Қоғам

Депутаттар көпқабатты үйлерді басқару жүйесін өзгертуді ұсынды

Депутаттар көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруді ұсынды. Бұл мәселе бойынша депутат Екатерина Смышляева Құрылтай отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министріне депутаттық сауал жолдады.

Фото: gov.kz

Оның айтуынша, партия мүшелері жаз айларында «Біздің қала» жобасы аясында МИБ, ПИК төрағаларымен және көпқабатты үй тұрғындарымен ондаған кездесу өткізген. Нәтижесінде тұрғын үй саласына қатысты 200-ге жуық ұсыныс жинақталған. Олардың бір бөлігі заңнамалық өзгерістер енгізуді талап етеді.

Депутат көтерген негізгі мәселелердің бірі – МИБ төрағаларының жауапкершілігі мен өкілеттігі. Үйдің күтімі, өрт қауіпсіздігі және инженерлік жүйелердің жағдайы басқарма төрағаларына жүктелгенімен, көптеген шешім тұрғындардың дауыс беруіне және олардың әрекетіне тәуелді. Соған қарамастан бақылаушы органдардың талаптары көбіне МИБ төрағаларына қойылады. Үй басқармасының басшысы ауысқан кезде де бірқатар қиындық туындайды. Атап айтқанда, жаңа төрағаға мемлекеттік, банктік және басқа да цифрлық жүйелердегі мәліметтерді өзгерту қиынға соғады. 

Бұдан бөлек, құжаттарын белгіленген мерзімде тапсырғанымен, тіркеуден бас тартылған ПИК-терді қайта тіркеу мәселесі әлі шешімін таппаған.Депутаттар тұрғын үй иелері туралы ақпаратқа МИБ пен басқа да басқару органдарының қолжетімділігі жеткіліксіз екенін де атап өтті. Бұл төтенше жағдай кезінде қажетті шараларды жедел қабылдауға және берешекті өндіріп алуға кедергі келтіреді.

Осы мәселелерді шешу үшін депутаттар үйлерді басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесін енгізуді ұсынды. Оның құрамында меншік иелерінің электронды тізілімі және тұрғындардың онлайн дауыс беруіне мүмкіндік беретін сервис болуы керек. Сонымен қатар көпқабатты үйлердің банктік шоттарын ашу, уәкілетті тұлғаны ауыстыру және төрағаның өкілеттігін растау тәртібін біріздендіру ұсынылды.

Күрделі жөндеу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Депутаттар үйлердің қасбеттерін, шатырларын, лифтілері мен инженерлік жүйелерін жаңартуға арналған ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктерін кеңейтуді қажет деп санайды. Смышляеваның айтуынша, мұндай механизмдер қазір жекелеген өңірлерде ғана жұмыс істейді. Бұған қоса, тұрғын үй қорының техникалық жағдайын бағалайтын бірыңғай жүйе жоқ.

Осыған байланысты депутаттар Үкіметке қолданыстағы ережелер мен әкімшілік рәсімдерді қайта қарауды, МИБ төрағасы ауысқанда цифрлық жүйелердегі деректерді автоматты түрде жаңартуды және 2026 жылғы 12 шілдеге дейін өтініш берген ПИК-терді қайта тіркеуді аяқтауды ұсынды.

Сондай-ақ тегін цифрлық тұрғын үй басқару сервисін іске қосу, банктердің үй шоттарымен жұмыс істеуіне ортақ стандарт енгізу, тұрғын үйлердегі коммерциялық нысандарға қойылатын талаптарды күшейту және күрделі жөндеуге тұрғындарға қолайлы шарттармен несие беруді кеңейту ұсынылды.

Бұдан бөлек, өңірлік әкімдіктердегі тұрғын үй қатынастары бөлімдерінің штат санын арттыру және тұрғын үй қорының техникалық аудитін өткізуге қаржы бөлу мәселесін қарау ұсынылды. Аудит нәтижелері кейін министрліктің цифрлық жүйесіне енгізілуі тиіс.

Сайт Әкімшілігі