Саясат

Демократия сахнасындағы саяси спектакль кімге тиімді?

Қоңыр күз келіп, салқын тарта бастағанымен, саясат сахнасындағы тартыс қайта қызайын деп тұр.

Jasalash.kz

Енді аз күнде «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысатын үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын бастайды.

     Саяси тартыстың мұншама қызарын «Nur Otan» басшыларының өзі де күтпесе керек. Өйткені үміткерлер өте көп. Бәрі де депутат болғысы келеді. Депутат болуға жастар да ынтық.

      17-28 тамыз аралығында үміткерлікке 10 990 адам тіркелді. Олардың 36,9 пайызы – әйелдер, 29,6 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан 3090 азамат ұсынылса, ал өзін-өзі ұсынғандар – 7900 адам. Праймеризге қатысушылардың орташа жасы – 43.

      Бұл бұрын-соңды «Nur Otan» партиясының тарихында болмаған жағдай. Бірақ жас та, жасамыс та жарқылдап көзге түскісі келіп, саяси додаға ұмтылған бұл күрес қаншалықты әділетті болады? Мәселе сонда. Еліміздегі жетекші партия  сұрауы зор жауапкершілікті мойнына алғанымен, ертең нәтижесі қалай аяқталады? Қысқасы, адамдар өмірді, бүгінгі саяси жүйені өзгерткісі келеді. Ал праймериз арқылы сұрыпталатын таңдау қаншалықты әділ өтеді? Сұрақ көп. Праймеризге зор ынтамен қатысып отырған бүгінгі үміткер ертең жеңімпаздар қатарында болмаса, салы суға кетіп, «Nur Otan» партиясына көңілі қалатындардың қатарын толтыруы әбден мүмкін ғой.  Өйткені бәрі де жеңімпаз болғысы келеді. Мысалы, бір орынға үміткерлердің ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында – 18. Алматы мен Шымкентте – 9, Жамбыл және Түркістан облыстарында 6 үміткерден келіп отыр. Бір ғана Түркістан облысы Төлеби ауданында  69 үміткер праймеризге қатысуға өтініш беріп, тіркелген. Аталған Түркістан облысында жастар ерекше белсенділік танытып отырса, Шығыс Қазақстанда әйелдердің депутат болуға ынтасы аса жоғары.

      Енді 7 қыркүйектен бастап праймериздің үгіт-насихат жұмыстары басталады. 14-30 қыркүйек аралығында онлайн режимде жария пікірсайыстар өтеді. Партия басшылары «бұл партияны қайта жандандыру мен жаңғыртудың қорытынды кезеңі болады» деп отыр. Бірақ көкейде  ақиқат бір сұрақ бар: праймеризге қатысып отырған жас пен жасамыстың барлығы да жетекші партияның мүшесі емес. Ал кез келген мәселеге айрықша көзқарасы бар, шындықты тіліп айтатын, өз-өзін ұсынған  азамат ертең жеңімпаз болып танылса, амалдың жоғынан праймеризді ұйымдастырып отырған билеуші партияның мүшесі болуға мойын ұсынса қайтпек керек?! Сондықтан Дос Көшім айтпақшы, «бұл  – демократияның декорациясы ғана». Мысалы, театрдағы сахнаның декорациясы, дизайны  әдемі көз тартарлық болса, көрермен назарын аударады. Көрермен одан ғибрат  алады. Ал саяси сахнадағы тартыстың жөні мүлде бөлек. Саясат сахнасындағы декорация  науқаншылдық сипатқа ұласып, оның нәтижесіне қатысқан үміткерлердің көңілі толмаса, бұл қоғамның  наразылығын тудырады. Ал халық – биліктің қайнар көзі.  Сондықтан халық саяси өзгерістердің болуын қалайды.

      Праймеризге қатысуға өтініш беріп, тіркелген 10 990 адамның  29,6 пайызы 35  жасқа дейінгі жастар екенін жоғарыда айттық. Әрине, алдағы мәслихат және мәжіліс сайлауында депутаттық мандаттың 30 пайызы осы топтың өкілдеріне беріледі. Дұрыс-ақ делік. Бірақ біз саясаттың иісі мұрнына бармайтын  жастарды осы науқан арқылы мансапқұмарлыққа дайындап жатқан жоқпыз ба? Әлеуметтік желіде бесіктен белі шықпай жатып «қоғамды өзгертемін» деп, аспандағы Айды  әпергісі келіп, халқына уәдені үйіп-төгіп жатқан жастарды байқап қалдық. Дұрыс-ақ, олардың ниеті, игі қадамы құптауға тұрарлық. Бірақ бір нәрсені ұғынған абзал. Бүгін өрекпіп ұрандатқан жастар бәрібір ертең партиялық талап пен ережеге, партиялық принциптерге бағынады. Одан ұзап кете алмайды. Осы уақытқа дейін образды түрде айтқанда, ойы бұзық, тентек, саяси өзгерістерді талап еткен «Nur Otan» партиясындағы бір депутатты көрдіңіз бе? Жоқ. Праймеризге қатысып жатқан бүгінгі жаны таза жастар ертең тағы мансапқорлар мен бюрократтардың қатарын толықтырып жүрмей ме?  Бізді де алаңдататыны осы.

      Бірақ көпшіліктің көңілінде күмән болып отырған бір мәселе бар. Праймеризге  қатысқандардың ішінен депутаттық мандатты алуға (дауыс берілгеннің өзінде) партия басшылары таңдағандар ғана барады  Қалғандары партияның кадрлық резервіне енеді. Енді дерекке жүгінейік, праймеризге қатысуға өтініш беріп, тіркелген 10 990 адамның 7900-і – өзін-өзі ұсынғандар. Ал сол өзін-өзі ұсынғандардың басым бөлігі, мүмкін, жетекші партияның жергілікті жердегі бұрыннан әкімдік таңдап қойған белсенділері болуы да мүмкін ғой. Ал мұны нақтылап, ашық түрде жұртшылыққа жария етіп жатқан ешкім жоқ. Демек, демократия сахнасындағы аталған науқандық саяси қойылым кімге тиімді? Билеуші партияның өзіне ғана.

     Иә, праймериз талантты жастардың белгілі бір бөлігін мәслихатқа немесе парламентке алып келеді. Бірақ адамның жеке санасында және қоғамда саяси өзгеріс болмаса, мұның барлығы бекер. Егер еш нәрсе өзгермесе, парламентте ұйықтап кететін  шалдардың қасында алдағы уақытта бас шұлғып отыратын «балдарды» көретін боламыз.

     Әрине, теориялық тұрғыдан қарағанда праймериз дұрыс тәсіл. Праймериз кезінде талантты, озық ойлы жастар еркін, азат ойын айта алар. Бірақ практикалық жағынан алсақ, олар бәрібір ертең билеуші партияға қызмет етеді.

      Дұрысы, біздің қоғамға мәжіліс және мәслихат депутаттарын мажоритарлық  принцип бойынша сайлайтын сайлау жүйесі керек. Сонда ғана азат, еркін ойлы депутаттар көбейеді. Елде, қоғамда прогресс орын алады. Ал олай болмаған жағдайда науқандық саяси спектакль одан ары жалғаса береді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Без Тега