Әлеумет

"Дәрігерге шабуыл жасауды дұрыс деп санайсыз ба?": Әлназарова Ақтаудағы оқиғаға пікір білдірді

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтауда баласының емделуіне көңілі толмаған әкенің балалар хирургіне шабуыл жасауына қатысты пікір білдірді.

Фото: gov.kz

Журналистер министрден медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны күшейтудің қаншалықты әділетті екенін сұрады. Атап айтқанда, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі пациенттердің дәрігерлік қателіктер туралы шағымдануына кедергі келтірмей ме деген мәселе көтерілді.

"Адам жұмыс орнында өзінің кәсіби міндетін атқарып жатыр. Осындай кезде оған шабуыл жасап, ұрып-соғып, жұлқылауды дұрыс деп санайсыз ба?" – деп жауап берді Ақмарал Әлназарова.

Министр Ақтаудағы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және құқық қорғау органдары екі тараптың да әрекетіне құқықтық баға беретінін айтты.

Оның сөзінше, биыл сәуірде Қазақстанда медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қол сұғу үшін жауапкершілік заң жүзінде күшейтілген. Қазір елде осы бап бойынша 50-ге жуық қылмыстық іс тергеліп жатыр.

"Егер тергеу барысында дәрігердің кінәсі анықталса, одан кейін белгілі болады", – деді министр.

Еске салайық, 31 қазанда Ақтаудағы Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде ер адам балалар хирургіне шабуыл жасаған.

Медицина мекемесі қызметкерлерінің айтуынша, хирург баланы тексеріп, ауруханаға жатқызуға медициналық көрсетілім жоқ деген қорытындыға келген. Алайда баланың әкесі бұл шешімге келіспей, алдымен үстелді тепкен, кейін дәрігердің мойнынан ұстап, күш қолданған.

Оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр.

Сайт Әкімшілігі