Депутат Мұқаев өзіне қатысты дауға пікір білдірді
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жұбайын туған күнімен құттықтап, оған Парламенттің ресми хатына ұқсас грамотаны табыстаған видеодан кейін сынның астында қалды. Бүгін мәжілісмен бұл әрекетін этикаға қайшы деп санай ма деген сұраққа жауап берді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде депутаттың жұбайына Парламент құжатына ұқсас құттықтау табыстап жатқан видеосы тараған болатын. Кейбір қолданушылар Мұқаевты Парламент атрибутикасын жеке мақсатта пайдаланды деп сынады.
«1 шілдеден бастап Парламент тарайды ғой, сондықтан ресми түрде құттықтап қояйын дедім», – дейді.
Бүгін Мәжіліс кулуарында журналистер депутаттан бұл әрекетін этика бұзушылық деп санай ма деп сұрады.
«Соңғы екі-үш күнде “Дәулеттің көк папкасы” талқыланып кетті. Ең алдымен, бұл ешқандай ресми құттықтау болған жоқ. Әлеуметтік желіден “Парламент атынан” деген сипаттамаларды өзім де көрдім. Бірақ бұл менің жеке құттықтауым еді», – деді ол.
Мұқаевтың айтуынша, видеодағы көк папка өзінің жұмыс құжаттарына арналған жеке папкасы болған.
«Бұл қабырғаларда әріптестеріміздің бәрінде ақ және көк папкалар бар. Көк папка менің жеке құжаттарыма арналған болатын. Дизайнын өзім жасадым, мәтінін өзім жаздым, басып шығаруға 5 мың теңге төледім. Жұбайымды жай ғана құттықтадым, болды», – деді депутат.
Оның пікірінше, Парламент регламенті бұзылмаған.
«Регламент бойынша Парламенттің ресми бланкін рұқсатсыз пайдалануға тыйым салынған. Ал бұл жерде тек папка туралы сөз болып отыр. Оның үстіне құттықтау жұмыс уақытында емес, достар арасында өткен жеке шарада айтылды. Бұл пленарлық отырыс та, мемлекеттік мекеме де емес. Құжатта әріптестерімнің қолы немесе ресми құттықтауы болған жоқ», – деді Мұқаев.
Еске салайық, бұған дейін мәжілісмен Ардақ Назаров пленарлық отырыс кезінде анасын туған күнімен құттықтап, бұл да қоғамда қызу талқыға түскен болатын.