Діни сенім – адамның ішкі дүниесіне қатысты мәселе
Дін – адамзат өркениетінің өзегіне айналған құндылықтардың бірі. Бірақ оның қоғамдағы орны мен рөлі әр кезеңде әрқалай түсіндіріліп келеді. Бүгінгі Қазақстан үшін бұл мәселе өте өзекті. Себебі, бір жағынан, зайырлы мемлекет қағидаты, екінші жағынан, діни таным мен рухани мұраның ықпалы қатар өріліп жатыр.
Жаһандану жағдайында ақпарат кеңістігінің шекарасы жойылып, түрлі идеологиялық ағымдар еркін таралуда. Бұл үдеріс Қазақстан сияқты зайырлы мемлекет үшін жаңа сын-қатерлерді алға тартып отыр. Өйткені ел бір тұрғыдан – құқықтық, демократиялық қағидаттарға сүйенсе, екіншіден, тарихи қалыптасқан рухани-мәдени болмысын сақтауға мүдделі.
Көп жағдайда зайырлылық ұстанымы қате түсіндіріледі. Кейбіреулер оны дінге қарсы бағытталған жүйе ретінде қабылдап жатады. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Зайырлы мемлекет дінді жоққа шығармайды, керісінше, әр азаматтың діни нанымы мен сенім еркіндігін қамтамасыз етеді. Яғни мемлекеттік басқару құқықтық нормаларға негізделсе, діни өмір – сенім мен руханият кеңістігінде дамиды.
Осы ретте дінтанушы-ғалым Досай Кенжетай діни ахуалды бірнеше қырынан қарастыру қажеттігін айтады. Оның пікірінше, бұл мәселені дін саясаты, діни саясат және саяси дін тұрғысынан саралау маңызды.
«Діни экстремизм мен терроризм – діннің өзегі емес, керісінше, оның саяси құралға айналған көрінісі», – дейді сарапшы.
Ғалымның айтуынша, бүгінгі қауіптің бір ұшы – сырттан келетін идеологиялық ықпалдарда. Кейбір ағымдар ұлттық мәдениет пен дәстүрді жоққа шығарып, қоғамды іштен ірітуге әрекет етеді. Мұндай жағдайда әсіресе жастар осал топқа айналады. Себебі олардың дүниетанымы әлі толық қалыптасып үлгермеген.
Тағы бір өзекті мәселе – діни кеңістіктегі жіктелу. Қоғамда әртүрлі бағыттағы топтар пайда болып, өзара пікір қайшылығына түсуде. Бұл құбылыс табиғи болғанымен, оның шектен шығуы қоғамдық келісімге нұқсан келтіруі мүмкін. «Діни сенім – адамның ішкі дүниесіне қатысты мәселе. Оны күшпен өзгерту мүмкін емес. Сондықтан бұл жерде басты назар – ағартушылық пен білімге аударылуы тиіс», – деп атап өтеді Досай Кенжетай.
Сарапшы дін мәселесіне тек қауіпсіздік тұрғысынан қарау жеткіліксіз екенін де алға тартады. Оның пікірінше, дін – мәдениетпен, тарихпен, ұлттық дүниетаныммен тығыз байланысты феномен. Сондықтан бұл салада кешенді ғылыми зерттеулер жүргізіліп, арнайы институттардың жұмысы күшейтілуі қажет.
Осы бағыттағы нақты қадамның бірі – Қазақстанда бетті толық бүркемелейтін киімге қатысты заңнамалық өзгерістердің қабылдануы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңға сәйкес, қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға мүмкіндік бермейтін киімдерге шектеу енгізілді. Бұл норма, ең алдымен, қауіпсіздік талаптарымен және азаматтарды сәйкестендіру қажеттілігімен түсіндіріледі. Айта кету керек, бұл өзгеріс барлық діни киімдерге қатысты емес. Бет ашық қалатын дәстүрлі киім үлгілеріне шектеу қойылмайды. Яғни заңның мақсаты – діни сенімді шектеу емес, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сарапшылар мұны зайырлы мемлекет қағидаттарының логикалық жалғасы ретінде бағалайды.
Бүгінде діни үгіт-насихаттың негізгі алаңы – интернет. Әлеуметтік желілер арқылы түрлі ағымдар өз идеясын ашық немесе жасырын түрде таратып отыр. Мұндай жағдайда ақпараттық сауаттылық пен сыни ойлау қабілеті шешуші рөл атқарады. Жастардың санасын қалыптастыруда білім беру жүйесі мен отбасының жауапкершілігі арта түседі.
Сонымен қатар діннің саясилануы да алаңдатпай қоймайды. Кейбір топтар діни ұрандарды пайдаланып, өз мүддесін жүзеге асыруға тырысады. Бұл үрдіс діннің рухани мазмұнын әлсіретіп, оны идеологиялық құралға айналдырады.
Дін – нәзік әрі күрделі құбылыс. Бұған жан-жақта болып жатқан оқиғалар дәлел. Оны біржақты бағалау мүмкін емес. Зайырлы қоғам үшін ең басты міндет – сенім еркіндігін сақтай отырып, қоғамдық тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз ету. Бұл үшін мемлекет, қоғам және әрбір азамат ортақ жауапкершілік танытуы қажет. Сонда ғана рухани тұтастық пен ұлттық бірегейлік сақталып, қоғам үйлесімді дамудың жолына түсе алады.
Жігер Әшім