Депутаттар бір реттік президенттік мерзімге дауыс берді
Президентті бір мерзімге сайлау – демократияға қарай жасалған батыл қадам
Парламент депутаттары Қазақстанда бірыңғай президенттік мерзім туралы норманы енгізуге дауыс берді, — деп хабарлайды Жас Алаш.
Депутаттар бірінші оқылымда мақұлдаған «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қайта сайлану құқығынсыз жеті жылдық президенттік мерзім туралы норма енгізілді.
Бұған дейін «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы президентті жеті жылдық мерзімге сайлау бастамасын қолдап, елорданың бұрынғы атауын қайтаруды ұсынған болатын.
Президентті бір мерзімге сайлау жүйесін енгізуді жаңа демократиялық модельге көшуге бағытталған саяси реформалардың бөлігі ретінде қарастырған жөн. Бұған дейін референдумда қабылданған нормалардың мақсаты саяси жүйенің тиімді және теңгерімді тәсілін қалыптастыру болатын. Сол арқылы Президенттің билігіне шектеу қойылып, Парламенттің өкілеттілігі кеңейді, Конституциялық сот институты қайта жасақталатын болды, партияларды тіркеу тәртібі жеңілдетілді, бір мандатты округтер енгізілді, сот және сайлау жүйесін реформалау басталды. Президентті бір мерзімге сайлау жүйесін енгізу арқылы жаңа саяси модель нақты орнығады. Ал бұл модельді іске асыру үшін саяси жүйені қайта жаңарту керек, яғни Президент, Парламент, мәслихат сайлауларын өткізу қажет.