Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегінің Қазақстанға да жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегіне қатысты эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Вирустың елге сырттан әкелінуі мүмкін екенін жоққа шығарылмайды, алайда оның таралу қаупі төмен деп бағаланады.
Министрліктің мәліметінше, инфекцияның ел аумағына енуіне және таралуына жол бермеу үшін санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2024 жылғы 26 тамыздағы № 8 қаулысына сәйкес ұйымдастырылған.
Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілген. Сондай-ақ ауру тіркелген елдердегі эпидемиологиялық ахуал мен сол мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жүргізілуде. Барлық өткізу пункттері дене қызуын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған.
Бұдан бөлек, медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны дер кезінде анықтауға дайындығы қамтамасыз етіліп, ауруға күдік туған жағдайда әрекет ету тәртібі бекітілген.
Министрліктің хабарлауынша, көліктің барлық түрінде жүргізілген санитариялық-карантиндік бақылау кезінде аса қауіпті инфекциямен ауырған немесе ауруға күдік тудырған адамдар анықталмаған. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты ерекше назар аударылатын елдердің тізімі тұрақты түрде жаңартылып отырады.
Маймыл шешегі қалай жұғады?
Маймыл шешегі – MPXV вирусы қоздыратын инфекциялық ауру. Ол негізінен жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде, соның ішінде терідегі бөртпелермен және биологиялық сұйықтықтармен жанасу арқылы таралады. Сонымен қатар вирус ластанған киім, төсек-орын жабдықтары мен басқа да заттар арқылы, сондай-ақ жұқтырған жануарлармен байланыста болғанда берілуі мүмкін.
Аурудың негізгі белгілері – дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттердің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және теріде бөртпелердің пайда болуы.
Денсаулық сақтау министрлігі қандай сақтық шараларын ұсынады?
Терісінде себебі белгісіз бөртпелері немесе инфекция белгілері бар адамдармен тығыз физикалық байланыстан аулақ болу;
жеке бас гигиенасын сақтау;
инфекцияға күдік тудыратын адамдардың киімін, жеке заттарын және төсек-орын жабдықтарын ортақ пайдаланбау;
ауру белгілері байқалса, әсіресе инфекция тіркелген елдерге барғаннан кейін, медициналық көмекке жүгіну;
дәрігерге барған елдері мен ықтимал байланыстары туралы хабарлау.
Министрлік эпидемиологиялық жағдайды бақылауды жалғастырып, халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған шараларды қабылдап жатыр.