Қоғам

Демография: бір шаршы метрге небәрі 7 адамнан

«Бүгінде Қазақстанда демографиялық ахуал қалай?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

Jasalash.kz

Әрине, бірінші статистика мәліметіне зер салсақ, 2023 жылғы 1 шілдедегі есеп бойынша Қазақстан халқының саны 19 899 377 адамға жетті. Оның ішінде қалалықтардың саны 12 317 671 болса, ауылда тұратын ағайындар 7 581 706-ны құрап отыр. Жалпы, ер адамдардан гөрі әйелдер басым екен. Яғни, халықтың санын есептейтін жауапты мекемеде ерлер 9 715 592, әйелдер 10 183 785 деген ақпарат бар.

Елдің демографиялық ахуалына әлемді шарпыған пандемия көп зауалын тигізіп, коронавирустың әсері өз ізін қалдырып кеткені бүкіл әлемге аян. Бірақ елімізде жағдай айтарлықтай жаман емес көрінеді. Оған елге көшіп келіп жатқан қандастардың үлесі зор. Мәселен, атамекеніне көшіп жатқан қандастардың арасында жастар басым. Ал жастар жүрген жерде туу көрсеткіші жоғары болатыны қалыпты құбылыс.

Мамандардың айтуынша, 2021 жылы Қазақстаннан басқа елге көшу көрсеткіші басымырақ болған. Өткен жылы, керісінше, оң нәтиже байқалып, біздің елге көшіп келушілердің саны көбейген. Ол әрине, Украинадан келушілердің есебінен артқан. Ал ішкі көші-қонға келетін болсақ, Алматы қаласы мен Маңғыстау өңірі көш бастап тұр. Әсіресе Маңғыстау өңіріне көшіп барушылардың артқаны қуантады. Маңғыстаудағы өндіріс ошақтары мұнай өндірісіне және кәсіпкерлік ашуға ыңғайлы өңір санатында.

Ал оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру саясаты аса нәтиже бермеді деуге болады. Өйткені, ол жұмыстың нақты механизмі қарастырылмаған, әлі де жетілдіруді қажет етеді. Қарастырылған әлеуметтік көмектер көлемі мардымсыз және олардың өзі уақытша ғана. Сондықтан көшіп барған азаматтардың отбасына, олардың балаларына тиісті жағдайлар жасалынуы керек. Әлеуметтік нысандар, мәдениет ошақтары, мектеп, балабақша сияқты қажетті мекемелердің жұмысын жандандыруға тиіспіз.

Президенттің Ұлытауда өткен Құрылтайда айтқан мәлімдемесі өз нәтижесін береді деген үлкен сенім бар. Әрбір ата-ана баланы жоспарлағанда оның болашағына алаңдайды. Ал президенттің аузынан шыққан жақсы жаңалық, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордағы инвестициялық кірістің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі әрбір қазақстандық азаматтың есепшотына аударылуы адамдарға көп cенімділік береді. Бала 18 жасқа толғаннан кейін ол ақшаны  жоғары оқу орнында ақылы оқуға немесе баспана алуға жұмсауға құқылы. Мамандар бұл Қазақстанның демографиялық ахуалына, жалпы елдегі демографиялық дүмпуге жол ашады деген сенімде.

Мемлекетте халық санының көп болғаны көптеген реформаларды жүзеге асыруға  жол ашады. Елдің дамуына, экономика, сауда-саттық, медицина, білім-ғылым, құрылыс, барлығы қарыштап дамиды, қарқын алады.

Бізде қазір халықтың тығыздығы бір шаршы метрге 7 адамнан ғана келеді. Жеріміз өте үлкен. Біз өсуіміз керек. Ол үшін жастар көп болуы керек. Әрине, экономикамызға, дамуымызға кері салдары болуы мүмкін. Онсыз тағы болмайды. Экономикалық қиындықтарды еңсеріп, қалай болғанда да халықтың санын көбейтуге ықпал еткеніміз жөн. Өсу арқылы ерте ме, кеш пе көп халық болып өмір сүруге, тұрғындардың тығыз өмір сүруіне бейімделеміз. Ол үшін Қазақстанның жер көлемі жағынан мүмкіндігіміз баршылық.

Қорыта айтқанда, халық санының қарқынмен өсуіне туу көрсеткіші мен көші-қонның қосар үлесі орасан. Көшіп келушілердің дені репродуктивті жасты құрап отырғанын да айта кеткен жөн. Бұл, әрине, өңірлердегі табиғи өсімге, халқымыздың жасаруында оң нәтижесін береді.

Жанна Ақбергенқызы
Тегтер: Без Тега