Дінге де бірлік керек
Қазақ халқы өз тарихында діни ағымдарға бөлінбеген және өзге дін өкілдеріне қатысты толеранттылықты ұстанған.
Дегенмен де еліміздегі көптеген ұлттар мен ұлыстардың және діндердің осынау ынтымағына қызыға да, қызғана да қарайтын көздер баршылық. Сондықтан бүгінде әлемдегі түрлі дін өкілдерінің ынтымақтастығы, бірлігі өте маңызды.Еліміздің дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дін істері жөніндегі комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаев британ қоғамдық өміріндегі сенім және дін жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, Вульф институтының директоры Эдвард Кесслермен жолығып, дінаралық диалог және келісім бағытында бірлесіп жұмыс істеу, діни радикализм профилактикасы сұрақтары бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.Жақында ғана қабылданған діни қызмет мәселелері бойынша заң жобасының негізгі нормалары мен жалпы дін саласындағы жағдайды баяндап берген Еркін Оңғарбаев осынау сапар аясында дін және мәдени орталықтардың ынтымақтастығы жөнінде еліміздің дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Вульф институты арасында меморандумға қол қою жоспарланғанын айтады. Бұл меморандум жүйелі түрде ақпарат, зерттеу және тәжірибе алмасуды жетілдіреді, сондай-ақ діни қызметтің маңызды мәселелері бойынша ақыл-кеңестер беріп, бірлесіп іс-шаралар өткізуге жағдай жасайды.Комитет төрағасы Вульф институты қолға алған Қазақстан мен Ұлыбританиядағы ислам дәстүрі мен мұсылман мәдениетін салыстырмалы түрде зерттеуге арналған іс-шараларды қолдайтынын жеткізді. Эдвард Кесслер өз кезегінде еліміздің этника және конфессияаралық келісім аясындағы тәжірибесін зерттеуге аса қызығушылық танытты. Содан болар, ол комитет төрағасын Кембридждегі Вульф институтына арнайы ат басын бұрып, мұсылман, христиан және иудей араларындағы қарым-қатынасты зерделейтін қызметтерімен танысуға шақырды.Иә, шынында, дін саласы кез келген мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының, қоғамдық-саяси ахуалының басты өлшеуіш құралдарының біріне айналып барады. Діни тұрақтылық бүгінгі күні әрбір қазақстандықтың бақуатты өмір сүруінің бірден-бір алғышартына айналды десек артық болмас. Яғни мұндай іс-шаралар діни тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді нығайтуға мүмкіндік беретіні анық.