медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау мен қарапайым халықтың медицина қызметкерлері жағынан зардап шеккенде олардың құқықтарының қорғалмауы.

Aqniet салалық кәсіподағының төрағасы Бақытжан Тәжібаев "медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау жүйесі ақсап тұр" дейді. Себебі 2023 жылмен салыстырғанда дәрігерлерге қатысты қозғалған қылмыстық істер саны 4 есе артқан. Осыған байланысты кәсіподақ Қылмыстық кодекстің бұған дейін өзгеріске ұшыраған 317-бабын тағы да декриминализациялауды ұсынып отыр. Әйтсе де, Тәжібаевтың уәжімен келісу де қиын.

 Елімізде бұрнағы жылдары Қылмыстық кодекстің 317-бабымен жылда шамамен 300-400-ге жуық қылмыстық іс тіркелсе, соның 70-80 пайызы сотқа жетпей қысқарып отырған. Өкінішке қарай, бұл үрдіс өзгерген жоқ.

Бас прокуратураның соңғы екі жылдағы ресми деректеріне үңілсек, медициналық қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы шағымдар мен арыздардың басым бөлігі сотқа дейінгі тергеп-тексеруге жете бермейді. Мәселен, былтыр Ақпаратты есепке алу кітабына медициналық салаға қатысты 5 826 арыз бен хабарлама түссе, соның 4 363-і қараусыз қалдырылып, номенклатуралық іске сақталған, ал 776-сы тәртіптік немесе әкімшілік жауаптылықты қарау үшін уәкілетті органдарға жолданған. Тек 289 өтініш қана Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде іс қозғалған. Ал тікелей 317-баппен СДТБТ-да тіркеліп, өндірісте болған қылмыстық істердің жайы тіпті таңғалдырады. Былтыр өндірісте болған 215 қылмыстық істің тек 16-сы ғана сотқа жолданса, 255-і тоқтатылған. Мұның сыртында 82 істе сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, тергеу созылып кеткен.

Биылғы 9 айдың көрсеткіші де осы жағдайды қайталайды. Түскен 4 274 арыздың 3 404-і қараусыз қалдырылып, номенклатураға жіберілсе, СДТБТ-да небәрі 239 іс тіркелген. Ал 317-баппен өндірісте болған 198 қылмыстық істің бар-жоғы 9-ы ғана сотқа жетіп, 163 іс қылмыс құрамының жоқтығынан немесе бітімгершілікпен қысқартылған. Сондай-ақ 80 істе сараптамалар әлі жүріп жатса, 6-да тергеп-тексеру мерзімдері әдеттегідей өтіп кеткен, ал 3 іс ашылмай, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған.

Көріп отырғандай, медицина қызметкерлерінің үстінен түсетін шағым да, қозғалатын істер де көп. Мұның сыртында сала мамандарының салғырттығына қол сілтейтіндер мен құқық қорғау органдарында қабылданбай қалатын арыздарды қоспадық. Соның өзінде әупірімдеп ашылған істердің соңы да сиырқұйымшықтанып, соңында қысқарып тынады. Ал медицина сарапшыларының бұл мәселедегі ой-пікірі де ой салады.

Медицина сарапшысы Наурызбек Рахатұлының пікірінше, заң талаптарын БАҚ арқылы халыққа кеңінен түсіндіріп, қажет болған жағдайда қоғамдық маңызы бар істерде ашық сот процестерін өткізу керек. Елде дәрігерлерді даярлау мен олардың кәсіби біліктілігіне қатысты мәселе жоқ. Өйткені пациенттердің құқықтарын қорғау үшін медициналық ұйымдарда арнайы бөлімдер жұмыс істейді, ал шағымдардың басым бөлігі медициналық қателіктерге емес, қарым-қатынас әдебіне және ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты туындайды. Мұндай даулардың бір бөлігі медициналық ұйымдардың өз ішінде, кәсіподақтардың, адвокаттар мен медиаторлардың қатысуымен шешіледі. Дегенмен денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы мен қағазбастылық әлі де өзекті. Сол үшін сарапшы дәрігерлердің кәсіби мәртебесін көтеру үшін оларды құқықтық тұрғыдан негізсіз қысымнан қорғап, қоғамда медицина қызметкерлеріне деген құрметті қалыптастыру қажет екенін айтады.

Адвокат Айман Омарова, керісінше, отандық медицина мамандары мен тергеу органдарының әрекетін "апама жездем сай" деп бағалайды. Себебі медициналық қателіктерге қатысты қылмыстық істердің сотқа жетпей жабылуындағы жүйелі мәселенің бәрі де осында. дан басталады. Заңгердің өз тәжірибесінде медициналық қателіктерге байланысты істердің бірде-біреуі сотқа дейін жетпеген. Тергеу органдары қажетті құжаттар мен дәлелдерді дер кезінде жинамай, істі созбалаңға салған кездері көп. Ал бұл уақытта медициналық мекемелер құжаттарын өзгертіп, өздеріне қолайлы етіп реттеуге үлгеруі мүмкін. Осылайша сот-медициналық сараптамаларда дәрігерлер арасындағы корпоративтік ынтымақтастық салдарынан әріптестерінің әрекетін ақтау оңай. Нәтижесінде істер ескіру мерзімінің өтуіне немесе қылмыс құрамының анықталмауына байланысты тоқтатылса, кей жағдайларда компьютерлік томография дискілері медициналық құжаттарға тіркелмей, тиісті деңгейде зерттелмейтін болып шықты.

Мұның басты себебі – медицина мен заң салаларындағы мамандарды даярлау сапасының төмендігі. Сондықтан оқу бағдарламаларын жаңартып, кәсіби құзыреттілікті бағалау жүйесін жетілдіру қажет. Сондай-ақ медициналық және фармацевтикалық істерді терең түсінетін арнайы даярланған тергеушілерді қалыптастыру, пациенттердің медициналық құжаттарға жедел әрі толық қол жеткізуін қамтамасыз ету және әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға қайталама тәуелсіз сараптаманы мемлекет есебінен жүргізу де маңызды. Емделушілердің сотқа немесе полицияға шағымдану құқығын шектейтін, жауапкершілікті толығымен науқастың өзіне жүктейтін біржақты шарттарға да жол бермеу керек. Дәрігерлердің заң бұзғаны, жалған құжат жасағаны немесе маңызды деректерді жасырғаны анықталса, олар жауапкершіліктен негізсіз босатылмау керек. Айман Омарованың айтпағы – осы.

Дәрігерлердің жауапкершілігіне қатысты басты мәселені, заңгер Кәмиша Есмұхамбетқызы, заңдардың іс жүзінде әділ қолданылмауынан іздеу керектігін айтады. Қылмыстық кодекстің 317-бабы медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты жауапкершілікті көздесе, 2026 жылғы 7 наурыздан бастап күшіне енген 380-3-бап дәрігерге кәсіби қызметіне байланысты күш қолдану немесе күш қолданумен қорқыту үшін жауаптылық белгілейді. Оның пікірінше, медициналық көмектің сәтсіз аяқталуы дәрігердің кінәсін автоматты түрде білдірмейді. Қылмыстық жауапкершілік үшін кәсіби міндеттің бұзылғаны, зиянды салдар және олардың арасындағы себептік байланыс дәлелденуі керек. Бұл ретте кадр тапшылығы, жабдықтардың жеткіліксіздігі мен медициналық ұйымның кемшіліктері де ескерілуге тиіс. Сондай-ақ қылмыстық, азаматтық және тәртіптік жауапкершілікті ажырату маңызды.

"Медициналық дауларды әділ шешудің маңызды шарты – тәуелсіз сараптама" дейді заңгер. Қылмыстық-процестік кодекстің 286-287-баптары сарапшы қорытындысына қарсылық білдіруге, қосымша немесе қайталама сараптама сұратуға мүмкіндік береді. Ал "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің 270-2-бабы медициналық қызмет көрсету нәтижесінде зиян келтірілгені туралы өтінішпен тәуелсіз сараптама комиссиясын құруды қарастырады. Азаматтық процестік кодекстің 92-бабына сәйкес, сарапшы қорытындысы сот үшін міндетті емес және басқа дәлелдермен бірге бағаланады. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру тетігі пациентке келтірілген зиянды өтеуге бағытталған. Сол үшін К.Есмұхамбетқызы "дәрігерлердің құқығын қорғау пациенттердің шағымдану мүмкіндігін шектеу арқылы жүзеге аспауға тиіс" деп санайды. Демек, науқас медициналық көмектің сапасына қатысты шағымдануға құқылы, ал дәрігер дәлелсіз айыптаулардан қорғалуы керек. Бәлкім, сол кезде біліксіз дәрігерлер өз бетінше шешім қабылдамай, медицина жүйесіндегі олқылықтар түзелер еді.

Ендеше, дәрігерлердің құқығын қорғауға бағытталған жаңа заң жобасын әзірлеу кезінде пациенттердің жанайқайы да назардан тыс қалмаса дейсің. Әсіресе бұл мәселе адам тағдыры таразыға салынатын салаға қатысты құжаттарды қарайтындардың құқықтық біліміне сын.

Жадыра МҮСІЛІМ

 

Сайт Әкімшілігі